- Негізгі бет
- Мен кәсіпкермін
- Бизнес және сөздік...
Бизнес және сөздік
Кез келген салада кәсіби сауатты маманның жұмыс істеуі, ойлауы, жетістікке жетуі оңай болары анық. Саланы толық меңгерген, не болмаса жеткілікті деңгейде ақпаратты сіңірген маманның кез келген жағдайда туындаған мәселені шешуге, жол табуға икемді келері анық. Ал бизнестегі сауаттылықтың маңызы қандай? Қаржы сауаттылығы мен бизнес терминдерді білудің қажеттілігі бар ма?
Кәсіпкерлікте өндіріс, тасымал, жеткізу, сауда, төлем, салық, есеп жүйесінің әрқайсында қолданылатын терминдер бар. Олардың бірін біліп, бірін түсінбеу қызметке кедергі келтіріп, табысқа жетуді кешеуілдетеді. Сондықтан сауатты болу – бір қадам алда жүрудің кепілі.
Осы ретте жеке кәсіп бастаған жанға көмекке келетін құрал – сөздік. Сөздік дегенде бірден тіл мамандары еске түсетіні белгілі. Сөздіктің бизнеспен ерекше байланысы бар. Бизнес терминдер, олардың мағынасын, қолданылу аясын түсіну жұмысты ілгерілетеді.
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ауыл-аймақтағы азаматтардың кәсіби сауаттылығын арттыру, бизнесте табысты болуына көңіл бөліп екреше бастаманы қолға алды. Бүгінде А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мамандарымен бірлесіп «Кәсіпкер сөздігі» атты бастаманы жүзеге асырды.
Бұл жобаның тұсауы «Атамекен» пікірталас клубының отырысында қиылды. «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының қаржылай емес оперторы ретінде «Бастау» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жобасын жүзеге асырып отыр. Осы ретте Ұлттық палата ауыл тұрғындарын оқытуда бизнес, қаржы сөздіктеріндегі олқылықтар жіті түсініп, кәсіп ашуда жиі қолданылатын терминдер мен тіркестерді түсінікті болуы үшін «Кәсіпкер» сөздігі жобасын бастаған. Әрине, басты мақсат – сауаттылықты арттыру.
Кәсіби сауаттылыққа мән берген тіл мамандары кәсіпкердің қарапайым әрі күрделі межені ажыратып, күрделі мәтінді түсіну, қарама-қайшылықтарды ажырату, астарлы байланысты аңғару деңгейін арттыру үшін 500-ге жуық бизнес терминдердің аудармасын және түсіндірмесін жинақтаған.
Кәсіби сауаттылыққа ие кәсіпкер ақпаратты сыни көзбен талдайды, танысады, салыстырады, қысқарған сөздерді түсіну, түрлі формаларды қабылдау, сараптауды меңгереді.
«Ауыл халқы кәсіппен айналысуды бастағанда «Бастау» оқыту жобасының күн тәртібінде көптеген көзге көрінбесе де, іске қолбайлау болған мәселелер кесе-көлденең шықты. Google іздеу жүйесі арқылы қандай да бір бизнес-жоба, жоспар туралы ақпаратты іздегенде ұлт тілінде мәліметтің, қарапайым тілмен ұғынықты түсіндірілген бір де бір сөздік жоқтың қасы екені анықталды. Мәселен, қазір несие, кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау, дотация, лизинг және т.б сөздердің түп мағынасын түсіндірген қайнаркөздерді іздейді. Яғни уақыт өте келе кәсіпкерлік тілінің қазақша сөйлеуіне сұраныс та, қажеттілік те өздігінен туындайтыны сөзсіз. Біз оған дайынбыз ба? Бүгінгі жиынның өзегіне айналған «Кәсіпкер сөздігі» кітабының жарыққа шығуы – уақыттың өзі белгілеп берген қажеттіліктен туған құбылыс», – деп түсіндіреді «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев.
Эльдар Жұмағазиев бизнес тілінің қазақы формасы қарапайым, түсінікті шықса, оның ауқымы кеңейе беретініне назар аударды. Себебі бұл күнделікті тұрмыс-тіршілік, сауда-саттық, коммуникация. Әрине қарапайым тұтынушыға ғылыми терминдермен жауап беру әбестік. Осы ретте «Бастау» оқыту жобасы қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтетін жалпыұлттық жобаға айналғаны құптарлық. Алдағы уақытта фермерлерге де арналған сөздік шығару жоспарда бар екендігін жасырмады.
«Кәсіпкер сөздігі» кітабының авторы профессор Айман Алдаш осынау кітапты дайындау барысында сөздерді мағынасына қарай түсіндіріп, академиялық энциклопедиядағыдай сөз тіркестерін қоса ұсынғанын, алдағы уақыттарда сөздік жаңа сөздермен толықтырылатынын жеткізді.
«Біз әрбір сөздің шығу тегі, семантикасына мән бердік. Мәселен, қазір кәсіпкелер франчайзинг, лизинг т.б терминдерді жиі қолданады. Сөздікте бұл сөздерді қазақшаға аудару, немесе қазақша баламасын ұсыну мақсат болған жоқ. Біз осы халықаралық терминді қазақи ұғымға сай, кеңінен түсіндірдік. БАҚ тілінде сөз тіркестерінен мысал алдық. Кітап шықпас бұрын аймақтарға электронды нұсқасы таратылып, талқыланды, кейбір сөздер алынып тасталды, көп термин жаңадан енгізілді. Бұл тың жоба болатыны анық. Әлі де ізденіс үстіндеміз», – дейді профессор Айман Алдаш.
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы еліміздің барлық аймағындағы жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды «Бастау» жобасы арқылы ксіпкерлік негіздеріне оқытып, бизнес ашудың қыр-сырын үйретін, бизнес-идеяларын нақты жобаға айналдырып, жеңілдетілген несие алуына, одан кейін аяққа нық тұрғанша жобасын сүйемелдеуді қолға алған. Мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылып отырған бұл шара ауыл азаматтарының бизнес терминдерді түсініп, қолдануға мұқтаж екенін анық көрсеткен. Сондықтан 2017-2021 жылдар аралығында жүзеге асырылатын «Бастау» жобасы ауыл тұрғындарының қаржылық және кәсіби сауаттылығын арттыруда «Кәсіпкер сөздігі» бастамасының көмегі айқын болатынын көрсетіп отыр. Сонымен қатар алдағы уақытта да мемлекеттік тілде бизнес коммуникацияны дамытуда бизнес сөздіктің үлесі зор болмақ.
Қарлыға Телман
А. Оралқызы