- Негізгі бет
- Мен кәсіпкермін
- Тырнақтан тамған табыс...
Тырнақтан тамған табыс
Өз уақытын өзі жоспарлау, жеке табыс табу, тәуелсіз болу қалаулары бүгінгі жастардың өмірлік қағидасына айналған. Қызмет көрсету саласында шаш әрлеу, бет бояу, тырнақ күтімі сынды кәсіп түрлері сол қағидамен әрекет етуге әсер етеді.
Тапсырыс түрлеріне қарай клиенттің үйіне барып қызмет көрсету немесе өз үйінен бір бұрыш ашу, я болмаса, бірнеше сұлулық салонымен келісіп, жұмыс кестесін реттеп алу табыс табуда уақытты ыңғайлау мен басқаруға көп мүмкіндік береді.
Сүйрік саусақ, көркем тырнақ – әр әйелдің айнасы
Бүгінде тырнақ күтіміне мән бермейтін қыз-келіншектер кем де кем, тіпті іскерлік саладағы ер азаматтардың өзі маникюр шеберінің қызметіне жүгініп жатады. Маникюр және педикюр шеберлері үйде де, салонда да жұмыс істей алады. Осы ұқсас, дегенмен әр түрлі екі саланың тиімділігі мен табыстылығы соңғы жылдары артпаса, кемімеді.
Табыстылық шеберлікке байланысты. Кәсіби маманның шеберлігіне көз жеткізгендер тұрақты клиентке айналады. Осы ретте ол үйде қабылдай ма, салонда жұмыс істей ме маңызды болмасы анық.
Табысыңның жемісің көр
Бұл кәсіпте салонда жұмыс істейтін шеберлер табыстың 50-60%-ын солонға төлеп отырады. Жұмыс орнын, құрал-саймандарды, жарық пен суды қамтамасыз етіп отырған жұмыс берушінің шығыны. Ал шеберлер көрсетілетін қызметтің түрі мен деңгейін ұлғайту үшін біліктілікті арттыру курстарының шығынын өз мойнына алады.
Ал үйде жұмыс істейтін шеберлер жеке кәсіпкер ретінде барлық шығынды көтереді. Қажетті жабдықтар мен материалдарды алып, жұмыс орнын реттейді. Бірақ дәл осы әрекеті табысты болады деп бірден кепілдік берілмейді. Клиент базасын қалыптастыру, жарнама жасау, бедел жинау, сенімге кіруге уақыт керек.
Ал сенімді де шебер маман атану үшін іздену, әрдайым біліктілікті арттыру, оқу маңызды. Дәл осы кәсіптен пайда түсірем деген жан өзінен де, клиенттен де қаражат үнемдемейді. Біліктілігін шыңдау үшін курстарға барады. Мұның өзі тегін емес. Құрал-саймандар мен бояу, гель, лактардың да сапалысын алады. Сонымен қатар шебердің де қолы мен тырнағы көрген көзге сүйкімді болуы тиіс. Сүйрік саусақ, көркем тырнақ – клиенттің ғана емес, маникюр шеберінің де визит картасы.
Қауіпсіздік – табыстылық кепілі
Үйде жұмыс орнын құрған шеберлер санитарлық нормалар мен өрт қауіпсіздігін сақтау талаптарын тұтастай орындауы керек. Себебі химиялық заттармен жұмыс істеу клиенттің де, өзінің де денсаулығына зиян келтірмей, қандайда бір төтенше жағдайды тудырмауы тиіс.
Мұнымен қоса құрал-саймандарды зарарсыздандыру, денсаулыққа зиян келтірмейтіндей тазалықта ұстау – басты міндет. Шебердің жеке бас гигиенасы мен жұмыс орнының тазалығынан бастау алатын талап сенімділікке бастайтын жол.
Көп реттік пайдалану құралдарын тазарту, зарарсыздандыру жұмысы 3 кезеңнен тұрады. Арнайы ерітіндіде зарарсыздандырып, кептірілгеннен кейін, арнайы жабдықта стерилдеуден өтеді. Құрал-сайманды тазартуға 1,5 сағаттай уақыт кетеді. Сондықтан бірнеше құрал болғаны тиімді. Клиент келгенде таза, жуылған, зарарсыздандырылған құралдары ашу, пайдалану сенімді ұлғайтады. Таза құралдарды көрген клиент қауіпсіз жерде кәсіби маманның алдында отырғанына көңілі тоқ болары анық.
Сұлулық индустриясында маникюр саласына сұраныс жоғары. Бұған себеп бағасының қол жетерліктей болуы. Әрине, қалалық, ауылдық жерлерде өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалына қарай баға да әр түрлі. Бұл ауа райының құбылмалығы, маусымдық өзгеру сынды форс-мажорлық жағдайлар әсер етпейтін қызмет түрі. Сондықтан нарыққа кіруде де аса бір көп қаржыны талап етпейді.
Идеяны жүзеге асыру жолдары
Бүгінде елімізде «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы жүзеге асырылып отыр. «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аталған бағдарлама аясында «Бастау» жобасын қолға алған. Ауыл-аймақтардағы жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды кәсіпкерлік негіздеріне баулып, бизнес-идеяны шынайы жобаға айналдырып, шағын несие алуда сүйемелдеу қызметін көрсетіп келеді.
Ауылдық жерде білім алған азаматтардың басым көпшілігі бизнес-жоспарды мал және өсімдік шаруашылығына арнаса, қыз-келіншектер жағы қызмет көрсету саласын таңдап отыр. Оның ішінде сұлулық индустриясына көңіл бөлгендері де бар. Осылайша аз қаражатпен табысты бизнеске қадам жасау заңдастырылған жеке кәсіпкерлік санын арттыруға сеп болмақ.
Қарлыға Телман
А. Оралқызы