Жыл сайын БАҚ өкілдері әншілер мен олардың өміріндегі жаңалықтар туралы жүздеген мақала жариялайды. Әр адам өзінің сүйікті әншісінің жеке өмірін әлеуметтік желілер мен медиа арқылы бақылайды. Дегенмен кейбір фанаттар тобы арнайы фандомның мүшесі болып, түрлі шаралар ұйымдастырып, үлкен қоғамдық қозғалыстарға қатысып, сүйікті әншісінің даңқын одан әрі жаңғырта түседі. Бүгін әлемдегі ең ірі әрі белсенді фандомдар туралы ақпаратпен бөлісетін боламыз.
Echelon
Әрине, әр жанрдың өз жанкүйерлері әрқашан табылады. Дегенмен топтар арасында өзінің фандомымен көзге түскен алғашқы топ 30 Seconds to Mars болды. Бұл фандом тек фанаттардың сүйікті әншілерін талқылайтын орта ғана емес, концерт ұйымдастыруға көмек қолын созатын, радиостанцияларға хабарласып, әннің тікелей эфирден берілуіне ұсыныс тастайтын, жарнамалық роликтерді тарататын белсенді қозғалысқа айналды.
Топтың жұмысынан бөлек, Echelon мүшелері қайырымдылық шараларын ұйымдастырады. Сонымен қатар адамның барлығына ортақ бейбітшілік, төзімділік пен жанашырлық секілді пәлсапаны насихаттайды.
ARMY
K-pop бағытындағы әлемдік жұлдыздар BTS тобының фандомы өздерін ARMY деп атайды. Олардың арнайы сайттары бар. Сайтта топ мүшелерінің жаңалықтары, олар туралы ақпараттар бар. Тіпті фандомның өзге мүшесімен қалай тілдесу керегін көрсететін арнайы этика парағы да бар. ARMY атауы алғаш рет топ өздерінің логотипін оқ өткізбейтін жилет ретінде ұсынғаннан кейін пайда болды.
Жас жігіттерден тұратын топ Bangtan Boys атауымен танымал. Олар Оңтүстік Кореяда өнер жолын бастап, қазір әлемдік деңгейде өнер көрсетеді. Олардың алғашқы бағыты — жасөспірімдерді таптаурын мен қысымнан қорғау болатын. Кейін әлемдік деңгейге көтерілгеннен кейін олар әлемге деген махаббат өзіңе деген махаббаттан басталады деген қағиданы ұстанады.
Одан бөлек, фандом қайырымдылықпен айналысады. Түрлі бейбіт қозғалыстарға өз үлестерін қосып, әлемдегі үлесі аздар тобына жататын (қара нәсілді, ЛГБТ мүшелері, кедей мемлекет тұрғындары, түрлі апаттың зардап шегушілер) адамдарға қолдау танытып, қаржылай көмектеседі.
Dears
Dears — еліміздің белгілі жұлдызы Димаша Құдайбергеннің жанкүйерлері. Бұл фандомның басқаларға қарағанда кеш құрылғанына қарамастан, олардың атқарып жатқан жұмыстары әлдеқайда зор. Қазіргі уақытта фандомда қанша адам бар екенін дөп басып айту мүмкін емес. Бірақ, олардың саны жылдан жылға артып келе жатқанын белсенділігіне қарап аңғаруға болады.
Димаштың өзі BBC News берген сұхбатында өзінің фанаттарын неге "Қымбаттыларым (Dears)" деп атағанын былайша түсіндірген болатын: "Көрерменде әртістерді "жұлдыз" деп атайды. Меніңше, менің тыңдармандарым да мені жұлдыз көреді. Жұлдыздай бағалайтынын да білемін. Олардың маған деген осындай ықыласынан кейін олар да мен үшін жаныма жақын ең қымбатты жандар болып қалады. Олар менің отбасымның бір бөлігі. Бұл өз отбасыңның әр мүшесін қалай қымбат тұтасың, сол секілді мен оларды өзімнің қымбаттыларым (ағылшынша Dears) деп атаймын".