Астана қаласында мәдени жаңалықтардан тыс қалмайтын өнер сүйер қауым үшін елеулі оқиға орын алғалы отыр. Елорданың 20 жылдық мерейтойы шеңберінде 18 желтоқсан күні "Notre Dame de Paris" мюзиклі қойылады. Ең бастысы, туынды қазақ тілінде орындалады.
"Нотр Дам де Пари" мюзиклінің авторы Риккардо Коччанте әлемдік мәдениеттің жауһары саналатын туынды есебінен тарихқа енген тұлға. Талантты композитордың әуезді әндерінің арқасында мюзикл 20 жыл бойы сұранысқа ие болып, өнердің жаңа шыңдарын бағындыруда.
Маэстро мюзикл қойылымы үшінәлемдік хиттарға айналған 50-ге жуық ән шығарды. "Belle" композициясы Францияда XX ғасырдың ең үздік әні атанған. Сонымен қатар, "Danse mon Esmeralda", "Le temps des cathédrales" сынды мюзикл шығармалары да әлемдік туындылардың қатарынан табылды.
Риккардо Коччантенің өнер саласына қосқан үлесін музыкалық сыншылар мен көптеген өнер сүйер қауымы мойындаған. Композиторға Италия Республикасының Еңбек сіңірген өнер қайраткері атағы берілген.
Люк Пламондон – "Нотр Дам де Пари" мюзиклі либреттосының авторы. Люк Пламондонның мюзикл либреттосын ойлап табуы мен Риккардо Коччантаның композиторлық дарынының арқасында әлемге әйгілі "Нотр Дам де Пари" мюзиклі өнерсүйер қауымға жол тартты. Пламондонның ерекше поэтикалық стилі бұқара халыққа түсінікті қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Ал, автордың Виктор Гюго кітабының желісі бойынша либретто жазуына романдағы Квазимодо бейнесі шабыттандырған.
Мартино Мюллер – танымал швейцарлық хореограф, "Нотр Дам де Пари" мюзиклінің сахналық биін қоюшы. Мюзиклдің ерекше хореографиясы арқылы көрермен қауым туындының мазмұны мен мағынасын жетік түсініп, оң баға бере білді. Хореографтың дәл осы еңбегі қойылымды әлемдік деңгейге шығарып, үлкен табыс әкелгені сөзсіз.
Мартино Мюллердің хореографиялық қойылымдары заманауи бигенегізделген. Ол осындай ерекше бағытының арқасында мюзиклдің эксклюзивті стилін көрсете білді. М.Мюллер заманауи биді акробатикамен ұштастырып ерекшелей алды.
Естеріңізге сала кетейік, қазақ театрының тарихындағы осындай ауқымды шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен «Қазақ концерт» мемлекеттік концерттік ұйымының ат салысуымен өтеді.