Мектептің жүрегі – ұстаз. Ол бір ұлтты, тұтас халықты тәрбиелейтін ұлы тұлға. Ұстаздық — мамандық атаулының төресі. Олай дейтін себебіміз, кез келген адам шәкірт бола алады, бірақ кез келген адам ұстаз бола алмайды.
Ұлы мамандық иелері ұстаздардың еңбегін тек оқушылар ғана бағаламаған, олардың алдында небір тұлғалар, тіпті бүкіл адамзат бас иген. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Алдымызда ұстаздар мерекесі келе жатыр. Осы мерекенің тарихын бірі білсе, бірі біле бермейді. Дүниежүзілік ұстаздар күні 1994 жылдың 5 қазанында тойланған. Негізінен 1965 жылдан бастап Кеңестік Социалистік Республикалар Одағында бесінші қазанға бекітілген екен. Алайда 1980 жылдың 1 қазанында КСРО-ның Жоғарғы Кеңес Президиумының жарлығы бойынша «мұғалімдер күні» қазан айының бірінші жексенбісіне қойылды. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін де Қазақстан, Әзірбайжан, Белорусия, Қырғызстан, Латвия және Украина елдері бұл мерекені қазан айының алғашқы жексенбісінде тойлап жүр. Яғни, алғашқы аптадан бастап мерекені атап өтеді.
Жақсылықтың ерте-кеші жоқ. Қазірдің өзінде мектептерде ұстаздар күні тойланып, оқушылар қауымы құшақ-құшақ гүлдерімен бірге ыстық-ыстық лебіздерін білдіріп жатқаны анық. Біз де осы мерекеге үн қосуды жөн көрдік.
Қымбатты да қадірлі ұстаздар! Сіздерді келе жатқан төл мерекелеріңізбен құттықтаймыз. Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам – мұғалім. Сіздер диқан секілді жансыздар. Диқан жерге азық дәнін сепсе, сіздер адам жанына білім, ізгілік дәнін себесіздер.
Ақынды да, батырды да, алыпты да, дананы да ұстаз тәрбиелейді. Мұғалімі қандай болса елдің қоғамы да сондай болмақ делінген бұлжымас заңдылық ертеден-ақ белгілі болды. Адамзат өркениетінің даму тарихында жақсы мектебі мен мұғалімдері бар мемлекет қана озып шыққан.
Ұстаздық жолында шаршамай, талмай қызмет етіп жүрген сіздер қандай құрметке де лайықсыздар. Қызығы мен шыжығы көп бейнеттеріңіз ақталсын. Əрбір атқан таңдарыңыз қуанышқа, батқан күндеріңіз шаттыққа толы болсын. Шәкірттеріңіз сіздер жетпеген биік белестерді бағындырсын деген тілек айтамыз. Осындай атаулы мереке күні осы бір аяулы қызмет иелерінің еңбегіне тың табыстар мен жаңа жемісті белестер тілейміз!