- Негізгі бет
- Музыка
- «Men Qazaqpyn» халықаралық...
«Men Qazaqpyn» халықаралық мегажобасының қалалық іріктеу кезеңі өтті
2018 жылдың 22 маусымында сағат 14:00-де Алматы қаласындағы Ы.Дүкенұлы атындағы ұлт-аспаптар мұражайында «Men Qazaqpyn» халықаралық мегажобасының қалалық іріктеу кезеңі өтті. Үміткерлердің өнерін Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, музыка зерттеушісі, күйші Жарқын Шәкәрім, ҚР Мәдениет қайраткері, әнші Нұржан Жанпейіс, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, жыршы, термеші Ғанипа Садықова және «Qazaqstan» Ұлттық арнасының Алматы филиалының продюсері, өнертану ғылымының кандидаты Сағатбек Қалиев бағалады.
Жобаның мақсаты – еліміздің түкпір-түкпіріндегі дәстүрлі әнші-термеші, күйшілердің басын бір арнада тоғыстырып, еліміздің әр аймағында қалыптасқан өнер мектептерінің таңдаулы туындыларын дәріптеу, төл өнеріміз - күй, жыр-термені дамытып, заманға сай жаңашаландырып, өскелең ұрпаққа насихаттау.
Жоба продюсері Қуаныш Сүлейменов «Men qazaqpyn» жобасының биылғы ерекшеліктеріне тоқталды. «Былтыр Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасы аясында осы «Men Qazaqpyn» мега жобасы қолға алынған болатын. 14 елді мекенде, облыс орталықтарында, ҚХР, Ресей, Моңғолия елдерінің қандас бауырларымыз көп шоғырланған өңірлерінде іріктеу жүріп, кейін телевизиялық нұсқасы көрерменге жол тартқан болатын. Сол жоба биыл тағы жалғаспақ. Жобаның былтырғыға қарағанда өзгешелігі, алғашқы маусымда іріктеу 14 елді мекенде ұйымдастырылса, биыл республика бойынша ауыл-аймақ, қала, облыс тұтас қамтылды. Барлығы 196 елді мекенде іріктеу өтті. Сондай-ақ, шет мемлекеттерден Ресейдің Астрахань, Моңғолияның Баян-Өлгей, Қырғызстанның Бішкек қаласында іріктеу жүрмек».
Шараға Алматы қаласындағы зиялы қауым өкілдері, айтыскер ақындар, дәстүрлі өнерді дамытуға үлес қосып жүрген танымал тұлғалар көрермен ретінде қатысып, қолдау көрсетті. Бүгінгі іріктеу кезеңінде Алматы қаласы бойынша барлығы 50-ге жуық өнерпаз бақ сынады.
Олардың ішінен күй аталымында Шонбаев Сырым Еділханұлы, дәстүрлі әнде Рауан Әбилбаев, терме жанрында Әйгерім Әпенова озық шықты.
Жалпы, «Men Qazaqpyn» жобасының аудандық іріктеуі 17 елді мекенде өткізілді. Оған 83 өнерпаз қатысып, дара шыққан 32-і аймақтық іріктеуге жолдама алды. Қатысушылардың ішінен кіл мықтылар өз бақтарын сынап, жүзден жүйрігі телевизиялық байқауға жолдама алатын болады.
Бүгінге дейін 1200-ден астам өнерпаз аудандық іріктеулерде бақ сынады. Оның 407-і дара шығып, облыстық іріктеуге жолдама алды.
Шымкент, Талдықорған, Атырау, Қостанай, Жамбыл, Орал, Қарағанды қалаларындағы облыстық іріктеуден республикалық байқауға 18 жеңімпаз жолдама алды.