Қазір Түркияда, Эскишехир қаласында өтіп жатқан Turkvizyon-2013 халықаралық ән сайысында Қазақстан намысын қорғауға кеткен Rin’Go тобы байқаудың жартылай финалында керемет өнер көрсетіп, сайыстың ақтық мәресіне жолдама алды.
24 түркітілдес елдің дарынды өкілдерінің тек жартысы ғана финалға жолдамаға ие болды. Олардың арасында біздің отандастар Rin’Go тобының жігіттері бірінші қатарда аталды. Ән байқауы болып табылатын Turkvizyon сайысында бірінші кезек орындаушылар емес, ән жарысқа түседі. Rin’Go тобы бұл байқауға өздерінің судай жаңа «Бірлікпен алға» әнін ұсынған болатын. Жігіттердің орындауындағы бұл ән қазақ жанкүйерлеріне ғана емес, сонымен қатар сондағы барша көрермендермен жақсы қабылданды.
Turkvizyon сайысының жеңімпазын әділ қазылар анықтайтын болады. Оған түркі тілдес елдердің өкілдері, өз саласында танымал, сыйлы өнер адамдары кірді. Біздің елден қазылар құрамына Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Марат Омаров енді. Оның айтуынша, Rin’Go тобын финалистер арасында бірінші аталуы, олардың ақтық мәреде жеңіске жете алатындығын көрсетеді.
Rin’Go тобынан басқа финалға Түркия, Алтай Республикасы, Белоруссия, Әзірбайжан, Босния мен Герцеговина, Қырғызстан, Косово, Кипр, Татарстан, Өзбекстан мен Украина өкілдері қатысатын болды.
Жергілікті көрермендер түркиялық Manevra тобын ерекше көңілмен қарсы алды, сондай-ақ әзірбайжандық Фарид Хасанов пен Косово елінің орындаушысы Эргин Карахасан да біздің жігіттерге бәсекелес бола алады.
Turkvizyon-2013 – халықаралық дәрежедегі ауқымды ән байқауы. Мамандардың айтуынша, ол түркі тілдес елдердің арасында «Евровидение» сайысына балама бола алады. Байқаудың мақсаты түркі тілдес елдердің өнері мен дарынын бір сахнада қосып, үздігін таңдау. Конкурс аудиториясы 300 млн. адамды құрайды.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: Сайыс ұйымдастырушыларынан алынды