- Негізгі бет
- Музыка
- «I`m a...
«I`m a singer Kazakhstan» шоуының алтыншы эпизоды тосынсыйға толы
«I`m a singer Kazakhstan» жобасының бесінші эпизодында ереже өзгеріп қана қойған жоқ, сонымен қатар сахна мен декорация жаңарып, шоу-балет пайда болып, шоудың шығармашылық құрамы жаңа қатысушылармен толықты. Сайысқа қазақстандық өнерсүйер қауымға бұрыннан етене таныс екі өнерпаз келіп қосылды.
Сұлу да нәзік Альбина Оганесян өзінің кәсіби өнер жолын 2006 жылы бастаған. Ол кезде жас әнші «SuperStarKz» байқауының финалисті атанған болатын. Содан соң Альбина біраз уақыт Вояж тобының әншісі болды, ал жақында «Любовь по наследству» фильмінде басты рөлді сомдап, актрисалық өнердің де дәмін татып көруге бел буғанын дәлелдеді. Бойжеткеннің айтуынша, ол «I`m a singer Kazakhstan» жобасына жеңіске жету үшін емес, жақсы ән орындап, жаңа таныс табу үшін келіпті. Сол себепті Альбинаның алғашқы дебюті табысты болды деп айта алмаймыз. Ол көрерменнің дауыс беру нәтижесі бойынша сегіз адамның ішінен бесінші орынға жайғасты. Алайда бұған жас әнші қапаланбай, керісінше, «бәрі де алда» деп есептейді екен.
Жобаға жаңадан қосылған екінші әншінің жолы болды. Қайрат Түнтековтың үлкен сахнаға қайта оралуы көрермендер үшін бомба жарылғандай әсер қалдырды. Қайраттың өзі де сүйікті әншілеріне орындарынан тұрып қошемет көрсеткен жанкүйерлерінің үмітін ақтап, тамаша өнер көрсетіп шықты. Сол себепті залдағы қазылар мен көрермендердің өнерпаздың асқан талантына жоғары баға беріп, оны жарыскерлер кестесінің басынан бір-ақ шығарғанына ешкім таңғала қойған жоқ. Қайрат Түнтеков осылай бүкіл дауыстың 80%-на ие болды. Енді ол осы құрметке лайық екенін дәлелдеп, кестенің басына біржола орнығып қалуға тиіс. Талантты әнші музыкалық олимптегі орнын сақтап қала ала ма? Шоудың қалған қатысушылары мұны қабылдай ма?
Оның үстіне, алдағы эпизодтан көрермен Қытайдан келген әнші То Юн Фудың неліктен қазақ тілінде ән үйренгенін, оны кімге арнағанын біле алады. Алтыншы кезең қатысушылар үшін де, өнерсүйер қауым үшін де, тіпті шоу ұйымдастырушылар үшін де күтпеген тосынсыйларға толы болмақ. Сонымен, жексенбі күні бізді не күтіп тұр? Ол үшін 29 қазан күні 21:00-де 31 арнадан ғаламат шоу «I`m a singer Kazakhstan» жобасын тамашалаңыздар!
Т. Есқали