“Astana Piano Passion” байқауы аяқталды

“Astana Piano Passion” байқауы аяқталды

“AstanaPianoPassion” халықаралық жас пианистер байқауы қорытындыланды. Осы орайда бір апта бойы қала тұрғындары мен қонақтарын әсем әуенге бөлеген жас өнерпаздар марапатталды. Бұл туралы Астана қаласы әкімшілігінің баспасөз қызметі хабарлады.

"Байқаудың бас жүлдесі мен 50 000 АҚШ доллары ресейлік Александр Кутузовқа бұйырды. Сонымен қатар, Александр байқаудың көркемдік жетекшісі атынан тігілген кабинеттік акустикалық рояльдің иесі атанды. Кеудесін қуаныш кернегенімен, ол өте ұстамды болды. Тек, сұхбат барысында еңбегінің жемісін көргеніне риза екенін білдірді", - делінген таратылған ақпаратта.

Осы орайда сөз алған байқаудың бас жүлдегері Александр Кутузов: "Өзімнің, ұстаздарымның еңбегінің еш кетпегеніне ризамын. Күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей өткізген уақыт текке кетпеді. Білесіз бе, музыкаға берілгендігім сонша, кейде, сахнадан түскен кезде композиция орындағанымды есіме түсіре алмай қалатын кездер болады. Алдағы уақытта өнерімді шыңдап, шебер музыкант болсам деймін", - деп ағынан жарылды.

Ал байқау қатысушысы Николай Кузнецовтың анасы Ирина Кузнецова: "Байқаудың өтетіндігі туралы ақпаратты интернеттен білдік. Сөйтіп, бақ сынап көргіміз келіп, бірінші болып өтінім тапсырдық. Қуаныштымын, ұлым дипломант атанды", - деді.

Айта кетелік, Австралиядан келген Шуан Эрн Лиді байқауға баптаған әкесі екен. Ұлын болашақта өнер шыңынан көргісі келетін ол байқауға қатысқанның өзі бір жеңіс екенін айтады. Шуан Эрн Ли кіші топта бірінші орын иегері атанып, «Crescendo» фестиваліне жолдама алды.

"Қуанышымызда шек жоқ. Мұндай жетістікке жетеміз деп күтпенген едік. Ұлымды бәйгеге қосып, сырттай қарап тақымымды қысып отырдым. Сенімімді ақтап, жоғары нәтиже көрсетті. Жалпы бұл фестивальге қатысу мүмкіндігінен құр қалмағанымызға ризамыз", - деді байқау қатысушысы Шуан Эрн Лидің әкесі Юн Сен Ли.

Ал кіші топта 2-орынға ие болған Николай Варламов: "Мен үшін қазақ композиторларының шығармаларын орындау қызық болды. Өзім бұл аталымда жеңімпаз атанамын деп ойламаған едім. Байқау оңай болған жоқ. Десе де, бар қиындықты жеңіп шықтым", - десе, 2-орынға ие болған тағы бір балғын Владимир Иванов: "Ұстазым байқауға менімен бірге тағы бір шәкіртін қатыстырған. Бірақ, менің жолым болып кетті. 2-орынды жеңіп алу деген мен үшін үлкен қуаныш. Екі ай бойғы дайындықтың, байқауға кеткен бір апта уақыт тегін болмады", - деді.

"Астана қаласы әкімінің арнайы сыйлығы 500 000 теңгені Николай Кузнецов (Ресей) пен Санжарәлі Көпбаев (Қазақстан) жеңіп алды. Францияда өтетін «Annecy Classic» фестиваліне Варвара Кутузова (Ресей) қатысатын болды. Ал Ресейдегі «Байкалдағы жұлдыздарға» бару жолдамасын Александр Кутузов (Ресей) пен Юкайн Куроки (Жапония) иеленді. Суздаль қаласындағы Жазғы шығармашылық мектебіне шақырту – Санжарәлі Көпбаевқа (Қазақстан) тапсырылды. Николай Варламов (Ресей) қазақ композиторы шығармасын үздік орындаушы атанса, «Crescendo»  фестиваліне бару Александр Малофеев (Ресей) пен Шуан Эрн Лиге (Австралия) бұйырды. Осылайша бір апта бойы отандық және ресейлік мамандардың жұмыла жұмыс істеуі арқасында фестиваль көпшіліктің қуанышына айналды. Ондаған камера, режисерлер мен дыбыс режисерлері, ұйымдастыру тобының қажырлы еңбегінің арқасы деуге негіз бар", - делінген таратылған ақпаратта.

Естеріңізге сала кетелік, Массагет бұған дейін Қазақстанның Астана қаласында 10-16 мамыр аралығында өтетін "Astana Piano Passion" І Халықаралық классикалық музыка фестивалі аясында "Astana Piano Passion" Халықаралық жас пианистер байқауы өтетіндігін айтқан болатын.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: Массагет мұрағатынан

Massaget