Melo'Men: Халықтың көңілінен шығатын ән іздедік

Бүгін «Жұлдыз FM» радиосын біржылдығымен құттықтап келген «Меломен» тобы Massaget.kz сайтына да ат басын бұрды. Сері жігіттермен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

˜– Көптен бері эфирден көрінбей кеттіңіздер. Жаңа әндер жазып жатсыздар ма?

˜– Бұл сұрақты көпшілігі қойып жатыр. Біз осы уақытқа дейін көптеген гастрольдік  сапарға шықтық және халықтың көңілінен шығатын жақсы бір жаңа ән іздеу үстінде жүрдік. Осы жақын аралықта әні мен сөзін жазған Бауыржан Есебаев ағамыздың «Сүйгенім бол» атты  жаңа әнімізді дүниеге әкелдік. Бұл әнге жақсы пікірлер  айтылып жатыр. Бұл бізді қатты қуантуда. Халықтың көңілінен шығып жатыр деген үміттеміз.

˜– Алдағы жоспарларыңыз туралы айта кетсеңіздер?

˜– Алға қойған жоспарларымыз өте көп. Оларды құрып та қойдық. Бірақ оны дәл қазір айту ерте сияқты. Себебі Құдайды күлдіргің келсе, ертеңіңнің не боларын айт дегендей, кейде алға қойып отырған жоспарың іске аспай қалатын кездер де болады. Сондықтан ол жоспарларды орындап алғаннан кейін айтқан жөн деп отырмыз.

˜– Жеке шығармашылық кештеріңізді өткізуді жоспарлап отырсыздар ма?

˜– Әрине, жоспарда бар. Алла қаласа келе жатқан 2016 жылда шығармашылық кешімізді береміз бе деп отырмыз.

– Сіздер ән таңдағанда әуеніне баса мән бересіздер ме, әлде сөзіне ме?

˜– Халқымыздың айтыс деген ұлы өнері бар. Онда бірінші әніне емес, бірінші сөзіне мән береді. Сол секілді біз де әннің сөзіне баса мән береміз. Алайда ол сөзге жақсы әуеннің  де болғаны дұрыс.

˜– Қандай композитор, ақын ағаларымызбен жұмыс жасайсыздар?

˜– Біз көптеген ағамызбен жұмыс жасаймыз. Айтып өтетін болсақ, Ұлықпан Жолдасов, Жарылқасын Дәулет т.б. Мәселен,  Бауыржан Есебаев ағамыздың жақында бір-екі әнін алдық. «Байланысы жоқ жерлермен» әнін және «Менің Елбасым» атты сайлауға қатысты  Елбасымыз жайлы әні.

˜– Сіздердің «Музарт» тобымен бірге орындаған «Келеді кездескім» әнін көпшілік жақсы қабылдады. Тағы осы секілді өзге әншілермен немесе топтармен бірге ән орындайсыздар ма?

˜˜– «Музарттағы» ағаларымызбен болған дуэттен кейін  Мәдина Сәдуақасовамен бірге «Жайлаукөл  кештері» әнін, Әлия Әбікеновамен және Алтынбек Қоразбаев көкемізбен бірігіп әндер жаздық. Бұйыртса алдағы уақытта өзге әншілермен де бірігіп әндер орындау ойымызда бар.

˜– Сіздердің тобыңыз үшін 2015 жылдың басты жаңалығы деп нені айтасыздар?

− Жаңалық көп. Сол  жаңалықтарымыздың  бірі жақында Жігер бауырымыз «72 сағатта үйлену» деген комедиялық жанрдағы  фильмге түсті. Онда басты рөлді сомдады. Бұйыртса жаңа жылдың қарсаңында көресіздер. Фильмге саундтрек ретінде «Қазақ қызы» деген әніміз алынды. Оны да бұйыртса жаңа жылдың қарсаңында көре жатасыздар. Тағы бір жаңалығымыздың бірі – «Ұзату» әні. Бұл әннің авторы Жарылқасын Дәулет ағамыз. Сөзін жазған Қуаныш Қолқай, Асхат Тынышбек деген  ағаларымыз. Жалпы бұл әнді Жарылқасын ағамыздың өзі аяулы қызын ұзатарда жүрегі тебіреніп, қызына деген батасы, тілегі ретінде  жазған болатын.

˜– Осы айтылған «Ұзату» әнімен сіздерді «қыз ұзату» тойларына шақырады ма? Жалпы тойларға шығып тұрасыздар ма?

˜– Иә, көп шақырып жатады. Себебі имани тұрғыда  мағынасы бар және сөзі мен әні  жарасқан ән. Көпшіліктің бұл әнді тойларында қойып,  осы әнмен қыздарын ұзатып жатқандарының өзі  біз үшін үлкен қуаныш.

˜– Алдымызда 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні келе жатыр. Елге жолдар тілектеріңіз?

Шын жүрегімізбен қазақ елін құттықтаймыз! Тәуелсіздік күні – бұл еліміздегі керемет мерекелердің бірі. Аллаға шүкір тәуелсіздік алғалы Елбасымыздың арқасында үлкен жетістіктерге жетіп отырмыз. Тәуелсіздігіміздің ғұмыры мәңгі болсын! Көк туымыз көгімізде желбірей берсін! Жұртымыз тыныш, еліміз аман болсын!

˜– Бізге келіп, жаңалықтарыңызды бөліскендеріңіз үшін үлкен рахмет! Отбасыларыңызға амандық, шығармашылық табыстар тілейміз!

˜˜˜– Сұхбаттарыңызға рақмет!