Ешкімге тәуелді болмай, уақытын қалауынша ойластырып, жеке бизнеспен айналысуды, табысын арттыруды қалайтын жандардың қатары күн санап артпаса, кеми түспейді. Білімділердің көбі өзі меңгерген салада тренингтер мен семинарларды өткізіп, кәсіп ашуға, жақсы ойлауға, өмірлік жоспар құруға, екінші бір кәсіпті игеруге септігін тигізіп келеді. Сонымен қатар сән, аспаздық, қолөнер салаларында да еңбек етіп, тапсырыстың арқасында табысын арттырып отырғандар да кем емес. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, сәуір айында елімізде тіркелген шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1554224-ке жеткен. Оның ішінде 267244 субъекті Алматы қаласында, 214943 бизнес субъектісі Оңтүстік Қазақстан облысында, 151606 субъект Астана қаласында тіркелген. Бұл шағын кәсіпкерлік субъектісі ең көп тіркелген аймақтар. Еліміздің әрбір өңірінде жеке кәсіппен айналысып, өзін ғана емес, өзгені де жұмыспен қамтып отырғандардың саны артып келеді. Джек Ма Қытай миллиардері және Alibaba компаниясының негізін қалаушы. Атақты бизнесменнің Джек Маның ішкі ойлары: Болашаққа сен деп аталатын кітабында интернет империяның қалануы мен өмірлік философиясы жайлы жазылған. Кітапта баласына айтқан сөзін мысалға келтірген: Ұлыма айттым: сыныптағы үздік үштікке ұмтылу міндетті емес, орташасы болу жеткілікті, тек баға тым нашар болмаса болды. Сондай оқушының ғана басқа машықты иегеруге көп уақыты болады. Егер Қытай экономикасы дамығысы келсе, онда шағын және орта кәсіпорындардың саны көп болуы тиіс. Бұл өз кезегінде ақылды да нағыз серпінді кәсіпкерлерді талап етеді деп жазылған. Бүгінде Қазақстан экономикасының қарқындылығы үшін шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жастардың бойында кәсіпкерлік қабілетті қалыптастыру, қаржылық сауаттылықты арттыру, жеке бизнеспен айналысу мәселелері кеңінен көтеріліп отыр. Атамекен ҚР ҰКП бастамасымен алдағы оқу жылынан орта мектептің 10-11 сынып оқушыларына арналған Экономика және бизнес негіздері пәні енгізіледі. Бұл пәннің бағдарламасы бойынша геймификацияға негіздеп, бизнес-кейстер арқылы тапсырма беріліп, кәсіпкерлік негіздері оқыту қарастырылған. Сонымен қатар, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарламаның аясында Бастау жобасы да жүзеге асырылып келеді. Аудан, ауыл тұрғындарының қатарында жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға кәсіпкерлік негіздерін оқытып, бизнес-идеяны бизнес-жобаға айналдыруға көмектесін жобаның мақсаты айқын, міндеті зор. Жыл сайын қаржылық сауаты бар, кәсіп жүргізудің қыр-сырын меңгерген азаматтар жаңа жұмыс орнын ашуға атсалыспақ. Бастау жобасына қатысушылар өз өңірлеріне сұранысқа ие болатын кәсіптен бастап, ел нарығын қамтитын жобаларға дейін кіріп жатыр. Мысалы, бүгінде Павлодар облысында Бастаудың биылғы алғашқы легінде 42 ауыл тұрғыны білім алды. Оның ішінде 35 адам бизнес-жобаларын сәтті қорғап, қаржыландыруға дайындалып отыр. Бастау бизнес-тренері Жанна Рахымжанованың айтуынша 3 тыңдаушы гранттық қаржыландыру арқылы бизнестерін кеңейтпек, ал 4 адам кәсіпте бағыт анықтады, оларға қаржыландыру көзі қажет емес. Осы сияқты оң нәтиже биыл да республиканың түкпір-түкпірін орын алары хақ. Оған өткен жылдың қорытындысы дәлел. Атап айтқанда 2017 жылы Бастау бойынша 15 мың жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат кәсіпкерлік негіздерін оқыды. 8 мыңнан астам тыңдаушы өз бизнес жобаларын қорғады. 3314 адам кәсіп ашып, бизнестерін кеңейте алды. 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Биыл жоба ауқымы артты: республика бойынша 150 аудан, 41 қала қамтылып, 30 мың адам оқытылмақ. Күтілетін нәтиже 10 мың жаңа бизнес жоба әзірлеп, 30 мың жаңа жұмыс орнын ашу. Атамекен ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүзеге асыратын тағы бір жоба Бизнес Кеңесші курсы. Бизнестің жол картасы 2020 бағдарламасының төртінші бағыты бойынша жүзеге асырылатын оқу курсы қаншама жанның жеке кәсіппен айналысуына жол ашты. БизнесКеңесші курсына Алматы облысынан қатысқан Асхат Талғарбаев ешкімге мұқтаж болмай, өз кәсібін ашуды қалаған жандардың бірі. Оның бұл ынтасының өз себебі де бар. Асхат тумысынан құлағы естімейді, 2-топтағы мүгедек. Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылының тұрғыны мемлекеттік грант алуға өтінім білдірді. Ол аяқ киім тігу және жөндеу ісін бастамақ ниетте комиссия алдында жобасын сәтті қорғады. Бизнестің жол картасы 2020 бағдарламасы аясында 1,5 млн теңге көлемінде өтеусіз грантқа ие болды. Қажетті жабдық, материал мен шикізат жаңа кәсіпті бастауға сеп болып қана қоймай, ешкімге мұқтаж болмаудың жолын ашпақ. Мұндай қуанышты бастамалар республиканың әр аймағында бар. Жеке кәсіп бастай отырып, жаңа жұмыс орнын ашып, өзінің де, өзгенің де табыс табуына ықпал ететін ынталы топ шағын кәсіпкерліктің көрсеткішін арттырады. Бұл көрсеткіш ұлттық экономиканың дамуына оң серпін бермек. Қарлыға Телман