Асыл тұқымды мал шаруашылығында мол тәжірибе, еңбек етуге зор ынтасы болған Эльдар Әлиев 2016 жылы жеке кәсіп ашуды қолға алады. Шаруа қожалығын ескіше жүргізу кешегі күн, сондықтан көп ойланбастан Зеленов ауданының фермері өндіріске жаңа технологияларды енгізді. Қазіргі таңда қожалықта екі электронды бақташы бар, енді өрістегі малды GPS арқылы онлайн бақылауға болады. Шаруа қожалығын кеңейтіп, ет бағытын игеру мақсатында Эльдар Әлиев Бастау жобасына қатысты. Шаруа жобасын қорғап, жеңілдікпен несиені Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы алды. Алғаш рет несиелеуді пайдаланып отырмын. Сыбаға бағдарламасымен 30 млн теңге алдым, 19,5 млн теңгеге ірі қара малын сатып алу, 5,5 млн теңге трактор және 5 млн теңге жем-шөп дайындауға жұмсау көзделген. Несие мерзімі 15 жыл. Жеңілдетілген кезең 2 жыл. 12 млн теңгені маған жылдық 4 %-бен және 18 млн теңгені 14%-бен берді, оның ішінде 10%-ды мемлекет субсидиялайды. Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы басқармасы 1 бас асыл тұқымды ірі қараға 225 мың теңге субсидия бөледі. Нәтижесінде 23 250000теңге бөліп, жылдар бойынша пайыздар төлейді, деді шаруа Эльдар Әлиев. Асыл тұқымды мал шаруашылығында 15 жылдық тәжірибесі бар Эльдар бірінші кезекте мал бағуды жолға қойды. Оның жайылымдық жерлері жанында басқа шаруа қожалықтары орналасқандықтан, малдың көрші егістіктерін бүлдіріп, ауру малмен араласып, ауру жұқтыру қауіпі жоғары болды. Бақташы қаншалықты сақ болса да үлкен табынды басқару қиын, сондықтан шаруа электронды бақташыны қондырды. Құрылғы күн сәулесінен қуат алады, бұл тиімді, үнемді әрі қауіпсіз. Қазіргі таңда 70 гектар және 230 гектар екі жайылым жерде екі электронды бақташы бар. Қондырғыларды Алматы мен Ресейден алдырттым. Жаңа технологиялар тиімділігі айтарлықтай. Мал қоршаудан тыс шықпайды. Бұған қоса сиырлар мен жылқыларға GPS орнаттым, енді телефон арқылы өрістегі мал бағытын бақылап отырмын, деді кәсіпкер. Жаңа технологиялар шаруаға жақсы қолқанат болды. Мал тәулік бойы жайылымда, сәйкесінше артық күш жұмсамай мал өздігінен салмақ қосады. Қазіргі таңда шаруа қожалығының басшысы қысқа дайындық үстінде. Бір айдан соң Мордовиядан 30 бас абердин-ангус тұқымы келеді. Онда мал әзірге карантинге қойылған. Етті бағыттан бөлек Эльдар Әлиев сүтті бағытты да дамытып отыр. Бүгінде қожалықта 40 сауын сиыр бар. Енді сүт өңдеу мен пастерлеу өндірісін қолға алу жоспарда. Шаруа несиені мерзімінен бұрын өтеп, алаңсыз жеке кәсіпті дөңгелеткісі келеді. Ол үшін жұмысшылар жеткілікті. Эльдар Әлиев жұмыс беруші ретінде қызметкерлерге баспана беріп, еңбекақыны тұрақты төлеп отыр, оларға жағдай жасауға тырысуда. Мал өсіру қиын еңбек екеніне қарамастан Эльдар мойымайды, керісінше мемлекеттің қолдауына алғыс айтады.