- Негізгі бет
- Мен кәсіпкермін
- Сервис және туризм...
Сервис және туризм академиясы құрылды
Ел экономикасы дамуында ерекше орын алатын бағыт – туризм. Соңғы жылдары туризмді дамытуға баса назар аударылған. Қазақстанның түкпір-түкпірі әдемі, табиғи көрікті, тарихтан сыр шертетін көне жәдігерлер мен ескерткіштерге толы. Кейбір нысандар әлемнің кереметтері тізіміне енуге лайықты жерлер бар. Мегаполистері мен қалаларында заманауи қонақүйлер мен мейрамханалар қызмет көрсетеді.
Қазақстанда туризмнің барлық бағыты – этно туризм, спорт туризмі, мәдени-танымдық туризм, іскерлік туризм, емдік-сауықтыру туризмі, интенсив туризм, ауылдық туризм, экологиялық туризмді жүргізіп дамытуға зор әлеует бар.
Туризмді жаппай дамытуда тарихи нысандар, табиғи көрікті жерлерде ифрақұрылымдардың жетіспеуі, өзен мен көлдерде жағажай бизнесін дамытумен қатар сол аймақтарда емдік шипажайлардың болмауы, білікті мамандар тапшылығы, жарнамалық және имидждік ақпараттың аздығы саланы кенжелетіп тұр.
Туризм мен сервисті іргетастан дамыту мақсатында Ақмола облысында Қазақстан бойынша алғашқы Сервис және туризм академиясы құрылды.
Бірегей жоба – Сервис және туризм академиясын Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасы таныстырды. Жоба облыс әкімдігінің қолдауымен Plaza hotel қонақүй кешені базасында жүзеге асуда.
Айтулы оқиғаға орай 70-тен астам қатысушы – рестораторлар, отельер, туристік бизнес пен мемлекеттік органдар өкілдері Сервис және туризм академиясының ашылуына жиналды.
Жоба бірегей, мұндай бастама өңірде ғана емес, мемлекет көлемінде болған жоқ. Оның мақсаты – сервис, туризм саласы, мейрамхана, қонақүй бизнесінде сапа деңгейін көтеру.
Жоба аясында кәсіби кадрларды кешенді оқыту, клиенттерге қызмет көрсету және мәдениет саласында оқыту қарастырылған.
Оқытудың заманауи бағдарламасы түрлі категорияларды қамтиды: техникалық қызметкерлер, даяшы-бармендер, әкімшілер, топ-менеджерлер. Бағдарламалар тренерлері – мейрамхана, қонақүй бөлімінің мамандары.
Бұл академия мобильді бола алады. Оқыту арнайы жабдықталған орын-жайда жүргізіледі, онда қонақүй мен мейрамхана бизнесіне қажетті мүкәмміл қамтылған. Оның бәрі Plaza hotel базасында бар. Сонымен қатар оқу қызмет көрсету деңгейін көтеру бойынша жұмыс істеуге ниет білдірген кәсіпорындардың аумағында да жүргізілетін болады.
«Академия оқытуды бизнес-объектілеріне ғана жүргізбейді. Оған мейрмахана мен қонақүйде жұмыс істегісі келетін кез келген ынталы адам, жұмыссыздар мен өз-өзін жұмыспен қамтыған азаматтар қатыса алады. Ақмола облысы өзінің туристік әлеуетімен танымал өңір. Сондықтан заманауи жағдайда сапа стандарттарын дамыту өте өзекті, осылайша бәсекеге қабілеттілік дамиды. Оқудан сәтті өткен кәсіпорындар сертификатталады. Бұл жобаға қызығушылық өте жоғары, қазірдің өзінде академияда оқу мақсатында бірқатар келісімдер жасалған», – деді Ақмола облысы ӨКП директоры Тимур Нақыпбеков.
Танысытырылым шеңберінде Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасы, облыс әкімдігі мен Сервис және туризм академиясы арасында үшжақты келісім жасалды. Іс-шара хедлайнері белгілі бизнес-тренер, Тони Бьюзеннің Қазақстандағы лицензиаты Жексен Жалқыбаев болды.
«Каравай kz» ЖШС жетекшісі Адхам Умаров пен Dominohome@horeca дүкендер желісінің құрылтайшысы Жалғас Дәулетов өз табыстылық тағылымдарымен бөлісті.
Бұған қоса Түркияның қонақүйлеріндегі біліктілікті арттыру бойынша бағдарламаны Mahmut Ekici кәсіптік жалдау агенттігінің иесі таныстырды.
Әлия Кемелбекова
А. Оралқызы