Мектеп қабырғасында білімді толыққанды бермейді. Бұл жайында алдыңғы ақпараттарда айтқан едік. Мектеп сізді тәрбиелеуші және білімнің алғы шарттарын үйретуші. Ал сол алған білімді өмірде жүзеге асыру арқылы тәжірибені қалыптастырасыз. Тұлға болғыңыз келе ме? Жақсы азамат болып өсу арманыңыз болса, оқушыларға арналған кеңестерге назар аударыңыз.
Адамдар туғаннан бірдей емес
Адам баласы туғаннан психологиялық, физикалық, әлеуметтік жағынан бірдей емес. Әрбір адам жеке дара болып туады. Бірі қабілетті, бірі қабілеті ашылмаған. Біреуі туа салып өмірдің қатал сындарына жауап бере алады. Ал бірі жүре үйренеді. Сіз біреуге, ол сізге ұқсауға міндетті емес. Өз ойыңыз, өз арманыңыз бар. Іштей «мен неге ол болмадым, мен неге олар секілді оқымадым» деп өзіңізді жемеңіз. Бәрін өзіңізден бастаңыз.
Өмір және қоғам әділетті болмайды
Иә, өмір және қоғам әділетсіз. Тіпті әділетті болуға міндетті емес. Өмір, соның ішінде мектеп, білім алу сізге берілген керемет мүмкіндік. Ал оны дұрыс пайдалану және жүзеге асыру сіздің ісіңіз. Мойындаңыз және істеңіз. Тоқтамаңыз! Әділеттілікті өзіңіз жасаңыз және өзге де жасауына үйретіңіз.
Елдің сенде жұмысы жоқ
Біреу немесе біреулер үшін өмір сүрмеңіз. Себебі олардың сізге уақыты жоқ. Сіз ел үшін өмір сүремін деп ештеңеге жете алмайсыз. Өйткені өзіңіз үшін ештеңе жасап үйренген жоқсыз. Өзіңізді жақсы көріңіз, өзіңізден бастаңыз.
Мектеп бітіргеннен кейін бірден тұлға болып кетемін деу – ақымақтық
Мектеп бітіру азамат болып кеттіңіз немесе тұлға болып қалыптастыңыз деген сөз емес. Сізді тұлға қылатын – өмірлік сабақтар. Сынақтардан сүрінбей өтуге дайын болыңыз. Мектептегі білім мен бақытты бал өмір ешқандай да абырой әкелмейді. Мектеп тек сізге беруші ғана. Ал алушы ретінде әрі қарай талпыну, жетістікке жету, өмірден орын табу – бұл, міне, нағыз жеңіс.
Арыздана бермеңіз
Мектептегі білімге, ұстазға, оқушыларға арздана бермеңіз. Олардың ештеңесі кетпейді. Себебі білімді ала алмаған өзіңіз кінәлі болып қала бересіз. Жеңіске жетсеңіз – жақсысыз, жеңілсеңіз – жамансыз. Сондықтан бәрі жақсы болу үшін жеңіске жету керек. Ол үшін өз алдыңызға ізденіңіз.
Өмірде демалыс жоқ
Мектеп қабырғасында жүрген кезде үш айға жазғы демалысқа кетесіз. Сергіп, ауылға барып, шет ел аралап марқайып қаласыз. Ал өмірде ол жоқ. Өмірде бәрі тынымсыз еңбек етеді. Демалуға уақыт бермейді. Оған да осы бастан дайын болыңыз.
Аталған кеңестерді көкірек көзімен түйсініңіз. Сол кезде сізден нәтиже шығады.