Қазақстандық Әлім Бейсембаев жасөспірімдер арасында өткен Ван Клиберн атындағы халықаралық пианиношылар байқауында жеңіске жетті, - деп хабарлайды Dallasnews.com. 17 жастағы музыкант жүлделі бірінші орынмен бірге 10 мың доллар АҚШ долларын қанжығасына байлады.
Ақтық сында пианиношы Чайковскийдің фортепиано мен оркестрге арналған №1 концертін орындады. Оның орындау мәнері, сахнада өзін-өзі ұстауы қазылар алқасын таңырқатты, - дейді америкалық басылымдар.
Айта кетейік, пианиношының әкесі инженер болып қызмет етеді. Оның отбасында ешкім музыка өнерімен айналыспаған. Әкесі Әлімге бала кезінде ойыншық пианино сыйлап, баланың музыкаға ынтасын оятқан. Пианиноны жанына серік еткен Әлім 2010 жылдан бастап Британияда өмір сүреді және жас музыканттарға арналған Перселла мектебінде білім алады.
Қазақстандық музыкант Нұргүл Тілеуова Tengrinews.kz порталына берген сұхбатында Әлімнің шығармашылығын бала кезінен бастап, қадағалап келе жатқанын айтты. Ол жас музыканттың өнерге деген құлшынысын бірден байқаған. Сонымен қатар Әлім Бейсембаев 10 жасында "Щелкунчик" атты халықаралық телевизиялық байқауда топ жарып, күллі әлемді мойындатқан. Қалың көпшілік дарынды баланың болашағы жарқын болатынына сенім білдіреді.