Кенеттен пайда болған 3 музыка жанры

Музыка – адамның бәріне ортақ тіл. Ол – ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан мәдени мұра ғана емес, тілдесу құралы. Музыка аймағына қарай бірнеше жанрларға жіктеледі. Хит әндердің авторын бүкіл әлем ерекше құрметтейді. Арнайы сыйлықтар беріліп марапатталады. Ал кей жанр болса, кенеттен қолданысқа еніп, музыка әлеміне айтарлықтай өзгеріс әкелген болатын. Бүгін сол 3 жанр тарихын назарға ұсынамыз.

Даб

Әлемдегі ең танымал музыкалық жанрдың бірі қателіктің салдарынан пайда болды. Барлығы би өнерінен бастау алды. 1950-жылдары Ямайка аралында жылжымалы аппараттар қолданысқа еніп, саунд-жүйе дами бастайды. Cаунд-жүйелерде алдымен америкалық блюз жанрындағы музыкалар ойнатылды. Кейін арал өзінің музыкалық индустриясын қалыптастырды. Бастапқыда блюз, джаз және кубалық сарынды музыкалар аймаққа сәйкес өзгере бастады. Кейін ырғақ пен аспаптар өзгеріп, рокстеди және регги қалыптасты.

Жергілікті талантты жандарды алғашқыда арнайы ацетат пластинкаларға (дабплейт) жазып алды. Оны тек саунд-жүйе операторлары ғана қолданатын. Саунд-жүйе операторларының арасында өзара бәсеке жүре бастады: кім жаңа ырғақ ойлап табады, кімнің музыкасына адам көбірек билейді, кім жаңа күйтабақ табады. 

1968 жылы Спаниш-Таунда өзінің  Supreme Ruler of Sound атты жүйесі бар Рудди Редвуд танысының Treasure Isle атты дыбыс студиясынан дабплейтті өндеу үшін көмек сұрайды. Бірақ  дыбыс режиссер Байрон Смит The Paragons – On The Beach әуенінің вокалын жазуды ұмытып кетеді. Руди болса дыбысты сол күйі қалдыруын сұраған.

Редвуд ерекше әсер қалдырған кештен кейін Смитке әннің аспаптағы нұсқасын күйтабақтың өзге бөлігіне жазып қоюға кеңес береді. 1970 жылы әннің аспаптағы нұсқасы да қолданыла бастайды. Байронмен бірге оның шәкірті әрі әріптесі Осборн Руддок жұмыс істейді. Оның жеке Hometown Hi-Fi атты жеке студиясы болған, музыка әлемінде ол Кинг Табби атымен танымал еді. Табби аспаптық нұсқаға түрлі тәжірибе жасап көреді. Музыкалық жаңа эффектілер пайда болады: реверберация, жаңғырық, фильтрлер. Нәтижесінде әуен мүлде жаңа ән секілді әсер қалдырды.

Августус Пабло, Кит Хадсон, Ли "Скретч" Перри, Герман Чин-Лой, Таббидің өзі 1970-жылдары ең алғаш болып даб-әнжинақтарын жарыққа шығарды. Жанр әлемде алдымен ағылшын пост-панк жанрына әсер етті.  Жаңа даб жанрынсыз музыкадағы электронды бағыттар болмас еді.   

Эмбиент

Әлемдегі ең беделді музыка сыншыларының бірі Саймон Рейнольдс эмбиент музыкалық жанрын "сандық максимализмге қарама қайшы" деген болатын.

Эмбиент — ағылшын тіліндегі ambient ("қоршаған", "атмосфералы") — аспаптық музыка. Музыкалық туынды ретінде ғана емес, оның дыбысталуы арқылы көңіл-күй сыйлайды. Эмбиент жанрын қалыптастырған және терминді қолдана бастаған ағылшын продюсері – Брайан Ино. Оның ойынша эмбиент жанның тыныштығын қалыптастырып, ойлануға мүмкіндік сыйлайды. 

1975 жылдың қаңтар айында Ино көлік апатына ұшырайды. Сүйіктісі Джуди Найлон оған XVIII ғасырдың арфа аспабы арқылы жазылған музыка жинағын сыйға тартады.  Өзін жайсыз сезінген шақта Ино күйтабақты қосып қойып, оның өте баяу әрі жай естілетінін байқаған. Күйтабақта дыбыс мөлшерін өзгерту мүмкіндігі болмағаннан кейін, сол күйінде тыңдауды әдетке айналдырады. 

1978 жылы Ино Music For Airports атты альбомын жарыққа шығарады. Артынша жаңа "эмбиент" терминін енгізеді. Эмбиент көбіне саундтрек ретінде қолданылады. Бүгінде ай сайын жаңа эмбиент-альбомдар жарыққа шығады. Оқуға, жұмыс істеуге және ұйықтауға арналған музыка жинағы ретінде де жиі қолданылады.

Хип-хоп

Әлемдегі ең танымал жанрдың туған күні – 1973 жылдың 11 тамызы. Диджей Кул Херк фанк және соул жанрына жаңа леп сыйлады. Бұндай музыка жанрына халық биден жарыс өткізуді жақсы көретін. Музыка кезінде Херк "Тоқтаймаймыз!", "Қане" деген тіркестер қоса отырып, халыққа шабыт сыйлайтын. Кейін өзінің досы Коук Ля Рокты шақырып, ырғақты әрі ұзағырақ шумақтар құрастыра бастайды. Осылайша диджеинг және эмсиинг термині пайда болады.

Ал "хип-хоп" термині өзге кеште пайда болған. 1978  жылы Билли есімді жас жігітті әскерге аттандыру кеші ұйымдастыралады. Эмси Лавбаг Старски мен Киф Ковбой есімді жігіттер өзара өлең шумақтары арқылы айтыса отырып, "хип-хоп" сөзін пайдаланады. Сол арқылы әскер маршын салады. Бұл бәріне ұнап қалады. 

"Бойойинг", "гоу-офф", "скэт-рэп" — бұл жанрдың осындай тағы бірнеше атауы болған. Алғашқы хип-хоперлердің бірі Африка Бамбаата сұқбаттарында "хип-хопты" белсенді қолданған. Кейін сол сөз халықтың жадында әбден сақталып қалды.