- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- «Ы.Алтынсарин – 2015»...
«Ы.Алтынсарин – 2015» олимпиадасының жеңімпаздары анықталды
10 сәуір күні Қыздар университетінде республикалық «Ы. Алтынсарин - 2015» пәндік Олимпиадасының грант иегерлері анықталып, жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болып өтті.
Естеріңізге сала кетсек, республикамыздың мектеп бітірушілері арасында өткізілген пәндік олимпиада ақпан айының аяғында еліміздің жеті бірдей облысында, атап айтқанда Алматы қаласында; Алматы облысының Талдықорған, Жаркент қаласы мен Райымбек ауданының Кеген ауылында; Жамбыл облысына қарасты Тараз қаласы мен Қордай ауданында; Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент және Түркістан қаласында; Қызылорда облысының Қазалы, Жаңақорған, Қармақшы аудандарында, Қызылорда қаласында; сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысының Семей және Өскемен қаласында және Қарағанды облысы бойынша Қарағанды қаласында; сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысының Орал мен Атырау қаласында өткен болатын. Олимпиада сегіз пән бойынша өткізілді: қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, физика, биология, география, дүниежүзі тарихы және химия. Білім сайысының ең жоғарғы көрсеткіші - 100 балл. Дәстүрге айналған шара 2012 жылдан бері оқу орынның басшысы Нөкетаева Динар Жүсіпәліқызының бастамасымен өткізіліп келеді. Шараның басты мақсаты - республикамыздың талантты жастарын айқындап, қолдау көрсету, дарынды жастардың өз қабілеттерін жүзеге асыруына көмектесу, мектеп бітірушілеріне мамандық таңдауға көмектесу, дарынды талапкер қыздарды Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне тарту болып табылады. Олимпиаданың бірегей ерекшелігі – оған тек қана қыз балалар қатысады.
«800-ге жуық қатысушы олимпиаданың деңгейінен өтіп ҚазМемҚызПУ-дың оқу төлемақысына 10% жеңілдікке құқық беретін сертификаттармен марапатталады. Биыл олимпиадаға қатысуға еліміз бойынша 4000-нан аса мектеп бітіруші түлектер ниет білдірді. Биыл әр пән бойынша ректор грантына 24 оқушы ие болды. Айта кетейік, өткен жылы химия пәнінің қосылуына байланысты грант саны 21-ден 24-ке өсті», - дейді ұйымдастырушылар.
Жиынды университет ректоры Динар Нөкетаева ашып, барша жүлдегерлерді жеңістерімен құттықтады. Оқу орын басшысы мектеп түлектерін университет тарихымен, оқу орынның мүмкіндіктерімен таныстырып, жеңімпаздардың Қыздар университетінің студенттері болатынына сенім білдірді. Сондай-ақ, түлектерге Ұлттық Бірыңғай Тестілеуден сәтті өтуін тілеп, дипломдарды салтанатты түрде табыс етті.
Шара аясында келушілер университеттің кампустарын, кітапхана мен спорт кешендерін, сондай-ақ «Ақтұмар» мұражайын аралап көріп, арнайы дайындалған көрме мен концерттік бағдарламаны тамашалады. Шараның жабылу салтанатына олимпиада қатысушылары, ата-аналары мен ұстаздары, сондай-ақ университет ұжымы мен студенттері қатысты.
Байқаудың қорытындысы бойынша биыл жеңімпаз атанған 24 оқушыны жеңістерімен құттықтай отыра, төменде жүлдегер атанған қатысушылардың тізімін ұсынамыз:
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша:
1-дәрежелі дипломның иегері - Мейіркамал Алуа Мейіркамалқызы, ОҚО, Бәйдібек ауданы, Мыңбұлақ ауылы, «Бөген» жалпы орта мектебінің түлегі;
2-дәрежелі диплом иегері - Қалкөз Ақжұлдыз Жомартқызы, Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, №110 мектеп-лицейдің түлегі;
3-дәрежелі диплом иегері - Қылышбай Гүлістан Ерболқызы, Орал қаласы, Ә. Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейдің түлегі.
