- Негізгі бет
- Музыка
- 10 жасар қазақ...
10 жасар қазақ қызы Италиядағы өнер фестивалінің финалына шықты
Алматылық Әмина Арыстанбек Италияда өтетін дәстүрлі халықаралық фестивальге жолдама алды. Sanremo Junior-2021 байқауының финалына өткен 10 жасар қыз Армения, Украина, Ресей, Италия, Мальта және Израилден келген қарсыластарымен бақ сынайды, – деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Фестиваль бүгін атақты "ARISTON" концерт залында өтеді. Дәл осы залда атақты Адриано Челентано, Тото Кутуньо, Эрос Рамазотти, Рикардо Фольи, Матиа Базар, Альбано және Рамина Пауер, Анна Герман сияқты италиян эстардасының жұлдыздары өнер жолын бастаған.
Қазақстандық жас өнерпаз әлемдік танымал туындыларды скрипкада шебер орындайды және вокал бойынша түрлі өнер сайыстарында жеңімпаз атанған. Ол сахналық қойылым және хореографиядан да сабақ алады. Maxincubato өнер орталығының тәрбиеленушісі осы күнге дейін 8 халықаралық байқауда жеңімпаз атанған. Ол SanRemo Junior фестиваліне тыңғылықты дайындалды, - дейді оның оқытушысы Лейла Болатбек.
San-Remo Junior байқауы Италиядағы айтулы халықаралық өнер сайысы. Оны БҰҰ UNICEF қаржыландырады. Бұл байқауға жолдама алу үшін әлемнің жүздеген елінен үміткерлер бақ сынайды. Биыл эпидемиологиялық жағдайға байланысты іріктеу турлары онлайн форматында өткен. Қазақстан Республикасындағы іріктеу шараларының қорытындысы бойынша Sanremo Junior (Italy) фестивалының дирекциясы мен MIF (Management International Festivals) сарапшылар комиссиясы Әмина Арыстанбекті таңдап алыпты. Фестиваль 11-14 қазан аралығында өтеді.
Н. Үсенова