- Негізгі бет
- Мен кәсіпкермін
- Жарнама: танымалдылық және...
Жарнама: танымалдылық және табыс
Бүгінде кез келген кәсіпорынды жақсы ұйымдастырылған маркетингсіз және өндіріс өнімін жарнама арқылы таныту тәсілдерінсіз елестету қиын. Заманауи сауда жүйесінде кәсіпорын қызметінде жарнаманың рөлі негізгі планға шыққан. Дамудың негізгі элементі ретінде танылған маркетинг пен жарнаманы ығыстырып тастаса, онда өндіріс тоқтап, кәсіпкерлер өнімді жетілдіру, жаңасын ойлап табуды қолға алмайды. Бизнес әлемінде бәсекелестік құлдырып, өнім сапасы мен саны шектеулі болады. Жарнама – бизнес бәсекелестігіндегі жаңашылдыққа ынталандыратын, ұмтылдыратын құрал.
Жарнама жайлы жариянама
Жарнама тауар мен қызметті өткізудің тиімді тәсілі. Жарнама арқылы ұқсас тауарлар арасынан ерекшеленуге, сұранысты арттыруға болады. Жарнама арылы тауар мен қызметтің сапасы, құндылығы туралы ақпарат қалыптасып, тұтынушының сенімі оянады.
Жарнаманың басты қызметі – әлеуетті клиенттің сатып алуға деген қызығушылығын ояту. Ақпарат көзі психологиялық әсер ететін фактор ретінде сұранысты арттыруға сеп болады.
Жарнама компанияның қызметіне жан-жақты әсер етеді. Жаңа технологияны енгізуге, тауар сұрыпталымын жаңартуға, менеджмент әдістерін енгізуге, сапа бақылауында тың әдістерді қолдануға ынталандырады. Бәсекеге қабілеттілікті арттыруда кәсіпкерлер өз компаниясында жарнаманы сәтті пайдаланса, өндірісі ұлғайып, табысы артуы әдбен мүмкін.
Бизнестің жай ғана элементі емес, сауда өнері ретінде бағаланатын жарнаманың түрлері мен қолданылу тәсілдері күн өткен сайын жаңарып келеді. Тауар мен қызмет жайында қарапайым сурет іліп, радио арқылы хабарлап, теледидар арқылы ролик көрсету ескі тәсілдердің қатарына енген.
Маркетингтік қызмет жоспарын ұйымдастыра отырып, жарнаманың негізгі стратегиясы мен оған жұмсалатын қаражат көлемі анықталады. Әрине, қанша жерден жарнамаланса да, көңіліне ұнаған тауар мен қызметті таңдау тұтынушының еркінде. Дегенмен, атауы жиі айтылмайтын, маркасы көрсетілмейтін тауарға қарағанда, көзіне әрдайым ұшырасатын өнімнің өтімділігі жоғары болады.
Жарнама: пайда мен танымалдылықтың жаңа тәсілдері
Америкалық публицист Ванс Пакард «Жарнама – қалтаға түсу үшін ойға енетін өнер» деп баға берген жарнама кез келген бизнестің басты элементі. Жарнаманың не үшін қажет екенін публицистің анықтамасы дәл көретіп тұр. Жаңа тұтынушымен қатар табыс та артатын тәсілдің бірнеше түрі бар.
Бүгінде жарнаманы кеңінен таратудың жолы – интернет. Ең ұтымдысын таңдауды жөн санайтындар үшін интернеттегі жарнаманың 4 тәсілі өз тиімділігін дәлелдеген.
Контексті жарнама. Атауының өзі айтып тұрғандай іздеу жүйелерінде сіздің тапсырысыңызға нақты сәйкес келеді. Бұл іздеу нәтижесі арқылы сайтты оқитындар туралы ақпарат алып, оларды сүзгіден өткізе аласыз. Сайтты қай елдің, өңірдің тұрғындары жиі оқитыны туралы ақпарат алу мүмкіндігі жарнама беруде қолайлы. Іздеу жүйелерінде рейтингі жоғары сайттар бірінші ашылады. Google AdWords және Яндекс Директ контексті жарнаманың көшбасшылары. Жарнама беру арқылы сайттың қаралымын арттыруға мүмкіндік береді. Компания рейтингі жоғары сайтқа жарнама бере алады.
Әлеуметтік желілердегі жарнама. Интернеттегі жарнама әлеуметтік желілер арқылы тиімді екені дәлелденген. Миллиондаған адам тіркелген әлеуметтік желі кәсіпті дамытудың алаңына айнала алады. Facebook, Вконтакте, Instagram секілді көптеген желі арқылы ресми парақша ашып, брендті таныстыру жұмыстармен айналысу тұтынушылардың пікірін білуге, сапаны арттыруға, қызмет көрсету деңгейін арттыруға септігін тигізеді. Көпшілік виртуалды байланысқа, қарым-қатынас орнатуға ықыласты. Бұл жасырын жарнаманы енгізуге жол ашады. Белсенді топтар мен жалпы әлеуметтік желінің бетіне жарнама беру арқылы да танымалдылықты арттыру тәсілі бар. Әлеуметтік желі – ауқымды аудитория және арзан жарнама.
