- Негізгі бет
- Музыка
- 21 жасар зағип...
21 жасар зағип әнші кеш өткізді
Қарағанды қаласындағы Кеншілер Мәдениет Сарайында тағы бір керемет кештің куәсі болдық. Жарық дүниені көзімен емес, жүрегімен сезетін, тағдыр тәлкегіне мойынсұнбай өнер додаларында топ жарып жүрген қазақтың дарынды қайсар қызы Эльмираның ән кеші болып өтті. Жас әнші Әдемі Қапашқызының сөзіне жазылған "Сенемін" әнімен кештің шымылдығын ашты.
Кеш өз деңгейінен әлдеқайда жоғары өтті, Эльмира синтезатор аспабын ойнағанда халық көзіне жас алды.
Өмірге ол шын ғашық. Иә, оның өмір сүруге деген құштарлығы біздерге қарағанда әлдеқайда күштірек. Ол тума соқыр болса да, артық жаратылған нәзік жанды. Ол көзбен көрмегенді жүрекпен сезіне... Сүйе алады... Өмір оны екі көзінен айырса да, ол өмірді сүйе білді. Өмірді сүю арқылы кез келген сынақты күліп қарсы алуда.
Сәтпаев қаласының тумасы небәрі 21 жастағы Эльмираның бағындырған шыңы аз емес, соның бірі Мәскеу қаласында өткен мүмкіндігі шектеулі жастарға арналған IV халықаралық Диана Гурцкая атындағы "Белая трость" фестивалінің лауреаты атанып келді.
Осы кешті ұйымдастырып отырған Эльмираның анасы Майра бұл күнде екі бала тәрбиелеп отыр. Ол – өмірде де, өнерде де демеу болып жүрген жалғыз жан.
Жастайынан өмірдің ащы-тұщысын тартса да, тағдырдың ызғарына төтеп берген құстың қауырсын қанатындай енді ғана өнерге қадам басқан аяулы қызымыздың алар асулары мен шығар шыңдары әлі алда деп білеміз.
Жолдаған: Әселхан Торбаева
Сурет: Әселхан Торбаева, boosik.blog.ru
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова
Р. Роза