Балаларды латын қарпіне гаджет көмегімен қалай үйретуге болатынын қостанайлық бағдарламашы Ілияс Әзелханов ойлап тапты. "Жас кәсіпкер" жастар жобасының түлегі әдемі әліппені қосымша шынайылық принципі бойынша салып шықты. Смартфон экранын кітапқа жақындату арқылы бірнеше тілде дыбысталған анимациялық сурет шығады.
"Бұл қосымшаны әріптесім Зарина екеуміз әзірледік. Әліппені де өзіміз салдық. Осындай ойын формасындағы әліппені жаттау оңай болады. Оның үстіне латын қарпіне өту науқаны жүріп жатыр, демек бизнес-идея өтімді. Мектептермен, балабақшалармен ынтымақтасуды жоспарлап отырмыз", – деді Ілияс.
Қазіргі таңда жігітке білім беру өнімін ары қарай ілгерілетуге қаражат қажет. Осы мақсаттарға Ілияс 200 АЕК көлемінде мемлекеттік грант алуға ниетті. Мемлекеттік грантты алуға құқықты болашақ кәсіпкер "Жас кәсіпкер" жобасына қатысу арқылы алды.
"Біздің әліппе баламалармен салыстырсақ, айтарлықтай арзан тұрады. Қағаз борлы емес, бірақ бала оны байқаусызда жыртып қойса, ата-анасы қатты уайымдамайтын болады", – дейді Ілияс.
Естеріңізге салсақ, "Жас кәсіпкер" – халық арасында кең танылған "Бастау" жобасы негізінде құрылған оқу жобасы. Оған 18-29 жас аралығындағы жұмыссыз жастар қатыса алады. Сертификат алған соң түлектер жеке кәсіп ашуға грант немесе жеңілдікпен несие ала алады.