- Негізгі бет
- Мен кәсіпкермін
- Келешегі кемел «Қамқор»...
Келешегі кемел «Қамқор»
Қазіргі кезде елімізде мемлекет қолдауымен ашқан кәсібінің жемісін жеп, ісін өрге бастырған кәсіпкерлер мен кәсіпорындар баршылық. Халыққа сан алуан қызмет түрін ұсынатын бизнесмендер алдын ала ойластырылып, мұқият әзірліктен соң жасаған қадамдарының алға басуы үшін мемлекет берген жеңілдетілген несиеге де иек артады. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы нақты қолдауларға қол жеткізген шағын және бизнестің тамырына қан жүгіріп, қызмет көрсету аясы да, жұмыспен қамту ісі де қарқын ала түсетіні белгілі. Сондай мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың жанды көмегі натижесінде табыс биігінен көрініп отырғандардың бірі – Қаратал ауданы, Үштөбе қаласындағы «Қамқор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары кеңестік заманның жоспарлы экономикасы шатқаяқтап, қайта тұрмастай болып, омақаса құлаған тұста, сол кезге дейін тігін цехы ретінде елге қызмет көрсетіп келген екі қабатты ғимараттың тағдыры да қыл үстінде тұрған еді. Осындағы тігін цехын аман алып қалуды ойлаған тігінші, кәсіпкерлікке енді қадам басқан Людмила Цой ғимаратты жекешелендіріп алып, елге кереі тірлікті қайта ұйымдастырып, бұрынан істеп жүрген тігіншілерге жалақы төлеп, кәсіпорынды сақтап қалады. Жаңа серіктестік атын қалай атаймыз деп талқылаған сәтте есіне қазақтың «Қамқор» деген қайырымдылық пен қамқорлықты білдіретін жүрекке жылы сөзі түседі. Өйткені, жұмыссыздық белең алған шақта әріптестеріне қамқор болып, отбасын асырауына ықпалы тигізгісі келеді сол кезде.
Людмила Цойдың сол бір қиын-қыстаулы жылдарда бастап, уақыт өте келе аяғынан тік тұрғызған кәсібін бүгінде қызы Наталья Ким табысты жалғастырып отыр. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейтінін» жадында ұстаған ол анасынан көрген-білгенін, үйренгенін серіктестікті дамыту жолында тиімділікпен қолданып келеді. Серіктестік негізінде Людмиланың қосағы Николай Лидің атына тіркелгенімен, барлық істі шырқ үйіретін, жастығына қарамастан, шағын ұжымға бас бола білген Наталья десек, артық айтқандық бола қоймас.
Ол жұрттың жүрегіне жол тауып, қалауынан шыққан қызмет түрлерін арттыруды мақсат етіп, 2016 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша небәрі 4 пайыздық мөлшерлемемен 7 млн. 100 мың теңге көлемінде несие алды. Бұл қаражатқа тозығы жеткен ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, киім тігу құрылғыларын 50 пайызға жаңалады. Кеңес заманынан қалған тігін машиналары мен құрылғылардың әбден тозығы жеткен болатын. Бүгінгі заман талабына сай жаңа тігін машиналарын қолдану арқылы киім тігісі де, тауар сапасы да жақсара түскенін қазіргі кезде сұраныстың артып отырғанынан байқауға болады.
«Қамқор» кәсіпорнында негізінен сырт киімдер тігіледі. Көлемі 654 шаршы метр болатын ғимараттың бірінші қабатынан дәмхана да ашты. Аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 3 жас маманды киім тігу ісіне үйретті. Дегенмен, шикізат алуға қосымша қаржы қажет болып, тағы да мемлекет
көмегіне жүгінеді. 2017 жылы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының жарқын бастамасымен өмірге жолдама алған «Бастау» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 7 пайыздық мөлшерлемемен 3 млн. 300 мың теңге қаражат алып, оқушылар киетін біріңғай мектеп формасын тігуге кірісті. Осы жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы 21 млн. теңге көлеміндегі кезекті несиеге қол жеткізген. Жылдық мөлшерлемесі 7 пайыз болатын бұл несиеге ғимараттың екінші қабатынан мейрамхана мен караоке-бар ашты. Бір айта кетерлігі, ауданда алғаш ашылған караоке-барға кәсіби музыкалық құрылғы алынып, әртүрлі стиль мен жанрдағы 60 мың ән жинақталған. Көңіл көтергісі келгендер қалаған әншінің әнін шырқап, көрсетілген жоғарғы сервистік қызметке дән риза болып, тарқасып жатады. Қазіргі кезде серіктестік 14 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Көпшілікке тез дайындалатын фаст-фут өнімдері, донер-бургер, корей, жапон асханасы тағамдарын ұсынады.
