Жаз айларында ыстықтан сақтану үшін түрлі шаралар бар, ол суға түсу, үйден шықпау, салқын сусын ішу. Күннің аптап ыстығында балдай тәтті балмұздақтар да салқындауға көмектеседі. Жаз айларында балмұздақ саудасы қызып тұрады. Бұл тәтті тағам түрі қалалық жерде ашық күйінде сатылады, сапасыз өнімнен қалай сақтану керек? Осындай бизнесті бастау үшін не қажет болады? Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, 2018 жылғы қаңтар-маусымда 2017 жылғы қаңтар-маусыммен салыстырғанда өнеркәсіптік өндірістің индексі 105,2%-ды құрады. Өсу республиканың 14 өңірінде тіркелді. Өндіріс көлемінің төмендеуі Қызылорда, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарында байқалды. Өңдеу өнеркәсібінде өндіріс 5,2%-ға өсті. Тамақ өнімдері (105,2%), қағаз және қағаз өнімдері (112,0%), химиялық өнеркәсіп өнімдері (111,0%), резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісі (105,6%), металлургия өнеркәсібі (103,4%) және машина жасау (117,2%) өнімдерінің өндірісі өсті. Тамақ өнеркәсібіндегі балмұздақ өндірісінде 2017 жылы 24,4 мың өнім шығарылған. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда аз. Өңдеу өнеркәсібінің бір тармағына жататын балмұздақ өндірісіндегі жетістік қандай? Ересектер де, балалар да ұнататын осы тәттіні бизнеске айналдыру үшін не қажет? Осы және өзге мәселелерді тарқатып көрейік... Отандық өнім: өзекті мәселе және жетістік Елімізде сүт өнімдерін шығарушылар шикізат жетіспеушілігін атайды. Отандық балмұздақ компаниясының басшысы Владимир Пактың айтуынша балмұздаққа қосатын қара өрік Балтық елдерінен жеткізіледі. Қазақстанда өсірілгенімен, тиісті деңгейде өңдеуден өтпейді. Ал Өзбекстаннан жеткізу үшін кеден мәселесі туындайды. Латвияның Food Union сүт холдингінің басшысы Дмитрий Докин Қазақстандағы балмұздақ өндірісіне баға бере отырып, жергілікті ерекшеліктерді пайдалануды ұсынады. Айталық Қазақстанда кепкен өрік, нуга секілді тәттілерді қоса отырып, ерекше балмұздақ шығарылмайды. Оның айтуынша Италияда жеті жылдан бері інжір қосылған балмұздақ дайындалады әрі сұранысы да жоғары. Қазақстанға да осындай бағытты таңдау керек. Сонымен қатар Қазақстанда ауыл шаруашылығы сүт өңдеу бағытанан гөрі, ет өніміне көбірек бейімделгені де сүтті қайта өңдеу саласын кенжелетіп отырғанын атап өтті. Дегенмен отандық өндрісте балмұздақтың қалыптасқан түрлерін шығаратын, сондай-ақ жаңа түрін ұсынып отырған компаниялар баршылық. Еліміздің әр өңірінде АзияХолод, Гормолзавод, Балмұздақ, Шин-Лайн, Ice-Master, Агропродукт, Белый мишка, Ленгерское сынды компаниялардың балмұздақтары нарықта танымал. Осы компаниялардың ішінен Шин-Лайнды ерекше атап өтуге болады. Қазақстанда және Қырғызстанда өндірістік орны жұмыс істейтін ірі компания ішкі нарықта ғана емес, экспортқа да бағдарланып, жұмыс істеп келеді. Сыртқы нарыққа шығуына халықаралық азық-түлік көрмелеріне жиі қатысуы сеп болып отыр. Мысалы Ресей және Шығыс Еуропа елдерінің Продэкспо2018 көрмесіне әлемнің 63 мемлекетінен 2300-ден астам қатысушы барған. Сонымен қатар Шанхайда өткен халықаралық көрмеге қатысқан Шин-Лайн 100-ден аса дистрибьютермен келісім жасаған. Балмұздақтың 100-ден аса түрін шығаратын ірі компания бүгінде Ресей мен Қытай нарығына өнім жеткізуді қолға алған. Отандық тамақ өнеркәсібінде тың ізденістер мен жетістіктерді де ерекше атауға болады. 