- Негізгі бет
- Мен кәсіпкермін
- Серікбек Елшібеков: Бүгінде...
Серікбек Елшібеков: Бүгінде мекемелерді аралау – уақыт жоғалту
Астанада кәсіпкерлер жаңадан ашылған «Atameken Services» порталына баға беріп үлгерді. Бизнесменнің қызметін қаншалықты жеңілдетеді, жүйеде қандай қызметтер бар, Қазақстан бойынша тұтастай тестілеу қай уақытта орын алады және жаңа порталды қолдану қай уақытқа жоспарланғаны туралы «Атамекен» ҚР ҰКП Мониторинг және нарық сараптамасы орталығының директоры Серікбек Елшібеков баяндады...
– Серікбек Кеңесбекұлы, «Atameken Services» қандай жоба?
– Бұл жүйе «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен жасалған, мақсаты – бизнестің мемлекеттік қолдауды алуына, бәсекелік қабілеті мен өндірімділігін арттыруға ыңғайлы орта қалыптастыру. Кәсіпкерлерде, көп жағдайда, бухгалтерлік қызмет, декларация толтыру, қызметті тексеру салаларына қатысты мәселе туындайды. «Atameken Services» – «Бір терезе» қағидатымен кәсіпкерлерге қызметін іске асыруда қолау көрсету мақсатында жасалған портал. Ірі бизнесте жұмысшылар штаты да ауқымды, аталған мәселелермен айналыса алатынын түсіну керек. Ал шағын және орта бизнестің штаты 50 қызметкермен шектеулі және олар сапалы қызмет алып, ресурсты үнемдейтіні қалыпты жағдай. Бұл процесс кәсіпкерге анағұрлым икемді болу үшін «Атамекен» ҰКП аталған сервисті іске қосты. Енді Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы мен Кәсіпкерлікті қолдау орталығына барудың қажеті болмайды, нақты уақыт тәртібінде мүмкіндік болғанда сайтты ашып, сауал қойып, қажет жағдайда бейнебайланыс орнатып, құжаттарды жолдауға болады. Әрбір қолданушының жеке кабинеті болады.
– Бизнестің жүгінулерін сараптай келсек, қай қызметке сұраныс жоғары?
– Біз бизнес тарапынан қойылатын сауалдарды ұзақ талдадық, өңірлердегі кәсіпкерлерді қандай мәселе толғандыратынына назар аудардық. Сервистік қолдау бағытында анағұрлым сұраныстағы қызметтерді анықтадық: бухгалтерлік (өтінімнің 33,4%-ы), заңгерлік (29,3%), маркетингтік қызметтер (18,2%). Соңғы уақытта кәсіпкерлер арзан шикізатты қайдан алу керектігін, өз өнімін қалай өткізу қажеттілігіне көп көңіл бөледі. Осындай сервисті жасау мәселесі көптен туындаған, Ұлттық палата да «Atameken Services» порталын жасауға көп уақыт жұмсады. Уақыт та зырылдап өтіп жатыр, кәсіпкер бизнесін тастытап, орталықтарды аралап жүруге уақыты жоқ. Ал Ауылдарда қандайда бір кеңес алудың өзі қиын.
– «Бір терезе» арқылы қандай қызметтерді алуға болады және бұл портал кәсіпкерге қалай көмектеседі?
– Бүгінде порталға бизнесті сервистік қолдаудың 61 қызметі және моноқала, шағын қала, аудан орталықтарындағы кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік бастамасы бар тұрғындарды ақпараттық қамсыздандыру үшін 6 қызмет түрі енгізілген. Бизнесті сервистің қолдау 8 бағытта жүреді: мемлекеттік сатып алумен байланысты қызметтер, бухгалтерлік және салық есебін жүргізу, сондай-ақ статистикалық есептілік дайындау, кеңес беру, менеджмент жүйесін енгізу процесінде толықтай сүйемелдеу, ақпараттық технологиялар саласында кеңес беру, менеджмент мәселелеріне қатысты қызмет, маркетинг мәселесіндегі қызмет, кеден процедуралары, заңгерлік қызмет. Бұл сервис – бизнес көмек алып, процедураны іске асыруда уақыт үнемдейтін ғана емес, сондай-ақ түйткілді мәселелерді талқылауға, еліміздегі заңнамаларға өзгерту енгізуге мүмкіндік беретін алаң.
– Қызметті тек Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарынан алуға бола ма?
