Ізгі ниеттен – жүйелі көмекке: кәсіпкерлер ауылды көркейтуге күш салмақ

Ізгі ниеттен – жүйелі көмекке: кәсіпкерлер ауылды көркейтуге күш салмақ
Фото: vk.com

«Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігі ауыл өмірінің жаңа тынысын ашуды қалайды әрі барша жанды осы идеяға топтасуға шақырады. Демеушіліктің жаңа үлгісі мен қайырымдылықтың соны бағдарламасы жайлы қоғамдық қозғалысты ұйымдастырушылардың бірі Ермек Дүйсенханов ой бөлісті...

«Менің Атамекенім» бастамасы қандай жоба?

– «Менің Атамекенім» жобасын құрастырудың негізінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне арнайы алаң құру жатыр. Жобаны ойға алған кезде сараптама жүргізілді. Қазақстанда қандай компаниялар қайырымдылықпен айналысатынын зерттедік. Бекітілген тізім жоқ, дегенмен қайырымдылықты тұрақты қолға алған компанияларды таптық. Олар шетелдік компаниялардың үлесі бар және квазимемлекеттік сектордың өкілдері бар ірі бизнестегі компаниялар. Көп ретте шетелдік қалыптасқан үрдіспен жұмыс істейтін әлеуметтік жауапкершілік жөніндегі кеңесші мамандар қайырымдылықты жүргізіп отырады. Тізімде шағын және орта бизнес өкілдері болмады. Осы сәт ойландырды.

Кәсіпкер ретінде өтеусіз негізде көмек көрсетемін, дәріс оқимын, балаларға үйретемін, бірақ еш жерде ол тіркелмейді. Міне, шағын және орта кәсіпкерлік осылай жұмыс істейді, олардың қосып отырған үлесі ескерусіз, елеусіз. Сондықтан осы олқылықты түзеу үшін 10 ғана құрылтайшы жаңа қоғамдық бірлестік құрдық, әрқайсының идеясы, алып-қосары бар.

Жұмыс неден басталды?

– Осы бастамадағы менің үлесім – жобаның аумағын кеңейту және үйлестіру. Жұмыс басталып кетті. Қазақстанда әлеуметтік-корпоративті саланың ережесі мен саясатын жасаумен айналысатын қоғамдық ұйымдарды тартып отырмыз. Қазіргі таңда негізгі бағыттар айқындалуда. Әрбір мемлекетте корпоративті жауапкершіліктің өзіндік сипаты қалыптасқан. Жапонияда өзгеше, АҚШ-та басқаша. Оның негізінде меценаттық жатыр. Қазақстанда посткеңестік елдермен ұқсас тәсіл қалыптасқанымен, өзіндік ерекшеліктері бар. Ұлттың қонақжайлылығы, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін қасиеті бизнесте де қолданылады, бірақ құрылымдық жүйе қалыптаспаған. Біз бизнес өкілдеріне әлеуметтік жауапкершіліктің жақсы, оңай әрі қарапайым дүние екенін түсіндіргіміз келеді. Бұл үшін әлеуметтік жауапкершіліктің бір бағыты – меценаттықтан бастадық. Ойлана келе, «Әр ауылға – бір қамқоршы» жобасын құру идеясына тоқталдық.

Ауылдың мәселесі шешу кімнің қолынан келеді?

– «Әр ауылға – бір қамқоршы» жобасына қайырымдылық жасауға ниетті кез келген адам қатыса алады. Неліктен ауылға бағыт алдық? Қазақстанда 6 мыңнан аса ауылдық өңір бар. Ешқандай түйткілді мәселесі жоқ, халықтың әл-ауқаты жақсы, халық тұрғысы келетін мінсіз ауылды қалыптастыруды қалаймыз. Қазіргі таңда сарапшылар тобы жалпы әдістемені дайындау жұмысымен айналысуда. Шын мәнінде, біз Маслоудың пирамидасына ұқсас сызбаны дайындауды қолға алдық. Әрбір ауылда бастапқыда белгілі бір нысандар болуы керек және әрбір деңгей сайын сол нысандардың сапалылығы мен сандық көрсеткіші артып отырады. Мысалы мінсіз ауылда орта білім беретін мектептен бөлек робот техникасының үйірмесі жұмыс істеуі тиіс, сондай-ақ бір дәрежеге жоғары елдімекенде шетелдік мұғалім дәріс оқуы тиіс.

Біз әрбір нысанның өз маңыздылығы бар сызбаны дайындаймыз, ал нақты мәнін ауыл тұрғыны анықтайды. Бұл жұмысқа әлеуметтанушылар, психологтар да атсалысады. Әрбір өңірдің ерекшелігі назарға алынады. Оңтүстіктегі өңірлер мен солтүстіктегі ауылдардың қажеттіліктері әртүрлі, сондықтан әр аймақтың айрықшалығына қарай жұмыс реттеледі. Осы сызбадағы иедяның негізі «Меценат көмегін барынша тиімді етудің жолы қандай?» деген сауалға келіп тіреледі. Мысалы ауылда спортпен айналысу жағы дамытылса, онда кәсіпкердің инвестициясы басқа бір қажетті салаға жұмсалады. Сондықтан әрбір ауылға қажетті дүниелердің топтамасы әзірленбек. Сонды кәсіпкер ауылдың ахуалын көтеру үшін не қажет екенін көрсетуді сұрағанда, ұсыныс та дайын тұрады. Жүйе мәліметтерді салыстырып, бес мың теңгеден басталатын серіктестік топтамасын ұсынады.

Тың бастаманың нәтижесі қандай болмақ?

Жоба құрылтайшылары меценаттықтың барлық қырын қамтуды қалайды. Ал «Әр ауылға – бір қамқоршы» жобасы инфрақұрылымның ірі нысандарын да көздейді. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдармен өзара байланыс орнатудың бизнес-процессі дайындалуда: нысанды балансқа қалай тіркеу, зерттеу жұмыстарын қалай жүргізу керектігі қарастырылуда. Сонымен қатар қандайда бір ауылға бір реттік көмек ұсынғысы келетін қарапайым азаматтарды да назардан тыс қалдырып отырған жоқпыз. Арнайы сайт жұмыс істейді, ауылға салынған қаражат, көмек туралы ақпарат жарияланып, жаңартылып отырады. Әрбір игі іс арқылы ауылдың көркеюі, дамуы күшейіп, рейтинг те арта түседі. Меценатта арнайы бал жиналады. Қайырымды жанның үлесі анық көрсетілетін арнайы тізім де қалыптасады.

Қазақстанда жақсылық жасап отырғанымен жасырын болғанды қалайтын кәсіпкерлер аз емес. Сондықтан сайтта қайырымдылық жасаған жан туралы ақпаратты көрсетпейтін, бірақ ауылдың рейтингін көтеретін функция қарастырылған. Ал әлеуметтік жобамен танысып, туған жерге көмектесу шаралары туралы ақпаратты atamekenim.kz сайтынан алуға болады.

 Қ.Телман 

А. Оралқызы