Орыс тілі мен әдебиеті пәні бойынша:
1-дәрежелі диплом иегері - Сәрсенова Әлия Құралбайқызы, Алматы облысы, Қарасай ауданы, Алмалыбақ орта мектеп-гимназиясының түлегі;
2-дәрежелі диплом иегері - Мұрат Арайлым Мұратқызы, Қызылорда қаласы, №112 орта мектептің түлегі;
3-дәрежелі диплом иегері - Шин Татьяна Сергеевна, Қызылорда қаласы, Ж. Нүрсеитова атындағы №233 орта мектептің түлегі;
Дүниежүзі тарихы пәні бойынша:
1-дәрежелі диплом иегері - Әлмахан Назерке Қалыбайқызы, Қызылорда қаласы, №261 орта мектептің түлегі;
2-дәрежелі диплом иегері - Қатият Қымбат Жұмажанқызы, Орал қаласы, №1 жалпы білім беретін мектептің түлегі;
3-дәрежелі диплом иегері - Алдыбекова Малика Камаловна, Алматы қаласы, Жетісу ауданы, №2 жалпы білім беретін мектептің түлегі.
География пәні бойынша:
1-дәрежелі диплом иегері - Мамытова Айжан Алтайқызы, Шымкент қаласы, №7 Қ. Сыпатаев атындағы мектеп-лицейдің түлегі;
2-дәрежелі диплом иегері - Умарова Айжамал Төлеуғалиқызы, Алматы қаласы, №177 жалпы білім беретін мектептің түлегі;
3-дәрежелі диплом иегері - Шаймерден Перизат Берекетқызы, Қызылорда қаласы, №4 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың түлегі.
Биология пәні бойынша:
1-дәрежелі диплом иегері - Арықбай Аяна Мұратбайқызы, Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Б. Бөлтірікова атындағы №4 орта мектептің түлегі;
2-дәрежелі диплом иегері - Тайлакова Эльмира Мұханқызы, Шымкент қаласы, №25 Т. Рысқұлов атындағы мектеп-гимназияның түлегі.
3-дәрежелі диплом иегері - Мейтиева Эсмира Хожимахмудовна, Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Б. Бөлтірікова атындағы №4 орта мектептің түлегі.
Физика пәні бойынша:
1-дәрежелі диплом иегері - Сәрсенғалиева Гауһар Сәрсенғалиқызы, Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, №137 орта мектептің түлегі;
2-дәрежелі диплом иегері - Жакатаева Гүлнәзік Бақытжанқызы, Орал қаласы, А. Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназияның түлегі;
3-дәрежелі диплом иегері - Нұрмахамбетова Әйгерім Калиоллақызы, Орал қаласы, №25 жалпы білім беретін мектептің түлегі.
Ағылшын тілі пәні бойынша:
1-дәрежелі диплом иегері - Мэлс Мадина Ержанқызы, Тараз қаласы, Облыстық «Айша-бибі» атындағы дарынды қыз балаларға арналған қазақ-түрік мектеп-интернатының түлегі;
2-дәрежелі диплом иегері - Мухамедова Аида Болатовна, Семей қаласы, №11 мектептің түлегі;
3-дәрежелі диплом иегері - Акишева Яна Юрьевна, Семей қаласы, №40 орта жалпы білім беретін мектептің түлегі.
Химия пәні бойынша:
1-дәрежелі диплом иегері - Асқар Тоғжан Асқарқызы, Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, №249 мектеп-лицейдің түлегі;
2-дәрежелі диплом иегері - Көпжасар Тоғжан Нұрланқызы, Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, №249 мектеп-лицейдің түлегі;
3-дәрежелі диплом иегері - Жамбылбай Нарқыз Жамбылбайқызы, Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Қ. Баймағанбетов атындағы №42 орта мектептің түлегі.
