MuzZone Алматы күніне тосын сый тарту етеді

MuzZone Алматы күніне тосын сый тарту етеді

Бірнеше жыл бойы өткізіліп келе жатқан MuzZone телеарнасының байқауына байланысты ұйымдастырылған жиынның өзіндік жаңалықтары бар. Сәрсенбінің сәтті кешінде өтен пресс-конференцияның басты мақсаты – байқаудың дайындықтарын, дауыс беру жүйесін, жүргізу ережелерін, негізгі концерттің, марапаттау рәсімінің өтетін мерзімін хабарлау.

Шағын іс-шараға Таң Медиа Групп компаниясының президенті Аманжан Байтасов, MuzZone телеарнасының директоры Әділжан Садықов, Алматы қаласы мәдениет басқармасының бастығы Қайрат Көлбаев, 2013 жылы өткен ЕМА-ның лауреаты, композитор Еркеш Шәкеев қатысып, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

«Таң» компаниясының президенті Аманжан Байтасов:

- Байқауға байланысты ғаламтор бойынша дауыс беру науқаны мамыр айының бірінші жұлдызында басталды. Жоспар бойынша маусым айының отызында аяқталуы тиіс. Мұны "халықтық дауыс беру" деп атадық. Дауыс беру нәтижесіне қарап, одан кейін болатын әлдеқайда салмақты, маңызды додаларға қатысатын 10 көшбасшыны анықтаймыз. Ал СМС арқылы дауыс беру шілденің бірі мен қыркүйектің аралығында жүргізіледі. Нәтижесінде, 3 үздік өнерпаз таңдап алынады. Осы кезеңнен кейін танымал бизнесмендерден, композиторлардан, продюсерлерден, өнер адамдарынан тұратын топ (20 адам) жеңімпазды анықтайды. Өздеріңіз білетіндей, Қала күніне қарай 20 қыркүйек күні марапаттау рәсімін жасап, үлкен концерт ұйымдастырамыз.

Алматы қаласы мәдениет басқармасының бастығы Қайрат Көлбаев:

- Мен Алматы қаласы әкімшілігі MuzZone телеарнасының байқауын биыл да қолдайтындығын жеткізгім келеді. Былтырғы жылы өткен таңғажайып іс-шара әлі күнге дейін есімізде. Биыл да байқау Алматы қаласының күні аясында өтеді. Бұл кезде өткізілетін іс-шаралар жыл сайын көбейіп келеді. 2012 жылы 26 болса, былтыр 28-ге жеткіздік. Биылғы жоспар туралы шілде айының ортасында өтетін арнайы пресс-конференцияда толығырақ айтатын боламыз.

2013 жылы өткен ЕМА-ның лауреаты, композитор Еркеш Шәкеев:

 - Бірден айтайын, бұл байқаудың мен үшін орны ерекше. Байқау адам өміріне әсер ете білуі керек, ЕМА-да менің өміріме үлкен өзгеріс әкелді. «Менің шығармашылығымның жаңа беттері ашылмақ» деген сөздерді былтырғы концертте айтқаным естеріңізде болар. Дәл сол түні таңға дейін ұйықтамадым, сол сәттен бастап шығармашылығымның жаңа тарихы басталды. Міне, санаулы уақытта Лондон симфониялық оркестрімен жаңа келісімшартқа қол қоймақпыз. Қысқа айтқанда, байқау маған жаңа, дұрыс жол көрсетті. Мен бұл доданы әрдайым қолдайтын боламын.

MuzZone телеарнасының директоры Әділжан Садықов:

- Жыл өткен сайын өз өнерпаздарына дауыс беруші тыңдарман да, байқауға қатысуға ниет білдіретіндер де көбейіп келе жатқандығын айтқым келеді. Номинациялардың арасына жаңа жоба қостық. Осыған байланысты, қызықты бәсекелестік болады деп күтіп отырмыз. Барлық қатысушыларға сәттілік тілегім келеді!

Биылғы жылы MuzZone телеарнасының байқауына KFC, Цесна Банк, Allur Auto, Asu, IСon, Headline компаниялары, Таң телеарнасы, КТК арнасы, Тengri FM радиосы қолдау білдіріп отыр.

Арнайы концерт былтырғы дәстүрдің ізімен үлкен стадионда өтеді. Ал оның телвизиялық нұсқасы тек бір айдан кейін КТК арнасынан көрсетіледі.

Аманжан Байтасов сөз соңында өздерінің түпкі мақсаты мәдениетті дамыту, шығармашылық адамдарына көмектесу, шоу бизнеске жол ашып, жас таланттарға қолдау білдіру екендігін айтты. «Біз жұлдыздарды қажет етеміз. Біздің елімізге неғұрлым көп, өте көп жұлдыз керек. Өз тарапымыздан жаңа жұлдыздардың жануына жағдай жасау тиіспіз» - деген лебізін білдірді Таң Медиа Групп компаниясының президенті.

Автор: Айгерім Сматуллаева

Сурет: massaget.kz

Ж. Өрісбай