Morgan Stanley Еуропадағы штаб-пәтері Германияға ауысады

Morgan Stanley Еуропадағы штаб-пәтері Германияға ауысады
Фото: cnbc.com

АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында орын тепкен халықаралық Morgan Stanley банкі өзінің Еуропадағы штаб-пәтерін Германияға ауыстыруды шешті. Bloomberg таратқан ресми ақпаратқа орай, америкалық банк Лондондағы брокерлік бизнесін Майндағы Франкфурт қаласында ауыстырмақ.

Десе де, толықтай көшірілмейді. Morgan Stanley банкінің Еуропадағы активтерін басқару бойынша операциялар департаменті Ирландияның Дублин қаласына қала бермек. Сонымен қатар, қаржы институты Еуропаның өзге де қалаларында кем дегенде 300 қызметкері бар бөлімшелерін ашуды жоспарлап отыр.

Осыған дейін JPMorgan Chase компаниясы да өзінің Еуропадағы қаржы операцияларын жүргізетін бөлімшесін Франкфурт қаласында ашатыны туралы ресми мәлімдеген болатын. JPMorgan Chase банкінің атқарушы директоры Джейми Даймонның айтуынша, мұндай шешім қабылдауға Ұлыбританияның Еуропа одағынан шығу үдерісі негіз болған.

Сарапшы мамандардың пікіріне орай, Brexit Франкфурт қаласы үшін таптырмайтын мүмкіндік болып отыр. Аталған қала осыған дейін де Еуропаның қаржы орталығына айналуға тырысып баққаны белгілі. Енді Лондондағы қаржы институттары Еуропа нағырығына шығу үшін Франкфуртқа көшуден басқа амал таппайды.

"Майнхэттен", Франкфурттың қаржы орталығы 

Айта кетсек, Франкцурт қаласының қаржы округі «Майнхэттен» деп аталады. Жергілікті халық өз қаласын Нью-Йорктегі Манхэттен сынды әлемдік деңгейде қаржы хабын құру ниетімен осылай атап кеткен екен. Аталған округте Standard Chartered Plc, Nomura Holdings Inc., Sumitomo Mitsui Financial Group Inc. және Daiwa Securities Group Inc. компанияларының штаб-пәтерлері орналасқан. Сонымен қатар, америкалық Citigroup Inc. және Goldman Sachs Group қаржы институттарының Еуропадағы негізгі бөлімшелері де осында орын тепкен.

Ж. Өрісбай