Ғаламат музыкалық телешоу "I`m a singer Kazakhstan" жобасының продюсерлері төртінші эпизод көрермендерге күтпеген тосын жайт сыйлап қана қоймай, адам сенгісіз сәттерге толы болады деп уәде береді!
Өткен жексенбіде башқұртстандық қатысушы Айтуған Гайзуллин шоудан шыққан болатын. Жас әнші көрермендердің дауысына ие бола алмады. Әншінің Қазақстандағы қыздардың сұлулығына тәнті болып, «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» деп шырқаған әні де оған көмектеспеді. Бойжеткендер басым дауысты Бруно Марстың «Uptown funk» хитін орындаған Қытайдан келген әнші То Юнфуға берді. Дәл осы әнімен қытай әншісі көрермен даусының рейтингінде бірінші орынға шықты.
Жоба қатысушыларының айтуынша, жобадан кім шығып қалса да, барлығы қатты қиналады. Өйткені олар шоуға дайындық барысында бір-біріне бауыр басып қалған, бір-біріне болысып отырады. Шоудың ең жас қатысушысы Асылтас Аяп жобадан біреу кеткен уақытта мүлде қуанбайтынын айтады. Керісінше, дауыс беру нәтижесі хабарланғаннан кейін мұңайып, шығып қалған әншіні қимай, өкініштен өзегі өртенеді екен:
- Мен оларды қарсыластарым деп атай алмаймын. Олардың бірі маған аға, бірі әпке болып кетті. Барлық жағынан қол ұшын беріп, ақылдарын айтып отырады. Араларындағы ең кенжесі болғаным үшін шығар, - дейді Асылтас. – Негізінде, біз бір-бірімізді сынап, жақтырмай қарауымыз керек шығар. Бірақ олай болмай шықты. Бұл жоба бізді бір үйдің балаларына айналдырып жіберді.
Дегенмен, байқау ережесі қатаң. Үш эпизодтан кейін "I`m a singer Kazakhstan" шоуында сегіз қатысушы қалды. Бұдан кейін ереже мүлде өзгереді. Шоудың көрігі қызып келеді. Өйткені төртінші эпизодтан кейін екі бірдей қатысушы шоумен қош айтысады. Олар кімдер болуы мүмкін? То Юнфу ары қарай да орнын сақтап қала ала ма? Аяғының ауырғаны сахнаға шыққанда кедергі жасамай ма? Бұл жолы "Sarmatians" рокерлері қандай ән орындайды? Шоу сарапшылары аман алып қалған қырғызстандық әнші көш басына шыға ала ма? Осы сұрақтардың барлығына жауапты жексенбі, 15 қазан күні 21:00-де, 31 арнадан біле аласыздар!