2016 жылы Қазақстанда ғана емес, әлемде де тұңғыш рет бие сүтінен балмұздақ жасалды. Sharman балмұздағы СТ 63096-1910-ТОО-09-2016 стандартымен дайындалады. Құрамында дәрумендер, макро-, микроэлементтер мол, кальций мен фосфордың сіңірілуіне әсер ететін ақуыз компоненті балмұздақтың ерекшелігі саналады. Шағын бизнестің тәтті түрі Балмұздақ өндірісі үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жеңілдетілген декларация негізінде арнайы салық режимін қолдана отырып жеке кәсіпкерлікті тіркеу керек. Себебі кәсіпкер өзі ғана емес, жұмысшы жалдап еңбек етеді. Балмұздақ ҚР Үкіметінің Қаулысымен бекітілген тізімге сәйкес, міндетті түрде сертификаттауға жататын өнім. Сәйкестік сертификатын тиісті аккредиттеуден өткен мемлекеттік орган береді. Олар өнімді және өндіріс процесін тексеру құзыретіне ие. Сонымен қатар балмұздақ тиісті техникалық регламенттің талабына сай дайындалуы қажет. Адам өмірі мен денсаулығына әсер ететін өнімде санитарлық нормалар мен талаптарды сақталуы тиіс. Демалыс орындары, көпшілік жиналатын орындарда арнайы вафельді қалыпқа құйылатын балмұздақ бизнесінде оны дайындайтын әрі сататын 2 жұмысшы болады. Ал кәсіпкер қажетті қоспаларды сатып алу және жеткізумен айналысады. Шымкенттегі жаппай улану сынды келеңсіздік орын алмас үшін сертификатталған, санитарлық нормасы сақталған, жеткізу талаптары орындалған қоспалардан сапалы балмұздақ дайындау керек. Әрине, бұл бизнес үшін бастапқы қаражат қажет. Ол арнайы жұмсақ балмұздақ дайындайтын машина фризер алу үшін қажет. Ресейлік жабдық, атап айтқанда сағатына 25 л өнім шығаратын аппарат 745 мың теңге шамасында. Сонымен қатар қажетті қоспалар мен вафельді қалыпты алу үшін бастапқы айға 120 мың теңге керек. Жалпы инвестиция көлемі 865000 теңгені құрайды. Егер бір күнде 100 балмұздақ 150 теңгеден сатылса, айына 360000 теңге табыс табуға болады. Бұл табыстан қоспа шығыны, жұмысшының еңбекақысы, сауда орнының жалға алу ақысын, басқа да қосымша шығындарды алып тастау керек. Жалпы инвестицияны 10-11 ай ішінде өтеуге болады. Сатылым мен сұраныс жоғары болу үшін адам көп жүретін орындарды сауда орталықтары, саябақ, демалыс аумақтарын таңдаған орынды. Әрине маусымдық бизнес болғандықтан өткізу мерзімі де шектеулі, дегенмен, табыс табуға қолайлы бизнес. Осы кәсіпті бастаймын деген жандар Атамекен кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалдары арқылы Бизнес-Кеңесші кәсіпкерлік негіздеріне арналған курстан өтіп, арнайы сертификат алып, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары мен Кәсіпкерлікті қолдау орталықтары арқылы қажетті көмекті алуына мүмкіндік бар. Әрине бизнес жүргізуде қауіп те жоқ емес. Күтпеген қаржылық қиындық, оның ішінде сұраныстың азаюы, қажетті қоспалардың қымбаттауы орын алуы ықтимал. Инвестициялық тәуекелді анықтау әрі талдау жасау қателікке жол бермеуге, даму стратегиясында бірнеше бағытты айқындауға мүмкіндік береді. Бастысы бизнес-идеяны шынайы жобаға айналдыруға деген сенім мен жігердің болуы маңызды. Қарлыға Телман