Әлемде экономикасы дамыған мемлекеттері кәсіпкерлік саласын дамыту, қолдау құрылымын қалыптастыруда кезең-кезеңнен өтіп, өзінің тарихи жолымен жүріп өтті. Барлық мемлекеттің ішкі жүйесінде кешенді тәсіл мен мемлекеттік қолдау механизмі бар. Онда тұтынушылардың да, кәсіпкерлердің де құқығы мен мүддесін сақтау жұмысы жолға қойылған. Әлемдік тәжірибе және Қазақстан Бұл қалыптасқан жүйені әрбір мемлекеттен құрылған сауда палаталары мен кәсіпкерлік одақтарының жұмысынан айқын байқауға болады. Мысалы Ұлыбританияның сауда палатасы сол елдің барлық аумағын қамтып, қол астына ірі, орта және шағын бизнес өкілдерін тұтастай алып отыр. Оған мыңдаған кәсіпорын жүгініп, мәселесін шешіп, көмек алып келеді. Сауда палатасының желісі іскерлік байланыс орнату, озық тәжірибені бөлісу, жаңа мүмкіндіктерді ашу жұмыстарын атқарып, фирмаларға жергілікті, ұлттық және жаһандық нарыққа шығуға, халықаралық сауда да нақты қолдау көрсетеді. Ал Канаданың сауда палатасы 1925 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Әрбір өңірдегі кәсіпорындарды біріктіріп, бәсекеге қабілетті экономикалық орта қалыптастырудағы кәсіпкерлердің ықпалын насихаттап, мемлекеттің саясатты жүзеге асыруда, бизнесті дамытуда ірі қауымдастық ретінде танылған. Канадада экономиканың барлық секторында жұмыс істейтін 200 мың кәсіпорынның мүддесін қорғайтын 450-ден астам сауда палатасы мен сауда кеңесі қуатты ұйым ретінде толық қалыптасып, ғасырға жуық уақыт қызмет атқарып келеді. Бизнестің әлеуетін арттыратын құжаттар, заңнамаларға әсерін тигізе отырып, билік пен бизнес арасында беделді институт ретінде танылған. Түркияның сауда, өнеркәсіп, теңіз саудасы мен тауар биржасы палаталарының одағы 1950 жылы 15 наурызда құрылған. Жекеменшік сектордың мүддесі мен құқығын қорғайтын жоғары заңгерлік ұйым ретінде қалыптасқан. Бүгінде жергілікті сауда палаталары, кәсіпорын, сауда және өнеркәсіп, теңіз саудасы, тауар биржасы ретінде 365 мүшесі бар. Ал Германияның сауда-өнеркәсіп палатасы 79 сауда-өнеркәсіп палатасын бірлестіретін орталық ұйым. Германияда тіркелген компаниялардың барлығы осы палатаға мүше болуға міндетті. Бұл талап қолөнермен айналысатын кәсіпорындарға, еркін мамандық пен фермаларға ғана қойылмайды. Осылайша Германия сауда-өнеркәсіп палатасының 3 миллионнан астам кәсіпкер тіркелген. Оның ішінде ірі компаниядан бөлек, бөлшек саудамен айналысатын және қонақ үй бизнесінің субъектілері де бар. Осы секілді Ресейде де сауда-өнеркәсіп палатасы, Америкада Сауда палатасы, Чехияда Сауда-өнеркәсіп палатасы, Австрияның федералды-экономикалық палатасы жұмыс істейді. Мұндай ұйымдар қай құрлықтағы мемлекеттік алсаңыз да, жұмыс істейді, кәсіпкерлік қызметтегі түйткілді мәселелерді шешіп, қолдау шараларын ұйымдастырады. Ал еліміздегі Атамекен ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасын құруда бизнес-қоғамдастықтарды ұйымдастырудың континентальді моделі негізге алынған. Палатадағы кәсіпкерлердің жалпыға бірдей мүшелігі моделі континенталді (еуропалық) моделіне негізделген. Бұл модель Франция және Германияда әзірленіп, Еуропаның жетекші елдерінде сәтті жүзеге асып келеді. Бүгінде Еуропалық Одақтың 19 миллион кәсіпорын ішінен 15,5 миллион кәсіпорын жалпыға бірдей міндетті мүшелік бизнес-ортасында жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш 90%-ға тең. Германия, Франция, Италия, Испания, Нидерланды, Греция, Австралияда; Еуропалық одақтан тысқары Түркияда кәсіпкерлерді біріктіру үдерісінде мүшелік кәсіппен айналысатын әр тұлғаға міндетті. Осы модель нәтижесінде бұл мемлекеттер экономика дамуында қарқынды көрсеткіштерге қол жеткізген. Кәсіпкерлер және Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жұмысындағы негізгі бағыттың бірі бизнестің өзекті мәселелерін шешу, құқығы мен заңды мүддесін қорғау. Атамекен палатасы құрылғалы бері кәсіпкерлер тарапынан 23573 өтінім түскен. Егер жылдарға бөлсек 2014 жылы 4573 өтінім түссе, 2015 жылы 