- Негізгі бет
- Мен кәсіпкермін
- "Жастар жылында" жас...
"Жастар жылында" жас кәсіпкерлер кеңесі құрылды
Бұл идея расында да Елбасымыздың 2019 жылды "Жастар жылы" деп жариялағанда туған екен. Бүгін Astana Hub-та "Атамекен" ҚР ҰКП қолдауымен "Жас Қанат" жас кәсіпкерлер кеңесінің салтанатты таныстырылымы өтті. Кеңес Мүшелеріне жасы 35 жасқа жетпеген кәсіпкерлер кірген бұл кеңес расында да жастарға қанат бітіретіндей.
"Біздің Кеңес ешқандай да мемлекеттік органның бастамасымен туған ұйым емес. Бұл расымен де жас кәсіпкерлердің бірігіп, бір-біріне өздері өткен мәселелер бойынша кеңес беретін, артымыздан ереміз деген іні-қарындастарымызды қолдау мақсатында құрылды", – деді осы идеяның авторы, "Алай Фуд" жартылай фабрикаттар компаниясының негізін салушы, Жас кәсіпкерлер кеңесінің Төрағасы Айнұр Әмірхан.
Сыртынан қарап тұрып-ақ, жастық жалын мен жігер ескен бұл жиынның қызығып келген қатысушылар үшін берері мол екені сезіліп тұрады.
"Жастардың өз алдына осындай пайдалы істерде бас қосқаны бізді қуантады. Астана әкімдігі әрқашан да ашықтықты ұнатады. Осындай идеяларды қолымыздан келгенше қолдауға әзірміз", - деп ағынан жарылды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қоғамдық даму бөлімінің басшысы Данияр Есин.
"Атамекен" былтырғы жылы ауылдық жерлердің жастарына өз кәсібін ашуға көп көмектесті. Биыл біз қала жастарына да назар аударудамыз. Әзірге, Алматы, Астана, Шымкент секілді үлкен қалаларда "Еңбек" бағдарламасы бойынша өз жұмысымызды бастап кеттік", – деді "Атамекен" ҚР ҰКП Жаппай кәсіпкерлік және микро қаржыландыру департамент басшысының орынбасары Әсет Сәдуақасов.
Осылайша, "Атамекен" мен Жас кәсіпкерлер Кеңесінің арасында меморандумға қол қойылды.
Алысты-жақыннан келген тыңдармандарға өз істерінде белгілі бір деңгейге жеткен спикерлер кәсіп бастаудағы қызықты сәттері мен кәсіпкер болам деген адамға қажетті кеңестерін айтты.
Спикерлердің арасында "А2" супермаркеттер желісінің, "Зе Шордич", "Лепим Варим" ресторандарының негізін салушы Мирас Ибраимов, Happy Cake кондитер желісінің негізін салушы Асхат Солтанов, "Алай Фуд" жартылай фабрикаттар компаниясының негізін салушы Айнұр Әмірхан, "Менің Атамекенім" Қоғамдық Бірлестігінің тең құрылтайшысы, кәсіпкерлік білімді дамыту саласының эксперті Ермек Дүйсенханов, кәсіпкер, меценат Жандар Садықов сынды азаматтар болды.
А. Оралқызы