Forbes журналы әдеттегідей ең бай әнші арулар тізімін жасады. Бұл жолы бірінші орынды Бейонсе иеленді. Ол 2016 жылдың 1 маусымы мен 2017 жылдың 1 маусымы аралығында $105 миллион ақша тапқан. Forbes журналының осы аталымдағы рейтингін бастап тұрған америкалық жұлдыздың биыл шыққан Lemonade альбомы сыншылар тарапынан да, тыңдармандар тарапынан да жоғары бағаланды. Ал, 2016 жылдың 27 сәуірінде The Formation World Tour әлемдік гастрольдік сапарының алғашқы концерті болды. Шара болатыны туралы ақпарат тараған бойда билеттер түгел сатылып кетіп, әнші кейбір қалаларда бірнеше мәрте концерт берген. Рейтингтің екінші орыны әнші Адельге тиесілі. Оның аталған аралықтағы тапқан қаржысы $69 миллионды құрады. Британиялық өнерпаз соңғы Грэмми салтанатында нағыз триумфатор болды. Музыка саласы бойынша әлемдегі ең беделді марапатты 5 мәрте алған әнші фуррор жасады. Ал, Адельдің 25 аталатын альбомы 2016 жылы 1,73 миллион тиражбен сатылып, ең үздік көрсеткішке қол жеткізді. Алғашқы үштікті $44 миллион табысымен Тейлор Свифт аяқтайды. Бұл оның былтырғы табысынан төрт есе кем. Былтыр Forbes рейтингін Тейлор $170 миллион кіріспен бастаған еді. Болжам бойынша, ол келесі жылы қайтадан үлкен табысқа кенеліп, тізімнің басынан орын алады деседі. Бұлардан блек рейтингтің алғашқы ондығынан Селин Дион ($42 миллион), Дженнифер Лопес ($38 миллион), Долли Партон ($37 миллион), Рианна ($36 миллион), Бритни Спирс ($34 миллион), Кэти Перри ($33 м миллион) мен Барбра Стрейзанд ($30 миллион) сынды жұлдыздар да табылды.