5314, 2016 жылы 7225. Жыл өткен сайын өтінім санының артуынан бизнестің Атамекен палатасының қорғай алатынына, мәселесін қарастыратынына деген сенімнің орныққанын байқауға әбден болады. Егер 2-3 жыл қатарынан өтінімдерде көтерілген түйткілді мәселе жер қатынастары, салық және сатып алу салаларына арналса, 2017 жылы өтінім мазмұны басқаша бағытта кәсіпкерлер арасындағы өзара дау-дамай, әкімшілік кедергілер алдыңғы орынға шыққан. Пайыздық есепке сүйенсек: 2014 жылы 17% жер, 10% салық, 8% сатып алулар; 2015 жылы 20% жер, 15% салық, 10% сатып алулар; 2016 жылы 12% жер, 14% салық, 13% сатып алулалар болған, ал 2017 жылы 20% кәсіпкерлер арасындағы дау, 9% әкімшілік кедергі, 12% жер, 9% салық салаларына арналған. Бұл көрсеткіш билік пен бизнес арасындағы қатынастың реттелгенін, мәселенің мәні басқа салаларға қарай бұрылып жатқанын анық байқатады. Кәсіпкерлердің құқығы мен мүддесін қорғаудағы еңбектің қорытындысы өтінімдердің 40%-дан астамының оң шешілуі. Бүгінге дейін кәсіпкерлердің қорғалған мүліктің құқығы 111,3 млрд теңгеге жетті. Оған алынып тсталған айыппұл мен өсімпұл, контрагенттердің келісімшарттағы міндеттерін орындауы, мүлікті қайтару, хабарламаны жою секілді жайттар кіреді. Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып құрылған Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстанның әрбір аймағында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінде еліміздегі 14 облыс пен Астана, Алматы қалаларында Өңірлік кәсіпкерлер палаталары жұмыс істейді, сонымен қатар аудандарда филиалдар ашылған. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары мен Кәсіпкерлерді қолдау орталықтары кеңес беру, сүйемелдеу, түсіндіру, оқыту жұмыстарымен айналысып келеді. Бизнесте белең алған заңсыздықтар мен ттүсініспеушіліктерді қарап, адал еңбек иесінің табысы арту жолында Атамекен ҚР ҰКП жанынан Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі құрылып, әрбір өңірде де осы аттас кеңестер жұмыс істеп келеді. Кеңес отырыстарында санитарлық-эпидемологиялық қадағалау, мемлекеттік сатып алулар, көлік бақылау, мектепке дейінгі білім беру, мемлекеттік бағдарламалар секілді тармақталған салалардағы өзекті мәселелер қаралып, жан-жақты талқыланады. ҚР Бас прокуратурасы, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және жергілікті атқарушы органдармен қалыптасқан байланыс негізінде мәселеленің жедел шешілуі жолға қойылған. Жаңа институт түйткілді шешудің жолы Кәсіпкерлердің құқығын қорғауда Қазақстанның бизнес-омбудсмен институты қалыс қалмайды. 2016 жылдың ақпан айында Мемлекет басшысының өкімімен Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл ретінде Болат Палымбетов тағайындалды. Президентке ғана есеп беретін уәкілдің атына 2016-2017 жылдары бизнес-омбудсмен атына 12420 өтінім түскен. Өтінімнің шамамен 47% толықтай немесе жартылай шешімін табады. Кәсіпкерлердің қорғалған мүлкінің сомасы 74,1 млрд теңге. Күні бүгінге дейін Қазақстанның 16 өңірінде жеке қабылдау өтті. 307 кәсіпкер жеке қабылдауда болды. Ауқымды атқарылған істің нәтижесінде кәсіпкерлерге қылмыстық істі тіркеу 5 есеге азайды. Мемлекеттік органдардың қайталанатын және тәуекелмен байланысты емес 165 функциясы алынып тасталды (30%). Бизнеске қойылатын талаптардың 56%-ы қысқарды. Сөз соңында...Жеке кәсіпте барлық әрекет заң аясында атқарылып, мемлекет пен тұтынушылардың қауіпсіздігі сақталып, адал жұмыс істегенде ешқандай мәселе де, қиындық та тумайды деп айту оңай. Бизнес иелерінің алдынан шығатын түрлі кедергілер мен қиындықтар табысты азайтатыны анық. Осы ретте Атамекен ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 5 жыл бойы адал жұмыс істейтін кәсіпкерлердің құқығы мен мүддесін қорғап келеді. Жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі артуы үшін заңнамаларға, құқықтық-нормативтік актілерге талдау жасап, артық талаптар мен қадағалауды барынша азайтуда қарқынды жұмыс атқарып келеді. Қарлыға Телман