- Негізгі бет
- Музыка
- Nomad Way 2018....
Nomad Way 2018. Алғашқы қатысушылар белгілі болды
Көшпенді мəдениеттің ІІ Халықаралық музыкалық Nomad Way фестивалі Астана төрінде 22-24 маусым күндері өтеді.
Бұл шараның негізгі мақсаты көшпелі халықтардың мұрасын сақтап қалу мен мәдениетін көпшілікке таныту. Фестивальді The Spirit of Tengri жобасы мен Мəдениет жəне спорт министрлігі бірлесе ұйымдастырып отыр
Nomad Way – 2018 шарасының өтетін жері – Есіл өзенінің жағасындағы Амфитеатр. Сағат 17.00-де басталады. Кіру тегін.
Осы фестиваль шеңберінде Қазақстан жыл сайын түркі жəне өзге де бауырлас халықтардың музыка мəдениетінің өкілдерін қарсы алады.
"Хуун-Хуур-Ту" тобына ғана тән әуендерді бүкіл әлемдегі музыка сүйер қауым біледі. Музыканттар тувалық дәстүрлі әндерді тыңдарманға ерекше әсер ете отырып орындайды. "Хуун-Хуур-Ту" шығармашылығының басты ерекшелігі ‑ тувалық көмеймен ән айту өнері.
Топ болып құрылған 25 жыл ішінде өнер ұжымы Stevie Wonder, Frank Zappa, Mickey Heart and Bob Weir (Greatful Dead), Shankar, Kronos Quartet секілді әйгілі музыканттармен бірлесіп ән жазып, бір сахнада өнер көрсеткен.
Осыдан бірер жыл бұрын "Хуун-Хуур-Ту" АҚШ-та аса танымал диджей Carmen Rizzo-мен бірге жұмыс жасай бастады. 2009 жылы музыканттар «Eternal» атты бірлескен альбом жазып, АҚШ бойынша тур өткізген.
Carmen Rizzo "Грэмми" жүлдесіне екі мәрте номинант болған. "Хуун-Хуур-Ту" тобымен бірге жоба жасауды диджейжің өзі ұсыныпты.
Туваның атақты тобы мен америкалық диджейжің өнер көрсетуі Nomad Way көшпенді мәдениеттің музыкалық фестивалінің шымылдығын жабатын болады.
«Svjata Vatra» ‑ эстон-украиндық “fire-folk” тобы. Ұжым көшбасшысы Руслан Трочинский 1999-2004 жылдар аралығында украиналық «Гайдамаки» фолк-рок тобында өнер көрсеткен. 2005 жылы эстондық музыканттармен бірге Svjata Vatra тобын құрған. Руслан тромбонда ойнаудың ерекше стилін әдемі вокалмен әрлейді, ал ритм үшін scythe қолданады. Украина мен Эстония музыканттары қосылған ұжым халық музыкасын, Балтық мелодияларын ойнайды.
Эстониядағы концерттерінен бөлек, Svjata Vatra Франция, Ресей, Украина, Швеция, Финляндия, Латвия, Германия, Чехия, Румыния, Нидерланд сахналарында өнер көрсеткен. Топтың «Калина» атты әні 2009 жылы Эстониядағы ең үздік фолк / worldmusic әні атағын жеңіп алған.
Nomad Way көшпенді мәдениеттің музыка фестивалінде алғаш рет Ислам Сатыров өнер көрсетеді. Музыкант өз бастауын Алтын Орда дәуірінен алатын, тарихы терең түркітілді көне тайпа ‑ ноғай этносының мәдениетін паш етпек. Исламның шығармашылығына атақты қазақстандық композитор, әрі орындаушы Арсланбек Сұлтанбековпен бірлесе жұмыс жасауы ерекше ықпал етті. Домбыра тартуды үйреніп, ол Сұлтанбековке сүйемелдеу жасаудан бастап, кейін онымен бірге турға аттанған.
Ислам Сатыровтың шығармашылығы ‑ этника мен заманауи музыкалық стильдердің синтезі. Ол өз әндерінде еуропалық мелодиканы дәстүрлі волкалдық стильдер және өңдеумен тамаша үйлестіреді. Музыкант шығармаларының басты тақырыбы ‑ тарихи-патриоттық композициялар мен махаббат лирикасы.
The Spirit of Tengri – этникалық музыка саласындағы аса ірі әрі мәдени брендке айналып үлгерген фестиваль. Ол Ұлы Дала елдері мен өзге де жаһан жұртшылығының мәдениетімен таныстыруды мақсат тұтады. Қазақ жерін мекен ететін этникалық т оптарды бір жерде тоғыстырады. Жоба 2012 жылдан бері Tengri FM ұлттық қазақстандық радиостанция ұйымдастыруымен өткізіліп келеді. Бүгінгі күні шараға әлемнің түкпір-түкпірінде орналасқан 70 ел мен аймақтың музыкалық топтары өнер көрсетіп үлгерді. Осы уақыт аралығында 100 мыңнан астам тыңдарман музыка тойының қызығын тамашалады. The Spirit of Tengri жобасы шеңберінде өткізілетін концертте – көркемдік материалдармен әрленген теңдессіз музыкалық шоу. Сондықтан, тек көңіл көтеру емес, танымдық контентпен де қызықты.
А. Оралқызы