Интернеттегі жарнаманың тағы бір түрі – тизерлік жарнама. Тизер – өнім туралы қысқа ақпарат жазылған хабарлама. Мысалы салқын шай туралы жарнама жасау керек болса, телеарна арқылы бұл тым қымбатқа түседі. Ақпараттық порталдарда шөл қандыруға қатысты мақала жариялап, оған өнім туралы ақпарат беретін әдемі сурет қоюға болады. Міне, осы тизерлік жарнаманың бір тәсілі. Бұл жарнаманың бюджеті аз, тиімділігі жоғары.
Онлайн жүйедегі жарнаманың ұтымды тәсілі – Email-маркетинг. Бұл электронды поштаға хат жолдау арқылы бренді таныту. Электронды почтаны ашпайтын адам кем де кем. Күніне ең болмағанда бір рет почтасын тексеріп, хат-хабар алысатын жұмысбасты адамдардың қатары баршылық. Бұл жарнаманың түрі жаңа өнім туралы ақпарат беруде, қызықтыруда, табысты арттыруда нәтижелі.
Жоғарыда тізбектеген жарнама түрлері интернет арқылы таралады. Қалыптасқан телеарна мен радио жарнама, тіпті флаерлер мен парақшаларды тартудан бөлек жаңа тәсіл ойлап табылуда.
Айнадағы жарнама – көпшілік жиналатын жерде TFT-мониторда слайд-шоу, жүгіртпе жолы және бейнероликтер көрсету арқылы өнім туралы ақпарат беріледі. Мысалы қол жуатын бөлмедегі айналарда жарнама ойнаса, жаһандық технологияның бір жетістігі ретінде көрінісі. Әп-сәтте шығатын слайдттар адамды елітіп, назар аудартады. Айнаның бүкіл аумағына таралмайды, сол үшін айнаға қараған адамның негізгі қызметіне кедергі келе бермейді.
Сонымен қатар жарнамада жаңа технологияны пайдаланудың тағы бір тәсілі InDoor TV деп аталады. Бұл тәсіл арқылы бейне экранның аумағынан тыс шығып, ерекше әсерге бөлейді. Бұл қарапайым 3D технологияға қарағанда қосымша құралдарды пайдаланбастан үш есе бейнені ауада тамашалау мүмкіндігі.
Қоғамдық демалыс орындарында, қала көшелерінде арнайы отыратын орындықтар да жарнама құралы ретінде қолданалады. Маркетологтар әлеуметтік маңызы бар, қаланың абаттандырылуында пайдаланылатын сәндік бұйымның жарнамалық күші зор екенін дәлелдеген. Туристік аудандар, орталық көшелер, қоғамдық көлік күтетін көпшілік орындары мен саябақтардағы орындықтарға өнім туралы жарнама беру – танымалдылықты арттырудың тәсілі.
Бүгінде компанияның атауы мен бренд логотипін түрлі заттарға салу сәнге айналған. Футболка, кепка, саптыаяқ, пакет сынды заттарға салу бірте-бірте қалыс қалып, бүгінде хош иісті сабындарға енгізіледі. Кәдімгі жеке гигиенада қолданылатын сабындарға компанияның атау мен логотипі, не болмаса бренд таңбасы салынып, сыйға беріледі. Қоғамдық орындарда қол жуатын жерлерге қоя отырып, сабын арқылы жасырын жарнаманың қызметі жүріп жатады. Сабынға салынған жарнаманы негізінен сұлулық салоны, фитнес-орталықтар, қоғамдық тамақтану ұйымдары мен химиялық тазарту мекемелері арқылы таратуға болады.
Жарнама – асып-тасудың белгісі емес, бұл кәсіпкер үшін қажеттілік. Нарықтағы танымалдылықты қалыптастырып, айтарлықтай беделді арттырады. Сауатты маркетинг компанияның сенімділігін, төлем қабілеттігі мен жауапкершілігін білдіреді. Өнімнің артықшылығын таныстырып, сатылымды арттырып, табысты ұлғайтады. Бизнестегі маркетингтік акциялар сәтті болу үшін сарапшылардың пікіріне құлақ түріп, жарнаманың қай түрі тиімді екенін білген абзал. Ал кәсібін енді бастаушылар «Атамекен» ҚР ҰКП Өңірлік палаталарының жанынан құрылған Кәсіпкерлерді қолдау орталықтары мен Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарынан кеңес алып, бизнес-идеяны бизнес жобаға айналдыруға дейінгі сүйемелдеу қызметін ала алады.
Қарлыға Телман
А. Оралқызы