Жастарды кәсіпке баулитын "Атамекен" экожүйесі

Елордада алғаш рет "Atameken Fest" бірегей фестивалі өтті, онда жас әрі табысты кәсіпкерлер өздерінің табыс тағылымдарымен бөлісіп, болашақ кәсіпкерлерге тиімді кейстерді көрсетіп, пайдалы кеңестер берді.

"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы "Жас кәсіпкер" жастарға арналған жаңа жобаны таныстырды, бизнес-сауаттың артықшылықтары туралы ақпаратпен бөлісті.

Фестивальге 2 мыңнан аса қыз-жігіт, жас кәсіпкерлер қатысты, ал фестивальдің ең басты оқиғасы – кәсіпті енді бастаған және жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлерге арналған "Atameken Academy" білім беретін бірегей платформасының іске қосылуы болды.

"Елімізде мұндай ауқымды фестивальдің баламасы жоқ деп сеніммен айтуға болады. Бұл пайдалы таныстық, жеке өсу мен мақсатқа жету бойынша көп кеңестер мен лайфхактарды бір күн ішінде алуға болатын жастардың керемет басқосуы", – деп қонақтармен сәлемдесті "Atameken Academy" стартап және "Atameken Fest" фестивалінің авторы, "Rocket Study" білім беру орталықтары желісінің негізін қалаушы Арслан Дәрімов.

Енді іске қосылған онлайн-платформа арқылы қатысушылар спикерлерден пайдалы ақпаратты, сұрақтарға жауаптарды алып қана қоймай, сондай-ақ Академияның комьюнитиі шеңберінде өзара тілдесу, бірге білімдерін жетілдіріп, жаңа деңгейге шығуға мүмкіндік алады.

Арсланның өзі бизнеспен мектеп жасынан бастап айналысып келеді. Америкалық университетке грантпен оқуға түскен жас жігіт, шетелге кетуді емес, елде кәсіп ашуға бел буған.

"Тестті тапсырмадым, көп жастардың арманы, Американың жоғары оқу орнына түсіп тұрып, оқуға барудан бас тарттым, қысқасы жағдайым қуантарлық болған жоқ. Бұл жағдайымды көрген мектептегі ұстаздарым әрі кетсе аула тазалаушы болар деген болжам да айтқан болатын", – деп еске түсірді Арслан Дәрімов.

Мектепте оқып жүріп, ағылшын тілін үйретуден репетиторлықты қолға алған Арслан жеке кәсіпке бет бұрып, алғашқы кеңсесін ашқан. Бүгінде Арслан Дәрімов Қазақстан бойынша және Омбы қаласындағы оқу орталықты қосқанда 16 мектептің иесі.

Ал фестивальдің қонағы, "Қазақстан Халық банкі" АҚ Басқарма Төрайымы Үміт Шаяхметова мұндай көлемде әрі форматта ұйымдастырылып отырған жастар ортасына алғаш шығып отырғанын жасырмады. Бүгінде іскерлік ортада білікті кәсіпкер ретінде танылған спикер табысқа жеткен өз тәжірибесімен бөлісіп, кез келген адамның жетістікке жетуі тек әркімнің өз қолында екенін айтты.

"Мен Арсланға қарағанда (Арслан Дәрімов – ред) сабақты беске оқыдым, үнемі қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысатынмын. Менің жас кезім Кеңес үкіметінің құлдырауымен тұспа тұс келді. Мұндай жағдайлар барлығымызға оңай тиген жоқ. Ол уақытта Мәскеуде білім алып жаттым, біз дұрыс бағыттамыз ба, жоқ па, ешкім айта алмады. Бірақ, сол кезде қол қусырып отырмай, отбасымның алдындағы жауапкершілікті өз қолыма алып,әрекет ету керектігін жақсы түсіндім", – деді Үміт Болатханқызы.

Белсенділік пен еңбек – қатардағы маманнан басқарма төрағасының орынбасарлығына, орынбасардан басқарма төрағалығына жетеледі. 2009 жылы Қазақстанға дағдарыс келді. Баға күрт түсіп кетті: жылжымайтын мүлік, бидай, мұнайдың құны арзандады.

"Көп күмән болды. Осындай жаһандық дағдарыста әйел адам банкті басқара ала ма? Неге болмасқа? Егер қазір төрағалыққа ер адамды қойса, мен бәрібір бірінші орынбасары ретінде мәселелерді шешуге кірісемін. Әйел болуым кедергі емес. Иә, кенже балам небәрі 1 жаста еді, бірақ моральді тұрғыда білек сыбана жұмыс істеуге дайын болдым. Осылайша, қолымнан келмесе, қызметті босатамын деген шартпен жұмысқа кірістім", – деді Үміт Шаяхметова.

