Ұстазым «Қыз баласы үнемі таза жүруі тиіс, оған артық қылық жараспайды» деп бізді жақсы істерге баулып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға шақыратын. Дәл қазір 11 сыныпта оқимын. Грантқа түсе алмаған жағдайда әке-шешемнің қанша жерден оқытқысы келсе де, ақшалары жетпейтіндігін жақсы білемін. Сол себепті барымды салып оқып жүрмін. Айтайын дегенім бұл емес, жақын күндерде басымнан өткен жайсыз оқиға еді.
Айсұлу апай сабақ өтіп жатқан кезде сыныпқа мектебіміздің тәрбиешісі медбикемен бірге кіріп келді. Бірден басымызды, көйлегіміздің жағасын тексере бастады. Неге екені белгісіз, медбике жаныма келген кезде қатты сескеніп, қызарып кеттім. Тәрбиеші Маржан апай да жақындап келіп, «битбастар шығыңдар сыныптан" деп дауыстап айтты. Ол кісі үшін мұның қарапайым ескертумен тең екенін білемін. Алайда үлгілі оқушылардың бірі бола тұра битті жұқтырып алғаныма қатты қапалымын. Қазір үйде түрлі шараны қолданып жатырмын. Оны жақын құрбымнан жұқтырып алған сыңайлымын. Бәрінен бұрын енді мектепке қалай баратынымды, сыныптастарымның көзіне қалай қарайтынымды білмеймін. Тіпті, менен бір сыныпта оқитын жігітіме де не айтарымды елестете алмаймын. Өтініш, маған кеңес беріңіздерші.
Автор: Құпия оқушы
Редакциядан: Құрметті оқушылар мен ата-аналар! Мектеп қабырғасында біреудің басынан өткізкен оқиғасы - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Сол оқиғаны жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді досыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген оқиғаны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massaget.kz@gmail.com
Сурет: massaget.kz