Соңғы уақытта ірі қалаларда, тіпті моноқалалар мен аудан орталықтарындағы қызмет көрсету саласында кейтеринг ұғымы жиі айтылып жүр. Бұл қандай қызмет түрі? Қоғам дамуы мен адамдардың қажеттілігінде оның рөлі қандай? Қазақстан кейтерингтің қандай түрлері дамып жатыр? Осы сұрақтарда жауап беріп көрелік. Саtering ағылшын тілінен аударғанда азық-түлікті жеткізу ұғымын білдіреді. Бұл шалғай нүктелерде, үйде, жұмыс орнында, далада, көкте қызмет көрсетумен байланысты қоғамдық тамақтанудың бір бағыты. Бір сөзбен айтқанда тамақтану бойынша көшпелі қызмет көрсету арқылы жекелеген адамға тамақ әзірлеуден бастап, той-томалақ, банкет, көкке шығуда әдемі дастархан жайып, дәмді тағам түрлерін жеткізу немесе әзірлеу. Дәмді және тез Бұл қызмет түрі Америкадан бастау алады. Кейтерингтің басты артықшылығы тапсырыс берген тамағыңыз жылдам жеткізіледі. Агенттіктер ұсынған тағам түрлері дәмді болады, осы ретте тамақтың түрі, оған қосылған тұз, басқа дәмдеуіштер мөлшері бойынша клиенттің барлық сұранысы орындалады. Кейтеринг агенттіктеріне жекелеген тапсырыстан бастап, банкет, фуршеттерге де тапсырыс беруге болады. Демек, жұмыстан қолыңыз босамаса, күтпеген жерде үйге қонақ келсе, қонақтарыңызды дәмді тағамдармен таңқалдырғыңыз келсе, кейтеринг қызметі көмекке келеді. Бар болғаны кейтеринг бойынша қызмет көрсететін агенттіктердің асханадағы бағытын (көбі нарық сұранысына қарай пицца мен суши жасаумен шектеледі) таңдап алған жеткілікті. Көрсетілетін қызмет түрлері Ірі қалаларда кейтерингпен айналысатын компаниялар түрлі меню ұсынады, негізгі бағыттар іскер іс-шараларға кофе-брейк, фуршет, түрлі бағыттағы банкеттер ұйымдастыру, үйдегі мейрам: туған күн, құдалық, астарға тағам әзірлеу. Мұндай қызметте қосымша клиенттің талғамына қарай меню жасақтап дайындау, салтанатты шараларға арналған ыдыс-аяқты жалға беру, мерекеге ыңғайлы болатын жер таңдап беру, даяшылардың жоғары біліктілігін, әдемі формамаен қызмет ұсынуын, қонақ күту сынды қызметтер де жасалады. Демек, көшпелі тамақтану қызметін көрсетудің толық спекторы ұсынылады. Пайдалы тамақтану тенденциясы Замануи қоғамда артық салмақ өзекті мәселе. Осы тұрғыда көптеген диеталар бар. Өздігінен диета ұстап, тамақ мәзірді таңдау көп адамға қиын. Өйткені арнайы маманданусыз күнделікті ішетін тамақ мөлшерін анықтау қиын, дәмді, тәтті тағамдардан бас тарту да оңай емес. Осы мәселені шешуді кейтерингтік агенттіктер тиімді пайдаланып отыр. Әлеуметтік желі, жарнамаларға назар аударсаңыз. Пайдалы тамақтануды күнделікті жеткізетін арнайы қызметтердің барын анықтайсыз. Адамның физиологиясы мен өмір сүру салты, созылмалы ауруларын (гастрит, диабет, тағам түрлеріне аллергия және т.б.) ескере отырып, арнайы тағам мәзірі әзірленеді. Ары қарай дайын тамақ топтамасы клиенттің үйіне немесе жұмыс істейтін орнына уақтылы жеткізіліп отырады. Зүлфия ұсынған кейтеринг қызметі Шығыс Қазақстан облысы Курчатов қаласының 24 жастағы тұрғыны Зүлфия Зиминова кәсіпкерлік қызметін былтыр Бастау курсын оқып, бастаған. Бойжеткен азық-түлік заттарын өндіру мен табиғат аясы болсын, қала сыртындағы үй болсын, демалыс аймағы, кәсіпорын ішіне болсын кез келген жерде банкет, фуршет ұйымдастыруға мүмкіндік беретін жаңа қызмет көрсету түрі кейтерингпен айналыса бастайды. Курчатов қаламыз шағын ғана. Негізінен мұнда ғалымдар өмір сүреді. Адамдар түнге дейін жұмыс істейді, сондықтан ас әзірлеуге уақыттары болмайды. Осы жайтты байқаған қызым тамақты тапсырыспен дайындау идеясын ұсынды. Яғни адамдар дайын асты үйлеріне алып кетеді. Қалада дүкендер ерте жабылып, кафелердің жоғын ескерсек, бұл таптырмас бастама болды, деді жас кәсіпкер қыздың анасы Шолпан. Отбасы Шымкенттен Курчатов қаласына 10 жыл бұрын көшіп келген. Сондықтан самса мен палау, сынды шығыс дәмділерін отбасы мүшелері жақсы біледі, бастысы әзірлей алады. Ал тандыр нан ше? Дәл осы тіл үйірер күлшелер басты назарға алынған. Бастау жобасы бойынша Зүлфия бизнес жобасын сәтті қорғап, 1 млн 230 мың теңге көлемінде жеңілдетілген несие алады. Осы қаражатқа бастауыш кәсіпкер салтантты дастарханға арналған ыдыс аяқ сатып алады, сонымен қатар тандыр пешін, кондитерлік пешті, кәуапқа арналған мангалды сатып лады. Өндірісіке арналған жалпы ауданы 64 шаршы метр орынжайды жалға алып, онда ыдыс жуатын жер, суға арналған бойлер, пеш орналастырады. Күнделікті жұмысты сағат таңғы төрттен бастаймыз. Тұрақты клиенттеріміз бар. Таңертеннен шай, тоқаштар, ыстық нан, самса, пирожки дайындап қоямыз, деді Зүлфия Зиминова. Бастау жобасына қатысып, бизнес идеясын жүзеге асырған жас қыз өмірде жолын тапты. Кәсіпкерлік негіздерін оқу арқылы, іскерлік пен менеджмент табысты болуға, бизнес-процестер мен уақытты тиімді жүргізуге жол ашады. Егер сіз де кәсіп бастауға ниетті болсаңыз, өз өңіріңіз бойынша Өңірлік кәсіпкерлер палатасына өтінім жасап, Бастау жобасына қатысуға болады. Кәсіпті кәсіби мамандармен бастаңыз. Әлия Кемелбекова