– Қазіргі кезеңде жоғарыда аталған қызметтің барлығын портал арқылы алу жоспарланып отыр. Кәсіпкер сондай-ақ Кәсіпкерлерге қызмет көрсететін және Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарындағы өзіне-өзі қызмет көрсету секторларына да бара алады. Сервистік қолдауды тиімді жүзеге асыру және қағаз жүзіндегі қызметтен онлайн форматқа оңай өту мақсатында кәсіпкерлер үшін өзіне-өзі қызмет көрсететін орындар қарастырылған. Арнайы аумақта кеңес беруші маманмен тиімді байланыс орнату үшін және онлайн қызметке өтінім жолдауға компьютер, сканер, принтер, веб-камера сынды қажетті құралдар қойылған. Сонымен қатар қоғамдық қол жеткізу орындары да қарастырылған. Бұл дегеніміз – кеңес беруші маманмен қашықтықтан байланыс орнату арқылы Кәсіпкерлерге қызмет көрсететін және Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарындағы қызметтің барлық түрін көрсететін терминал. Аталған терминалға камера, сыртқы пернетақта, сканер, принтер орнатылады. Интерактивті дисплей мен аудио-гарнитура қойылады. Осылайша кәсіпкер бір ғана құралдың көмегімен өтінім беріп, қызмет алуға мүмкіндік жасалады. Бұл терминалды Кәсіпкерлерге қызмет көрсететін және Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарында және көпшілік жиналатын орындарға қою жоспарлануда.
– Бұл қызметте шектеу бар ма, әлде ірі, орта және шағын бизнестің кез келгені көмек ала ма?
– Негізгі басымдық шағын және орта бизнеске қойылған. «Атамекеннің» заңгерлік қызметі өте мықты, кәсіпкерлер мұны түсінеді әрі «Atameken Services» қолдану ынтасы артып келеді. Бизнес сайтты қолданып, сауалына жедел жауап алуды қалайды. Жеке тұлғаларға – кәсіпкерлік бастамасы бар тұрғындарға арналған сервистік қолдауға жататын қызметтер де бар. Әрбір қызмет түрінің қосымша шарты мен белгісі көрсетілген парспорты бар. Мемлекеттік қолдау шараларының әрқайсында реттеу құжаты бар, кәсіпкерлерге арналған критерилер көрсетілген. Порталда реттеу құжатына сілтемесі берілген мемлекеттік қолдау шараларының 46 түрі орналастырылған.
– Call-орталықтары мамандарының дайындығы қалай, жобаны жүзеге асыру үшін мамандар қатары жеткілікті ме?
– Мамандарға қатысты мәселе жоқ, кеңес берушілер арнайы оқудан өтті, біліктіліктерін үнемі арттырып отырады. Порталмен жұмыс істеудің онлайн құралы да жасалған. Мамандар 100% дайындалған, алдағы уақытта кеңес беру сапасы тек арта түспек. Қазіргі таңда бизнестің сайтты қолдану қаншалықты ыңғайлы екеніне қатысты пікірі жинақталуда.
– Өңірлерге тоқталсақ, бағдарламаны қабылдауға дайын ба, іске асыру мерзімі қандай?
– Қазіргі таңда Астанада осы жүйе енгізілді. кәсіпкер сайтқа кіріп, сауалын қояды, мамандар талдап, аз уақыттың ішінде жауап береді. Кәсіпкерлерге қызмет көрсететін орталықтар – 25, қызметкерлер саны – 282, ал Кәсіпкерлікті қолдау орталықтары – 189, онда 568 адам жұмыс істейді. Әрине, өңірлерді осы жүйеге бейімдеу керек. Қызметті түбегейлі өзгертуде бастапқыда үйрей бар, себебі кәсіпкерлердің барлығы бірдей компьютерді қолдануды, интернетті пайдалануды біле бермейді. «Atameken Services» порталының мобильді қосымшасы бар. Технологияға қарай даму керек, бизнес үшін бұл, әрине, маңызды. Бүгінде әр мекемеге бару – уақыт жоғалту. Бұрынғы жүйеде қалып, кабинеттерді аралауды қалайтындардың қатары аз. Қазақстанда Кәсіпкерлерге қызмет көрсететін және Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарында жүйеге қосылуды аяқтау 2018 жылдың қыркүйегіне жоспарланған. Ал жобаны аяқтау, яғни мемлекеттің 46 қолдау шараларын толықтай автоматтандыруға көшу 2018 жылдың желтоқсанына қарастырылған.
А. Оралқызы