Кәсіпкерлер Алматы әкімдігіне шамамен 45 млрд теңге сомасында бірлескен жобалар ұсынған. Алматыда мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің жалпы сомасы шамамен 45 млрд теңге болатын 16 жоба бекітілді. Оның қатарында мектеп стадиондарын қайта жасау, мектеп пен колледждерге бейне-бақылау орнату, тұрмыстық қатты қалдықтарды жоятын консорциум құрылысы, ескі тұрғын үй бағдарламасы, қоғамдық көліктің диспетчерлік қызметін ұйымдастыру, балабақша мен мектеп салу жобалары қамтылған. Алматыда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларының ішіндегі ең ірісі ескі үйлердің бағдарламасы. Ол 10 жылға есептелген және 70 мың жұмыс орнын ашады. Жергілікті билік пен бизнес арасында кімнің не нәрсеге жауап беретіндігі нақты жазылған. Әлеуметтік тұрғыдан осындай жобалар қажет-ақ. Бизнес пен әкімдік жекелеп жүзеге асыруы қиын, деп ой бөлісті Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Қайрат Қасенов. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бизнеске мемлекеттік ұзақ мерзімді тапсырысты қамтамасыз етеді. Алайда мұндай жобаға қатысу үшін құжат өткізу процедурасы соншалықты күрделі, бизнестің бастамасын бір жыл бойы қаралуы мүмкін. Атамекен ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы МЖӘ енгізуде медицина, білім беру, коммуналдық шаруашылық салаларындағы барлық тармақтарды ескеріп, типтік құжаттарды дайындауды ұсынды. 2018 жылдан бастап заңнамаға тиісті өзгертулер енгізіледі. Бюрократиялық талаптар қысқартылып, жоба дайындау мерзімі азаяды. Атамекен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы бір ұсынысты дайындау үшін мемлекет бюджетінен 2-ден 20 миллион теңгеге дейін қаражат жұмсалатынын есептеді. Бұрындары әкімдіктің тапсырысы бойынша мұнымен ӘКК жанындағы Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы айналысқан. Жаңа заңнама бойынша инвестициялық ұсыныстарды мемлекеттік орган дайындайды. Егер жоба жеменшік қаржы бастамасымен ұсынылатын болса, жекеменшік әріптес бизнес-жоспар дайындайды, деп түсіндірді Қайрат Қасенов. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмін қолдану инфрақұрылым нысандарын дамыту мәселесін шешуде бизнестің қатысуын қамтамасыз ететін құрал. Осы механзимнің сәтті жүзеге асуы бизнестік әлеуметтік жауапкершілік деңгейін арттыруға ықпал етеді. Себебі дәл осы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік қоғам мәселесін шешуде билік пен бизнесті байланыстырады. Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасына биыл шағын және орта бизнес субъектілерінен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі арқылы 25 жобаны жүзеге асыруға 18 өтінім түсті. Оның ішінде 18 жоба білім саласына қатысты болса, эко-туризм, медициналық туризм, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, мектептерде бейне-бақылау орнатуға арналған жобалар да бар. Ал мәслихаттың қыркүйек айындағы шешімімен Алматыда 16 жоба бекітілді. 2018 жылы жүзеге асырылатын 16 жобаның ішіндегі 2 жоба шағын және орта бизнес субъектілерінің бастамасымен ұсынылған, оның жалпы құны 1,1 млрд теңге. Қарлыға Телман