Atameken FEST алаңында Үміт Шаяхметова жастарға арналған жаңа бағдарламаны таныстырды. Қазақстан Халық банкі 30 жасқа дейінгі жастарға жылдық 5%-бен 1 млрд теңге бөлетіні жайлы мәлімдеді. Сонымен қатар банкте әйелдер кәсіпкерлігін қолдау бағытында арнайы бағдарлама іске қосылған, шағын және орта кәсіпкерлікті, цифрландыру бағдарламасын белсенді қолдау жүріп жатыр.

"Біз көмек пен демеушіліктен бөлек, сіздерді жұмысқа алуға дайынбыз", – деді Үміт Шаяхметова.

Шілде айында іске қосылатын кезекті жоба – "Жас кәсіпкер" бағдарламасы. Бұл 29 жасқа дейінгі 100 мың студент пен жастарға кәсіпкерлікке оқу, мемлекеттік грант немесе тиімді несие алып, жеке кәсіп ашудың мүмкіндігі. Әзірге жоба Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмысын бастайды.

"5-7 жылдан кейін кімнің тағдыры қалай болатынын ешкім де айта алмайтыны анық. Мектеп аяқтаған соң көп қыз-жігіттер жұмыс таба алмай, басым бөлігі қызмет түрін таңдай алмай жатады. "Атамекенді" осы мәселе алаңдатады", – дейді "Атамекен" ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев.

Спикердің айтуынша, кім физик, химик болатынын, ал кім кәсіпке жақын екенін мектеп қабырғасынан білген абзал.

1 қыркүйектен бастап Қазақстанның барлық мектебінде "Кәсіпкерлік негіздері" пәні оқытылады, ал келесі жылдан бастап бұл пәнді колледждерде, одан кейін жоғары оқу орындарында енгізу жоспарлануда.

"Осы жұмыстың барлығы кәсіпкерліктің экожүйесін құруға көмектеседі. Біз жас кәсіпкерлер буынын қалыптастыруды өзімізге мақсат етіп қойдық. Сондықтан осындай форматтағы фестивальді барлық өңірлерде өткізуді жоспарлап отырмыз", – дейді Эльдар Жұмағазиев.

Жастарды бизнес-сауатқа оқыту бастамасын отандық танымал вайнерлер, жас кәсіпкерлер – Yuframe жобасының қатысушысы Арман Юсупов, "SABYRZHANAYRIN" брендінің негізін қалаушы Рүстем Ермекбай, "MIRASKIN SHOP" негізін қалаушы Мирас Иманмадир мен басқа да табысты жастар қолдады.

Instagram-кеңістікте танымал вайнер Темірхан Асылбек бірден табысты кәсіпкер болмаған екен.

"Интернеттегі танымалдыққа дейін мен суши жеткізу қызметінен бастағам, жабдық сатып алдым, аспаз жалдадым, бірақ бір күн де жұмыс істемедік. Кәсіпте бизнес-жоспардың болғаны керек, онсыз қиын. Бизнес басы әдетте былай ғой: "көлік жуу жақсы бизнес, ашу керек, о барбершоп бизнесі тиімді, ашу керек". Мен де осындай пайымның құрбаны болдым. Ойлап қараңыз, трендтер өтпелі, ал көлік жуу орталықтары бәрі бір қалады", – деп бөлісті Темірхан Асылбек.

Вайнердің айтуынша, бүгінде кәсіпкерлер арасында жастар көп, олармен бәсекелесу қиындап барады.

"Бұл қуантарлық жайт. Мен кафе иесімін, әрі қоғамдық тамақтану саласындағы бәсекелестік тым жоғары. Жақсы өнім шығаратын тамаша жобалар бар, бірақ тез жабылып жатады, оларға жарнама жетіспей жатады. Блогер болғанымыз қандай жақсы, аудиториямыз бар, бізге оңайырақ", – дейді кәсіпкер.

Сөзінің соңында Темірхан Асылбек жас кәсіпкерлерге бірнеше кеңес берді. Біріншіден, қашан да өзіңе сену керек. Екіншіден, кез келген бизнес капиталды талап етеді. Бұл дегеніміз қаражатты ата-анадан, туыстардан сұрау керек немесе несие рәсімдеген жөн, ең бастысы – қол құсырып отырмау қажет. Үшіншіден, еңбек пен төзімділік мұрақта жеткізеді. Тағы бір маңызды жайт – жеке кәсіпті ұнату керек.

Аtameken FEST фестивалінің толық бейне нұсқасын мында 1-бөлім, 2-бөлім көруге болады.

Аtameken FEST – бұл жыл сайын өтетін Қазақстан жастарына арналған барлық өңірлерді қамтитын бірегей алаң. Онда жастар мен табысты кәсіпкерлер бас қосып, табыс тағылымдарымен бөлісіп қана қоймай, кәсіпті енді қолға алған жастарға нақты кейстер және бірегей бизнес-кеңестер береді.