The Rolling Stones – Ұлыбританиядан шыққан атақты рок топ. Оның атауы ағылшын тілінен аударғанда «домалаған тастар» деген мағына береді. Бұл идиоманың өзі «еркін кезбелер» деген ұғымға сай. 1962 жылы 12 шілдеде құрылған топтың танымалдығын көпшілік The Beatles тобымен салыстырады. Өйткені, топ Британияның басып кіруі аталып кеткен музыка тарихындағы маңызды құбылыстың бір бөлігі болатын. British Invasion құбылысы (Британияның басып кіруі) 60-шы жылдардың екінші жартысында британиялық рок музыканың ұлттық және халықаралық чарттарда үстемдік орнатуымен тығыз байланысты. Алапат толқындай басып енген бұл құбылыстың жаншылуына американдық психоделикалық рок бағытының дүниеге келуі себеп болды. The Rolling Stones тобы 1969 жылғы американдық турне барысында өздерін «әлемдегі ең ұлы рок-н-ролл тобы» ретінде танытып, әлі күнге дейін сол бағытынан таймай келеді.
Альбомның жарық көретінін топтың гитарисі Кит Ричардс айтқан болатын. Ойға алған жобаны жүзеге асыруға бір жылдан астам уақыт кетті. 2 желтоқсанда сатылымға шыққан альбомның өзіндік ерекшелігі бар. «Blue & Lonesome» таспасы — британиялық The Rolling Stones тобының блюз стилінде жазылған және тек кавер-нұсқалардан тұратын алғашқы альбомы. Бұл туралы музыканттар өздерінің Twitter желісіндегі парақшасында хабарлаған болатын.
Таспаға жалпы ұзақтығы 42,5 минутты құрайтын 12 композиция енді. Осы себепті, «Blue & Lonesome» аты аңызға айналған топ тарихындағы «ұзақ» таспа атанды. Бірақ топ мүшелері альбомды лондондық British Grove студиясында бар болғаны 3 күн ішінде жазып шыққан. Аталған студия Dire Straits тобының негізін қалаушы Марк Нопфлерге тиесілі. Таспада «роллингтердің» өз композицияларымен қоса, Литтл Уолтердің «Just Your Fool», Литтл Джонни Тейлордің «Everybody Knows About My Good Thing» және Вилли Диксоннің «I Can't Quit You» сынды хит-әндері де бар. Таспада ешқандай жаңа ән жоқ, барлығы да талай адамның жүрегінен орын алып, талай буын жатқа айтатын туындылар ғана. Кейбір әндерді жазуда Эрик Клэптонның да үлесі болыпты.
The Independent басылымы аталған таспа туралы былай дейді: Өтіп кеткен жастық шақ пен келе жатқан дағдарыс туралы әңгіме айтудың қажеті жоқ.