25 қазан күні, Минск қаласында Junior Eurovision ән байқауы 14-ші рет өтпек. Байқауға биыл Қазақстан да қатысуға алғаш мүмкіндік алды. Еліміздің атынан кім қатысады? Шарт бойынша байқауда 9-14 жас арасындағы балалар өнер көрсете алады. Қатысушы әр ел өз мықтысын анықтауы тиіс. 1-31 тамыз аралығында 200-ге жуық жас әншінің өтініші қабылданды. Қыркүйек айының басында қазылар алқасы бүкіл үміткер арасынан Ержан Максим, Зере Əмірбекова, Мейіржан Жидебай, Мария Затварницкая, Жанеля Калдыбек, Динар Надирбекова, Асуат Санат, Бинұр Саудабай, Данэлия Төлешова, Сүйкім Қабылбек сынды үздік 10 әншіні анықтады. Финалистер арасында көпшілікке танылып үлгерген жас жұлдыздар да бар. Мысалы елімізде ғана емес, халықаралық байқауларда көптің ықыласына бөленіп жүргенДанэлияТөлешова.Бірақ оның қарсыластары да осал емес. Барлығы түрлі фестиваль-байқаулардың жеңімпадары. Байқаудың басты шарты бойынша олар бұрын-соңды еш жерде шырқалмаған әрі қазақ тілінде ән жаздыртуы тиіс. Сондықтан қазір жас әншілер әндерін асқан дайындықпен пысықтап жатқан көрінеді. Қазақстан атынан Junior Eurovision-2018 байқауына қатысатын ең үздігі 22 қыркүйек күні Hаlyk Arena кешеніндегі гала-концертте анықталады. Басталуы сағат 19:00-де, гала-концертті Хабар арнасы тікелей эфирде көрсетеді. Жеңімпаз қазылар алқасы мен көрермендердің дауысы арқылы анықталады.