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінде 70 жылдық тарихы мен тәжірибесі бар бірегей Қыздар университеті халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетті мамандар даярлайтын жоғары оқу орындарының бірі. Университет мемлекеттік лицензия негізінде педагогикалық кадрларды 43 мамандық бойынша бакалавр, 22 мамандық бойынша магистратура, 4 мамандықта PhD докторларын даярлайды. Еліміздің түкпір-түкпіріне педагог мамандарды даярлайтын киелі шаңырақта қазіргі таңда 700-ден астам профессор-оқытушылар жұмыс жасайды. Жылдан-жылға профессор-оқытушылар әлеуеті жоғарылауда.
Оқу орны - 70 жыл ішінде 60 мыңнан аса педагог дайындап шығарған киелі шаңырақ. Қыздар университеті Ұлттық рейтинг бойынша педагогикалық жоғары оқу орындары арасында екінші орынға ие. Қазіргі таңда университет шетелдік 31 ЖОО-мен, Франция, Түркия, Қытай, Германия, Польша, Сингапур, Ресей елдерінің озық тәжірибелі университеттермен тығыз байланыс орнатқан. LAMS Ұлыбритания университетімен, Честер университеті мен АҚШ-тағы Миссисипии мемлекеттік университеттерімен қосдипломдық оқу бағдарламасын іске асырып отыр, яғни осы бағдарлама бойынша бітірген студенттер екі диплом ала алады.
Университет алғашқылардың бірі болып кредиттік оқу жүйесіне көшкен, қазірде үш сатылы білім беруді (бакалавриат-магистратура-докторантура) жүзеге асырып жатқан білім ордасы. Оқу сапасы және білім берудегі қызметті көтеру мақсатында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде сапа менеджменті жүйесінің элементтері негізінде автоматтандырылған басқару және білім беру жүйесі жасалынып, «Универ» корпоративтік компьютерлік-коммуникациялық желісі оқу үдерісіне енгізілген.
Тәрбие мәселелері бойынша ғылыми-әдістемелік орталық болып отырған Қыздар университеті студенттік өзін-өзі басқаруға көп көңіл бөледі. Білім ошағында 40-тан аса студенттік ұйым мен клуб бар. Студенттер үшін «Хабаршы» ғылыми журналы, «Алашшыл жас» жастар журналы, «Қыздар университеті» газеті, «Қыз Жібек» студенттік газеті, Кіші ғылым академиясы, «Тек қана қыздар» көңілді тапқырлар клубы, ұлт аспаптар оркестрі, хор, елімізге әйгілі «Айгүл», «Ұлар», «Томирис» ансамбльдері, «Өнер-жастан» опера студиясы жұмыс жасайды. Айта кетейік, республика көлемінде үлкен резонанс тудырған, аруларымызға арналған танымдық «Қыз Жібек» клубы да республикада алғашқы болып университетімізде жұмыс жасап келеді.
Университет қабырғасындағы әр күн, әр сағатты оқумен, ізденіспен өткізіп, заман талабына сай, әлемдік бәсекеге қабілетті маман болып шығуға барлық жағдайлар жасалған. 1 миллионнан аса кітап пен 700 мыңға жуық электрондық оқулықтары бар бай кітапхана бар. Ғаламтор желісі тегін қызмет көрсетеді. Барлық оқу корпусы мен жатақханаға WI-FI желісі тартылған. Спортпен айналысуға да барлық жағдайлар жасалған.
Бір сөзбен айтқанда, елімізде ғана емес, ТМД елдері арасындағы жалғыз қыздарға арналған университет тегін жатақханамен, тегін тамақпен, тегін интернетпен, заман талабына сай оқу базасымен, зертханалық құрал-жабдықтармен, бай кітапхана қорымен қамтамасыз етілген.
Қ. Бүйенбай