Санитарлық талапты сақтамасаң...

Санитарлық талапты сақтамасаң...

2019 жылдың 11 сәуірінен бастап Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексіне өзгерістер енді. Атап айтсақ, 425 бап бойынша санитариялық-эпидемиологиялық талаптар мен гигиеналық нормалар сақталмаған жағдайда салынатын айыппұл көлемі 13 есе артқан.

Қоғамдық тамақтандыру және жеке қызмет көрсетумен айналысатын кәсіпкерлердің санитариялық-гигиеналық нормативтерді бұзғаны үшін жауапкершілігі қатаңдатылды.

Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің» 425-бабының жаңа редакциясына сәйкес қоғамдық тамақтандыру және жеке қызмет көрсетумен айналысатын кәсіпкерлердің санитариялық-гигиеналық нормативтерді бұзғаны үшін жауапкершілігі айыппұл мөлшерін ұлғайту есебінен көтеріледі.

«Тамақтандыру бизнесі өте күрделі екенін ескерсек, бұл өзгерістер шаруашылық нысандарына қосымша ауыртпалықтардың ұлғаюына алып келуі және кәсіпкерлердің дер кезінде ақпаратмен қамтылмауы ертеңгі күні олар үшін проблемаға айналуы мүмкін. Осы орайда, Заңға енгізілген өзгерістер жөнінде кәсіпкерлер арасында ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында бүгін осы кездесуді ұйымдастырып отырмыз», – деді Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің 425-бап, 1-бөлігіне сәйкес, яғни халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді, техникалық регламенттерді абайсызда адамдардың жаппай ауруға шалдығуына немесе улануына әкеп соқпаған бұзушылық бойынша айыппұл мөлшері төмендегідей болып өзгертілді:

- жеке тұлғаларға 10 АЕК-тен(25 250тг.) 30 АЕК-ке (75 750тг.) – 3 есе;

- шағын кәсіпкерлік субъектілерге 20 АЕК-тен (50 500тг.) 230 АЕК-ке (580 750тг.) – 11 есе;

- орта кәсіпкерлік субъектілерге 40 АЕК-тен (101 000тг.) 310 АЕК-ке (782 750тг.) – 8 есе;

- ірі кәсіпкерлік субъектілерге 120 АЕК-тен (303 000тг.) 1600 АЕК-ке (4 040 000тг.) – 13 есе артқан.

425-баптың 2-бөлігіне сәйкес, яғни осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, адамның денсаулығына зиян келтіруге әкеп соққан әрекет (әрекетсіздік), егер бұл әрекетте қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса төмендегідей өзгерістер енгізілді:

- жеке тұлғаларға 200 АЕК (505 000тг.) – өзгеріссіз;

- шағын кәсіпкерлік субъектілерге 300 АЕК-тен (757 500тг.) 460 АЕК-ке (1 161 500тг.) – 1,5 есе;

- орта кәсіпкерлік субъектілерге 400 АЕК-тен (1 101 000тг.) 620 АЕК-ке (1 565 500тг.) –1,5 есе;

- ірі кәсіпкерлік субъектілерге 2000 АЕК (5 050 000тг.) – өзгеріссіз.

Осыған байланысты алаңдайтын да жөніміз бар. 425-бапқа көз салсақ, солқылдақ тұстары да жетерлік. Нақты кесіп-пішіп айтатын ештеңесі жоқ. Осы бапты желеу етіп, әрнеге бір соқтығып, болар-болмас дүниеге айыппұл салумен қорқытып, соңы жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа апармасына кім кепіл?

Енді мемлекеттік органдардың кейбір қызметкерлері тарапынан жоспардан тыс тексерулер саны көбеюі мүмкін.

«Атамекен» кәсіпкерлерге мынадай кеңестер ұсынады.

Кәсіпкерлер кодексі бойынша жоспарлы тексерістер тек қана жоғары эпидемиялық нысандарға белгіленген тәртіп бойынша жасалады.

Тексеруші орган тексерілетін мекемеге, нысанға кем дегенде отыз күнтізбелік күн бұрын жоспарлы тексерістің болатындығы жайлы хабарлама жіберуі тиіс.

Тексеруге тексеру парағында жазылған ҚР Денсаулық сақтау Министрлігі мен ҚР Ұлттық экономика Министрлігі бекіткен талаптар ғана кіреді.

Тексеріс нәтижесі жазылған актімен келіспесеңіз олардан жоғары тұрған органға немесе сотқа шағымдана аласыз.

Осы тақырып бойынша сұрақтарыңыз болса 8 (7172) 919 355 нөміріне хабарласа аласыз.

Massaget