- Негізгі бет
- Музыка
- 2021 жылы өтетін...
2021 жылы өтетін "Грэмми" туралы білу керек деректер
"Оскар" және Met Gala салтанаттарымен қатар, "Грэмми" де — шоу бизнестегі ең маңызды шаралардың бірі. Әсіресе жыл бойы тынбай еңбек еткен музыканттар мен олардың тыңдарманы "Грэммиді" асыға күтеді.
Бірақ кейінгі кезде аты шулы шара сынның астына қалып жүр. Соның ішінде атақты жұлдыздардың өзі ұйымдастырушыларға бірнеше рет кінә артқан еді. "Грэммидің" 62-шарасының жүргізушісі болған Алиша Киз номинанттар арасында этникалық ерекшеліктер жетіспейді деп сынаса, 2020 жылы Tyler, The Creator "Заманауи қала музыкасы" номинациясын таңдауда расизмге жол бергенін бірнеше рет айтқан еді. Дегенмен, қанша сын айтылып жатса да, бұл "Грэммидің" әлемдегі маңызы зор музыкалық шара екенін жоққа шығармайды.
2021 жылы "Грэмми" 31 қаңтарда өтеді.
Пандемияға қарамастан, шара Лос-Анджелестегі "Стейплс-центрде" өтеді. Бұл шара 1971 жылдан бері алғашқы телеарнадағы көрсетілімінен бері осы жерде өтіп келеді. "Шарада көрермен болуы және жұлдыздар қызыл кілеммен жүру-жүрмеуі жақындағанда белгілі болады" — деп хабарлады ұйымдастырушылар.
Шара жүргізушілері де белгісіз.
Кейінгі екі жылда "Грэмми" байқауын әнші әрі 15 жүлденің иегері Алиша Киз жүргізсе, оған дейін тележүргізуші Джеймс Корден тізгінін ұстаған болатын. Әзірге кім жүргізетіні белгісіз, бірақ Мишель Вульф, Крис Рок немесе Дейв Шаппелл болуы мүмкін деген болжам бар.
Өнер көрсететін жұлдыздар есімі де беймәлім.
Ұйымдастырушылар аз ғана уақыт қалса да, шара барысында өнер көрсететін әртістердің есімін әлі жариялай қоймады. Дегенмен поп-жанры бойынша бізді Бейонсе, Дуа Липа, Гарри Стайлс пен Билли Айлиш қуанатады деп сенсек, рэп орындаушыларының арасында — Megan Thee Stallion мен DaBaby есімдерін атамасқа болмайды. Одан бөлек, сахнада BTS, Фиби Бриджерс пен Kaytranada да өнер көрсетуі мүмкін. Олар осы уақытқа дейін Грэмми сахнасында ән шырқамаған еді.
2021 жылы ең көп номинация иегері атанған әнші — Бейонсе.
Өткен жылдың шілде айында жарыққа шыққан "Black Is King" әнжазбасы үшін Бейонсе бірден 9 номинацияға ілікті. Осы уақытқа дейін 24 мүсінше және 79 номинацияға іліккен әнші марапаттар бойынша рекордтар тізімінде сегізінші орында тұр. Егер осы жолы ол тоғыздан сегіз номинация бойынша жеңімпаз атанса, Георг Шолтиді басып озып, рекордты жаңартады.
BTS алғаш рет номинант атанды.
Жеті адамнан құралған BTS — "Грэмми" әділ-қазысын мойындатқан алғашқы K-pop тобы. Олардың хит әні "Dynamite" Джастин Бибердің Intentions, Леди Гага мен Ариане Гранденің "Rain On Me", Джей Балвиннің "Un Dia/One Day" әндерімен қатар бір санатқа кірген еді. Өткен жылы BTS тобының Love Yourself: Tear альбомы "Үздік визуалды сәндеу" санаты бойынша номинант атанған. Бірақ, бұл беделді номинация қатарына жатапайтыны анық.
The Weeknd реніш білдірді.
Әншінің After Hours атты альбомы мен Blinding Lights әні биыл барлық хит-парадта көш бастап, сыншылардың көңілінен шыққан болатын. Дегенмен әншінің еңбегі осы жолы еленбей қалғандай, өйткені оған бірде-бір номинация бұйырмады. The Weeknd де әлеуметтік желідегі парақшасында ренішін жазды. "Грэмми" жемқорлардың ортасы болып барады, — дейді ол. — Бір күні менің, тыңдармандарымның және бар индустрияның алдында ашық болмағаны үшін жауап бересіздер".
Холзи де ренішін жасырмады.
Америкалық поп-жұлдыз Холзи де биыл альбомын жарыққа шығарған еді. Халық арасында оның да еңбегі еленді. Бірақ әнші номинанттарды таңдау әділетсіз болғанын алға тартты. "Кейде бәрі сахна сыртындағы жеке қойылым, дұрыс қол алысу мен "пара" арқылы шешіледі", — деп әнші инстаграм парақшасында жазған болатын.
Қазақстан музыканты да "Грэммиден" үміті бар.
Қазақстандық диджей әрі музыкалық продюсер Иманбек Зейкенов Roses композициясының ремиксі арқылы танылған болатын. Imanbek атымен танымал музыкант жариялаған видеожазба 131 миллион Рет көріліп, U.S. Billboard Hot 100 рейтингіндегі үздік бестікке кірген еді. Композицияның түп нұсқасының авторы SAINt JHN болса, бір сұқбатында "Иманбек менің әніме жаңа өмір сыйлады. Соның арқасында қазір бірнеше елде көш бастап тұрмыз", — деп ришалығын білдірді.
Биыл сіз кімге жанкүйер боласыз?
Т. Есқали