Республикалық «Жас Ұлан» әскери мектебінде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы Астана қаласындағы Зияткерлік мектептерімен бірге «Bookcrossing» кітап алмасу акциясын өткізді.
Жоба аясында республикалық әскери мектеп оқушыларына қазақ, орыс және ағылшын тілінде жазылған 300-ден астам кітап даналары тапсырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Республикалық «Жас Ұлан» әскери мектебінде ұйымдастырылған іс-шарада жиналған қонақтарға жас сарбаздар және Астана қаласындағы Зияткерлік мектептің оқушылары арнайы даярланған концерттік бағдарлама ұсынылды. Онда сахнада өнер салған оқушылар келген қауымды алдымыздағы айтулы мерейтой - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығымен құттықтап шықты.
"Өмірімізде қиын мәселелерді шешу барысында, алдыменен жақындарымыздың тәжірибесіне сүйеніп сұрақтарға жауап іздейміз. Ал одан соң өзіміз ұнататын кітап кейіпкері қалай жасар еді деп ой-толғау жүргіземіз. Өйткені әдебиет парақшаларында әрдайым өмірде кездесетін маңызды сұрақтарға жауап табылады. Кітап оқу барысында дүниетанымымыз кеңейіп, өмірлік тәжірибеміз жинақталады. Биыл біз бұл жобаны әскери мектептерден бастағанымыз кездейсоқ емес. Өйткені бұл мектептің ұстаздары және біз осында оқып жатқан балалар, яғни келешектегі Отан қорғаушыларымыз, Қазақстан армиясының беделді азаматтары болып өсуіне тілектеспіз. Еліміздің тыныш болғаны Сіздердің арқанызда. Бізбен бірігіп жұмыс жасап, қолдағаныңыз үшін үлкен алғысымызды білдіреміз. Сіздерге табыс тілеп, осында жиналған баршаларыңызды Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!", - деді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова.
Келесі құттықтау сөзі Ұлттық қорғаныс университетінің генерал-майоры Асхат Рыспаев пен әскери мектептің басшысы, полковник Мұхтар Майкеевке берілді. Олар Зияткерлік мектептер басшылығына алғысын білдіріп, Астана қаласындағы Зияткерлік мектепте оқудан өткен 30-дан астам ұстаздар бүгінгі таңда әріптестерімен тәжірибе алмасып, үйренген әдістер мен тәсілдер оқу үрдісінде кеңінен қолданыс тапқанын айтып өтті. Сөз соңында Республикалық әскери мектеп басшысы, полковник Мұхтар Жалелұлы Күләш Ноғатайқызына алғыс хат пен «Жас Ұланның» ресми танымбелгісін тарту етті. Осы сәттен бастап Назарбаев Зияткерлік мектептері ресми түрде «Жас Ұлан» қауымдастығының мүшесі мәртебесіне ие болды.
Кездесудің екінші бөлімінде әскери мектеп басшылығы мекеме бойынша экскурсия жүргізіп, қонақтарды оқу үрдісінің ерекшелігімен, ұландардың жетістіктерімен және генерал С.Қ.Нұрмағамбетов атындағы әскери мектеп тарихымен таныстырды. Қонақтар назарында мектептегі Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы маңызды оқиғаларын құрайтын арнайы залы ерекше әсер қалдырды.
Өз кезегінде Астана қаласындағы Зияткерлік мектептердің кітапханашылары оқушылар арасында «Кітап атауын тап» танымдық ойынын өткізді. Ойын барысында оқушылар іс-қимыл мен ым арқылы танымал кітап кейіпкерлерін көрсетті.
Кітап саяхаты - Назарбаев Зияткерлік мектептерінің негізгі дәстүрлерінің бірі. «Вookсrossing» жобасы аясында еліміздегі Зияткерлік мектеп қызметкерлері, оқушылары және олардың ата-аналары ауыл және қалада орналасқан жалпы білім беру мекемелеріне қазақ, орыс және ағылшын тілінде жазылған көркем, ғылыми-көпшілік әдебиеті мен энциклопедия жинақтарын тарту етеді. Оның негізгі идеясы - оқушы өзіне ұнаған кез келген бір кітапты алады, бірақ орнына басқа екі кітап әкеліп қою тиіс. Өскелең ұрпақтың арасында кітап оқу мәдениетін тәрбиелеу, оқуға қызығушылықты арттыру мақсатымен ұйымдастырылатын жоба, Зияткерлік мектептер арасында іске-асырылатын «Қоғамға қызмет ету» жобасының маңызды бөлігі болып табылады. Өз кезегінде бұл тәжірибе мектептер арасындағы байланысты нығайтып, еліміздің білім беру мекемелерінің кітапхана қорын толықтырып, жаңартады.
«Вookсrossing» әлеуметтік жобасы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің желісінде 2010 жылда бастау алады. Осы уақыт ішінде еліміздегі жалпы білім беру мекемелеріне 15 000-нан астам кітап даналары тапсырылды. Бүгінгі таңда Алматы қаласының Зияткерлік мектептері Алматы қаласындағы әскери мектепке осы акция аясында сапар шекті. Демалыс күндері Шымкент және Қарағанды мектептерінің кітапханалары жаңа кітаптармен толықтырылады. Ал желтоқсан айында еліміздегі Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары облыс пен аудандық ауыл мектептеріне барып, өздері оқыған кітаптарын тарту етеді. Кітаптың ішіне оқушылар аталған кітап туралы ой-пікірін, алған әсерін жазып, кітаптың келесі оқырманына арнаған ұсыныстарын қалдырады. Осындай тәжірибе арқасында Кітап саяхатшысының сөресі әрқашан кітапқа толып, жаңарып отырады.
Дереккөзі: ҚазАқпарат