Ұрпақ тәрбиелеудегі ұстаз маңызы

Ұрпақ тәрбиелеудегі ұстаз маңызы
Фото: Baq.kz

Адамның барлығы тұлға болып қалыптасады. Қалыптасу жолында түрлі кедергілерді өткеруі мүмкін. Оның  жетілу жолында маңызды адамдардың әсері болатыны да белгілі. Олар: ата-ана, ұстаздар, қоғам. Осылардың ішіндегі ұстаз есімінің маңызы тіпті жоғары.  Кез келген адам оқушылық кезеңді басынан өткереді. Барлық адам партада отырып, ұстаздың алдынан өтеді. Тұлға болып қалыптасқан және тұлға болу жолында қалыптасып келе жатқан екі адамның арасындағы қарым-қатынас қандай болады? Ұстаз бен оқушы арасында сыйластықтан өзге не болуы керек? Шын мәніндегі ұстаз образы қандай?

Ұстаздық етудің білім жолында психология, педагогика, философия, әлеуметтану, этика тағы да өзге сабақтардың арнайы курс бойынша өтілетіні белгілі. Осы сабақтардың тек қана зерттеу нысанын оқумен шектеліп қоймай, игеруге қажетті барлық жағын жан-жақты меңгеру қажет. Себебі, ұстаздық жолында  оқушымен дұрыс қарым-қатынас орнату үшін аталмыш пәндердің теориясын тәжірибе жүзінде жақсы қолдана білген жөн. Бала психологиясы – күрделі құбылыс. Оған білімнен бұрын мейірім маңыздырақ. Мейірім, қамқорлық арқылы баланың білім алуына жол ашылады. Қаншалықты өз ісіңіздің майталман маманы болғаныңызбен де адами құндылықтар бірінші бағаланатынын естен шығармау керек.

Ұстаз алдындағы оқушымен ата-ана ретінде де, құрбы-дос ретінде, ақылшы ұстаз ретінде де қарым-қатынас орната алса, ол оның еңбек жолындағы басты жетістігі. Оқушының да өзіндік пікірі болады. Сол тұрғыда жеке көзқарасы  қалыптасады. Әр баланың жеке пікірімен санаса отырып, оның ынта-жігерін ояту – ұстаздың міндеті. Егер сіз өзіңізді жақсы ұстазбын деп есептесеңіз, сапалы білім берумен қатар, салиқалы ұрпақтың қалыптасуына да еңбек сіңіруге тырысыңыз. Дәстүрлі түрде сабақ өткізумен қатар, қоғамдық рухани білім беруді де қолға алыңыз. Жастарды толғандырып жүрген немесе ой салатын тақырыптарда түрлі іс-шараларды ұйымдастыра біліңіз. Өзіңіздің де жас болғаныңызды, студент болғаныңызды, оқушы болғаныңызды естен шығармаған жөн. Өмірлік тәжірибе мен бағыттық білімнің айырмашылығы жер мен көктей. Бағдарлы білімді арнайы тапсырмалар арқылы, әлеуметтік желінің көмегімен, тіпті болмаса көшіру арқылы меңгере алады. Алайда ұстаздық керекті  ақылды еш жерден таппайды. Өйткені іздемейді де. Оны сіз өз тәжірибеңізбен бөлісе отырып жеткізуіңіз керек.

Ұстаз бен студент, мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынаста  белгілі бір шекараның болғаны дұрыс. Бірақ ол жеке мәселеде немесе арнайы дүниелерде ғана болуы тиіс. Басқа уақытта сізбен қалаған уақытында тілдесетіндей, қалаған уақытында сыр-сұхбат құратындай, білмейтін дүниені еркін сұрай алатындай, кейде тіпті бір шыныаяқ шәй ішетіндей дәрежеде қарым-қатынас орнауы шарт. Әрине, бұл біздің болмысқа сай келмеуі мүмкін. Біздің қазақы менталитетке жат дүние болып көрінуі де мүмкін. Десе де, бүгінгінің білім бағдары осындай нәрселерді қажет етеді. Заманның талабы сондай. Қоғамның қазіргі оқушылары мен студенттерінің көңіл қалауы да осындай. Сол себепті де көштен қалмай, барлық жақсы да игі қасиеттерді игере алуымыз керек. Сонда ғана сапалы білімді игерген салиқалы ұрпақты тәрбиелеп шығара аламыз.

Иманалиева Ғазиза

 

Ә. Жутаева