Алматыда студенттерге арналған 100 тегін жатақхана орындары беріледі

Алматыда студенттерге арналған 100 тегін жатақхана орындары беріледі

Алматылық кәсіпкер Аян Көшербаев – «House of students» жатақханасының иесі. Ғимарат студенттердің жатақханасы ретінде салынған, алайда ол жердегі жайлылық әлдеқайда жоғары деңгейде. Мысалы, әр бөлмеде жуынатын бөлме мен санитарлық торап, киім мен аяқ киімдерді ыңғайластырып қоятын шкафтары бар бөлек бөлмелер қарастырылған. Сондай-ақ жатақхананың ішінде спортзал, тұрғындарға арналған жеңіл бағадағы мейрамхана, блогер-студенттер үшін кеңсе және турагенттік қызмет етеді.

«Студенттер жатақханасын салу идеясы Қазақстанға шетелдік студенттерді әкелумен айналысқаннан кейін ойға келді. Алматыға үндістер, қытайлар, пәкістандықтар келе бастағанда, оларды орналастыратын орын болған жоқ. Университет жатақханаларында орын жетіспеушілік мәселесі бар. Сол сәттен бастап, біз жатақхана ашуды қолға алдық. Жобаны іске қостық, ол тыбысты нәтиже көрсетті. Қазіргі таңда бізде 450 студент тұрады, олардың жартысы шетелдіктер. Студенттердің басым көпшілігі С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, Әл- Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясы, UIB студенттері. Ең қызығы, біз өз қызметтерімізді аса жарнамалаған жоқпыз. Бірінші күні 10 адам қоныстанды, ал бір ай ішінде 150 адам қоныстандырдық. Студенттердің бір-біріне біздің жатақхана туралы айтып, жарнама жасауы әсер етті», - дейді Аян Көшербаев.

Жатақхана Алматы қаласы Алмалы ауданында орналасқан, бұл, әрине, оның сұранысына әсер етпей қоймайды. Бір адамға тұру құны айына 20 мың теңгені құрайды. Бұл ЖОО жатақханаларынан қымбаттау, бірақ пәтерді жалға алудан гөрі арзан.

«Мен Қазақстанда медициналық білімді таңдадым, себебі ол ҚХР-да немесе Филиппиндегідей жоғары бағаланады, бірақ бұл жақтың оқу бағасы әлдеқайда қолайлы. Мысалы, Үндістанда медицина оқуы жылына кем дегенде 45 000 доллар тұрады, ал мұнда мен тек 7 000 доллар төлеймін. Бұл жақта 6 жыл оқуымды оқып, кейін отаныма қызмет етуге кетемін. Бізде дәрігерлер бәрінен жоғары табыс табатын қызметкерлер қатарында, олардың жалақысы қазақстандық өлшем бойынша 1 млн теңгені құрайды. Біздің бөлмеде 3 қыз тұрамыз, олардың барлығы Индиядан келген. Бізге мұнда тұру өте ыңғайлы, сондай-ақ жатақханадағы мейрамханада үнді тағамдары да беріледі», – дейді Қашғардан келген 19 жасар Митхад Асофи.

Асылбек Жанұзақов – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультетінің 1 курс студенті, Тараздан келген. Бос уақытында ол бейнеролик түсіріп, оларды өндейді, инстаграмда студенттік өмір туралы бейнеблогын жүргізеді. Мұндай белсенділікті байқаған жатақхана иесі Асылбекке тегін тұруға мүмкіндік берген.

«Біз шығармашыл, белсенді жастарға қолдау көрсеткіміз келеді. Келесі оқу жылынан бастап студенттер үшін 100 тегін орын бөлуді жоспарлап отырмыз. Шартты түрде, біз оларды үш жеңілдік тобына бөлетін боламыз: белсенді балалар, көпбалалы отбасыдан шыққан және тұрмысы төмен балалар үшін. Мысалы егер олардың ата-аналарында несие көп болса, студенттер шын мәнінде төлеуге қиналса, біз әрқашан оларға жеңілдіктер беруге тырысамыз. Мен тек жақсы оқитындарды ғана аламын деп айтпаймын, өзім де мектеп қабырғасында аса жақсы оқитындардың қатарында болмадым. Мен де студент болғанмын және бала кезімнен өз мемлекетіме қандай да бір пайда әкелгім келді. Студенттердің жайлы өмір сүргенін қалаймын, себебі сапалы білім мен тың ойлар жақсы тұрмыстық жағдайдан келеді, бұл біздің болашағымыз», - дейді Аян Көшербаев.

Жас кәсіпкердің мұндай жобалары Қазақстанның басқа өңірлерінде де болмақ. Семейде 1200 орындық студенттік жатақхана жұмыс істейді, 800 орындық тағы бір жатақхана Астанада іске қосылады. Сонымен қатар, Алматыдағы жатақхана 2700 орынға дейін кеңейтіледі, қазіргі таңда қосымша құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

Студенттік жатақханаларды қаржыландыру мүмкіндігі туралы білген Аян Көшербаев мемлекеттік-жеке меншік әріптестік (МЖӘ) бағдарламасына қатысуға шешім қабылдап отыр. Мемлекеттік тапсырысқа сәйкес, ҚР Білім және ғылым министрлігі тұрғындарды жатақханамен қамтамасыз етеді және жыл сайын әр жатын орын үшін 122 айлық есептік көрсеткіш төленеді, оның ішінде ғимаратты қайта жаңғыртуға 47 айлық есептік көрсеткіш төленетін болады. Төлем кезеңі 8 жылды құрайды. Аталған жобаны жүзеге асыру үшін 152 млрд теңге бөлінді. Бағдарламаға қатысуға өтінімдерді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қабылдайды.

«Бұл жоба шығынды болса да, мен оған қатысамын. Өйткені менің жобаларым өте көп, ал бұл әлеуметтік жоба. Мен өзім жақында ғана ЖОО бітірдім, сондықтан студентттердің жағдайын жақсы түсінемін. Осы орайда мен үшін патриотизм пайдадан әлдеқайда маңызды», – дейді Аян Көшербаев.

Естеріңізге сала кетсек, 2018 жылдың 5 наурызында ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев өзінің Бес әлеуметтік бастамасы аясында студент жастардың өмір сүру жағдайын жақсарту бойынша міндеттер қойған болатын. МЖӘ бағдарламасы асында 2022 жылға дейін студенттік жатақханаларға 75 мың жаңа орын енгізу жоспарлануда. Бүгінгі таңда жатақханаларға 91 000 қазақстандық студент мұқтаж, оның 30 мыңы Алматыда тұратындар.

Айымбала Мешелова

Massaget.kz