- Ауданның дамуы үшін өз үлесімізді қосудамыз. Жұмысымыз елге қызмет көрсету болған соң көптің көңілінен шығуға тырысамыз. Жаңа қызмет түрлерін де байқап көргіміз келеді. Тұрғындар арасында біздің ұсынатын қызметтерімізге қатысты жақсы пікір таралып, өзіміздің тұрақты тұтынушыларымыз қалыптасты. Дәмді тағам пісіруге тырысамыз. Егер ұнамаса, адамдар келмес еді. Дәмханаға да, тігін цехына келіп тапсырыс беретіндер қатары алға жылжыған жылдармен бірге артып отыр, - дейді жас кәсіпкер.
Жастығына қарамастан ата-ананың аманаттаған кәсібін іскерлікпен басқарып, табыс тауып отырған ол мемлекет көмегін айқын сезінетіндігін жасырмайды. Әсіресе «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қай кезде болмасын көмек қолын созыға дайын тұратындығына шынайы разылығын білдіреді.
Егер, «Атамекен» арқылы жасалып отырған мемлекеттік қолдаулар болмағанда, бүгінгі биігімізге жете алмас едік. Кәсіпкерлер палатасы бизнес жүргізудің әліппесінен бастап, барлық қажетті қыры мен сырын оқытып, үйретіп қана қоймай, қажетті заңгерлік көмектерді де дер кезінде көрсетеді. Әрбір талпынысымызды қуана құптап, жеңілдікпен несие алуға керекті құжаттарымызды әзірлеуге, өткізуге де әрдайым қолұшын береді. Егер жан-жақты қолдаулар болмағанда, ойға алғандарымыздың орындалуы екіталай екені анық болатын. Мақсатымызды бағындыру үшін жылдар бойы қаражат жинау қажет еді. Біз несие аларда таңдаған мемлекеттік бағдарламаның басқалардан артықшылығына, пайыздық мөлшерлемесіне мұқият зерттеу жүргіземіз. Осы кезде тағы да кәсіпкерлер палатасына жүгінеміз. Ондағылар бірде-бір рет талпынысымыздың бетін қайтарған емес. Мүмкін болған қолдаулардың барлығын жасады.
Бастапқы кезде несиені төлеу, жұмысшыларға жалақы беруде мәселелер кездескені рас. Бірақ мемлекеттік қолдаулар арқасында сол қиын күндер біртіндеп артта қалды. Қазір несиені уақытылы төлеп тұрамыз. Тұрақты табыс табатын деңгейге жеттік. Көп адамдар «Атамекен» арқылы насихатталып жатқан мемлекеттік бағдарламаларға, палатаның жобаларына сенімсіздікпен қарайды. Оларға айтарымыз, бизнес бастау үшін ақыл-кеңесті
кездейсоқ жандардан емес, кәсіпкерлер палатасынан алыңыздар. Ондағылар барлығын егжей-тегжейлі түсіндіріп, қолдаулардан кенде қылмайды. Әрине, қазір біреуден қарыз алсаңыз да тегін бере салмайды ғой. Сондықтан мемлекет қолдауының да қайтарымы болуға тиістілігін ұмытпаған абзал», - дейді үштөбеліктердің көңілінен шыққан кәсіпорынға жетекшілік етіп отырған Наталья.
Жоғарыда айтқанымыздай, әр жыл өзінің жаңалығын әкеліп, кәсіпорын қызметің жаңа түрлерін көрсете бастады. Өндірістік орындарды да жалға береді. Мерекеге орай мейрамхана мен салтанат сарайларының залдарын безендіруді де атқарады. Наталья қол жеткен жетістіктермен тоқтап қалмайды. Өз ісін адал, абыроймен атқару арқылы зор табысқа жететініне сенімді. Осы аптада тігін цехына қажетті шикізат алу, тауар айналымы үшін «Кәсіпкер әйел» бағдарламасы бойынша 6 пайыздық несие алуды жоспарлап отыр.
Кәсіпорын жыл сайын үздік тауарлар көрмелеріне, түрлі байқауларға қатысады. Әдемі де әсем сырт киімдері, адамдарға көрсетілетін сапалы қызметтері, тұрақты дамуының арқасында 2016 жылы еліміздегі ең таңдаулы көшбасшы кәсіпорындар қатарына қосылды.
- Жас кезде жұмыстан қашпау керек. Анамнан үйренгенім көп. Ол біздің бизнесіміздің негізін қалады. Қиын кезде ақыл-кеңесін айтып отырады. Екінші қабаттағы мейрамхана мен караоке барды күйеуім басқарады. Бұл ғимарат біздің отбасылық бизнесімізге айналған. Бизнес жасағысы келген жастарға айтарым – жалқау болмаңыздар, қиындықтан қорықпау керек. Алдыңа нақты мақсат қойып, бел жазбай еңбек ету керек, - дейді Наталья Ким.
Болат Абаған, Алматы облысы.
А. Жапатова