- Негізгі бет
- Мен кәсіпкермін
- Kásip-kz: жұмыссыздықты...
Kásip-kz: жұмыссыздықты азайту
Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасы жаңа ауқымды жоба – «Kásip-kz» жұмыспен қамту агенттігін таныстырды.
Жоба мақсаты – Ақмола облысы кәсіпорындарының мамандарға деген қажеттілігін қамтамасыз ету, жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға жұмыс тауып беру, олардың әлеуметтік кәсіби бағдарын ұйымдастыруға және қайта мамандануға көмектесу.
«Kásip-kz» қызметінің қағидаты: ішкі өңірлік, өңіраралық және халықаралық 3 бағытты қамтиды. «Kásip-kz» ішкі өңірлік бағыты облыс территориясында жұмыспен қамтуға көмектеседі.
Өңіраралық бағыт өз кезегінде, халық тығыз орналасқан Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары және Шымкент қаласы сынды өңірлерден жұмыс күшін тартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар келешекте халықаралық келісімдер болған жағдайда бір елден екінші елге жұмысқа орналастыру жоспарланған.
Қазіргі таңда Ақмола облысы кәсіпорындарына шамамен 10 000 жұмысшы керек. Атап айтқанда, 2018 жыл қараша айында Өңірлік кәсіпкерлер палатасы 250 ақмолалық компанияға жүргізген мониторинг бұл кәсіпорындарда 2000 бос жұмыс орны барын көрсетті.
«Жоба бірегейлігі оның әлеуметтік функциясында. Елбасы өз Жолдауында қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі, әл-ауқатының дамуына басымдық береді. Әлеуетті жұмысшыларға бос жұмыс орындардың кең ауқымы таңдауға беріледі, ал жұмыс беруші біліктілігі түрлі деңгейде жұмысшылар пулын ала алады. Еңбек миграциясы бизнес дамуының тиімділігіне әсер етеді, демек, салық түсімдері артады. «Kásip-kz» жұмысшыларды кәсіпорындарға орналастыру арқылы оқу орталықтармен ынтымақтастықта болады», – деді ӨКП директоры Тимур Нақыпбеков.
Айта кетелік, Жұмыспен қамту агенттіктердің деректер базасында бос жұмыс орындары мен іздеуге көмектесушілер туралы қажетті ақпарат бар. Жұмыспен қамту агенттіктеріөтініш берушілерге Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының мәселелері бойынша кеңес береді, жұмысқа тұру және еңбек делдалдығына қатысты ақпарат ұсынады. Осы мақсатта Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында «Kásip-kz» платформасының «бір терезесі» құрылған. Келешекте деректердің онлайн базасы іске қосылмақ.
Тұсаукесер аясында жоба серіктестері – Ақмола облысының әкімдігі, Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасы, Жұмыспен қамту орталықтары арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Айта кетелік, 2017 жылдың желтоқсан айында «Атамекен» ҚР ҰКП жұмыспен қамту орталықтарының кейбір қызметтерін жеке агенттіктерге беру туралы заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша бастама көтерді. Қазіргі таңда Қазақстанда 70 тіркелген жұмыспен қамту агенттік бар, олардың басым бөлігі ірі қалаларда жұмыс істейді.
«Kásip-kz»танымал мамандарды кәсіби іріктеу және ілгерілету жүйесін пайдаланатын бірінші өңірлік жекеменшік агенттігі болады.
Таныстырылым барысында «Гормолзавод» ЖШС, «Тыныс» АҚ, «КАМАЗ-Инжиниринг» АҚ, «КАИК» АҚ, «ЕПК «Степногорск» АҚ кәсіпорындары Ақмола облысы ӨКП және «Kásip-kz» жұмыспен қамту агенттігімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойыды.
А. Оралқызы