KN бренді ұлттық киім өндірумен айналыспақ

KN бренді ұлттық киім өндірумен айналыспақ

Қайрат Нұртастың KN бренді ұлттық киімдер өндірумен айналыспақ. Бұл туралы Massaget.kz тілшісі хабарлайды.

Алматы қаласында KN брендінің тігін ательесі ашылған. Бұл ательеде бишілердің ұлттық киімдері, қазақша ою-өрнектер таңбаланған киімдер, мектеп жасындағы оқушылардың киімдері, перделер, қыз ұзату көйлектерін дайындайды. Тігін сәнханасы бұдан басқа да тапсырыстарды қабылдайды. Қайрат Нұртастың продюсері Гүлзира Үсенқызының айтуынша, KN бренді Қазақстанның барлық облыстарынан тапсырыстар қабылдайды және киім сату қызметімен айналысатын кәсіпкерлердің жаңа кәсіп көзін ашуға мүмкіндік береді. 

Тігін сәнханасына қазірдің өзінде ата-аналар бүлдіршіндерге Қайрат Нұртастың киетін пиджактарына ұқсас киімдерге тапсырыс беруде екен. 

Гүлзира Үсенқызы, продюсер:

- Мақатаев пен Қонаев көшелерінің қиылысында тігін ательесін аштық. Өнімнің құны нарықтағы бағадан төмен болады. Себебі KN брендінің маркетингтік концепциясында тағы да бір жоба қарастырылған. Мәселен, біздің брендтен шығатын киімдерді кәсіпкерлер еліміздің өзге қалаларында да сатып, жеке бизнес аша алады. Неліктен қазақтар түріктің, я болмаса Қытайдың киімін әкеліп сатуы керек? Егер өнім өзімізде болса еліміздің экономикасы үшін бұл пайдалы емес пе? Осы орайда қазақстандық кәсіпкерлерді KN бренді ел экономикасына үлес қосуға шақыратынын айтқым келеді.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: voxpopuli.kz

А. Құлтай