Осы аптада Ресей мен Белоруссия нарығына әлемге танымал Spotify музыкалық стриминг платформасының келгені белгілі болды. Жақында Қазақстан нарығына да енбек.
Аталмыш музыкалық платформаның ТМД елдеріне кіре алмай жүргеніне біраз уақыт болды. Енді міне әлемге танымал музыкалық платформаны қолдану бақыты қазақстандықтарға да бұйырмақ.
Былайша айтқанда, Spotify Яндекс музыка мен Apple Music музыкалық сервистеріне ұқсайды, бірақ маштабы кеңірек. Кітапханасында 50 млн ән мен 4 млрд плейлист бар.
Сервис жайлы
Аталмыш сервис 2006 жылы швед кәсіпкері Дэниел Эком жасаған. Оның стриминг алаңы iTunes сияқты музыка өндірісінде төңкеріс жасады десек болады. Өйткені сапасыз музыка мен пират өнімдердің тарауына тосқауыл қойып, тыңдаушыларға сапалы ән-күй беріп, лейбл мен музыканттардың заңды табыс табуына мүмкіндік жасады. Сервис әншілермен келісімге келген. Оларға сервиске тіркелген тыңдармандардың жазылымынан дивиденд түсіп отырады.
Spotify-дегі әндерді тегін тыңдауға болады. Мобильді нұсқасында шамалы шектеулер бар (мәселен, плейлист құрастыра алмайсыз, бүкіл альбомды тыңдай алмайсыз, санаулы ән тыңдайсыз). Ақылы нұсқасында аудиожарнама жоқ. Бағасы Ресейде шамамен айына 169 рубль.
Артықшылықтары
Spotify-дегі әндер каталогы Apple Music-пен тең. Бірақ бірнеше артықшылықтары бар.
Біріншісі – плейлист. Басқа стиминг-сервистерден айырмашылығы сонда – плейлисттің жасанды интелектісі, зияткерлік қабілеті бар. Тыңдарманның қай музыканы тыңдағанына, оның жиілігіне қарап, алгоритм жасайды, музыкалық талғамына сай өнімдерді ұсынады. Соған жанр топтамасын да тауып бере алады. «Музыка нон‑стоп» функциясын ашса, плейлистке сай әндер қосылады.
Плейлисттің түрі көп. Олардың арасында отбасылық плейлист те бар.
Екіншісі – қосымшасы. Сервистің веб-нұсқасы да, мобильді нұсқасы да Windows пен Mac OS жүйесіне бейімделген.
Үшіншісі – подкаст. Қазақстан мен Ресейда музыкалық подкаст аса танымал емес. Бірақ байқап көруге болады. Қазір сервис иелері подкаст-студия сатып алудың жолдарын қарастыруда. Әлемге танымал подкаст жасаушы Джо Роганмен келісім жасап қойған.