- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Тіл туралы өлеңдер...
Тіл туралы өлеңдер
Санаулы күн қалған тілдер мерекесіне орай еліміздің түкпір-түкпіріндегі мектептерде мерекелік кештер өткізіледі. Соған байланысты тіл туралы бірнеше сценарий ұсынған едік. Бүгін тіл туралы ғаламтор беттерінде жарияланбаған қазақ ақындарының өлеңдерін ұсынбақпыз.
Үйретеді кім оған ана тілін
Қызғалдақтай атылған қара түрін,
Ата-ананың дегендей қанатымын.
Сен екеуің сөйлейсің басқа тілде,
Үйретеді кім оған ана тілін?
Сол емес пе күні-түні қарайтының?
Бақытына өміріңнің балайтының.
Інім, өзің сөйлейсің, басқа тілде,
Үйретеді кім оған Абай тілін?
Ол да өзіңдей дегбірсіз күтті әр күнін,
Ер жеткен соң өмірдің құптар құнын.
Басқа тілде сөйлейсің інім өзің,
Үйретеді кім оған Мұхтар тілін?
Үйретеді кім оған қазақ тілін?
Еркін құстай елім де азат бүгін.
Жаманбыз ба сонша біз, ойлашы өзің,
Шылауында кетердей боз аттының.
Саған айтам қазақтың қара көзі,
Басталды ғой заманның жаңа кезі.
Үйрет оған өз тілін, ана тілін,
Басқа тілді үйреніп алады өзі.
Тұманбай Молдағалиев
Тіліңді қорға, қазағым
Тіл – ұлтымның тірегі,
Таңдатпай тағдыр жолдаған.
Тіл – ұлтымның жүрегі,
Лүпілін Алла қолдаған.
Тіл – Қорқыттың арманы,
Асан Қайғы өрлеткен.
Тіл – Абай сөз орманы,
Бұталы тармақ ер жеткен.
Жүдесе жүрек хал бітер,
Жабылар озар жүйріктен.
Тілің тозса, әл кетер,
Сеп болмай қолда биліктен.
Мән берсең әрбір сөзіме,
Жан айқайын жазамын,
Өз қолың жетсе өзіңе,
Тіліңді қорға, қазағым.
Тіл десе түсер ауызға,
Қаз дауыты Қазыбек.
Айналған аты аңызға,
Мәмлегер әділ қазы боп.
Бергені тағдыр ғаламат,
Төле бидей дананы.
Әр сөзін етті аманат,
Жоңғарлар қысқан заманы.
Үшеудің бірі тең түскен,
Бар Әйтеке биіміз.
Ұтымды сөзбен кең пішкен,
Солардан қалған тіліміз.
Дербес ел салса тезіне,
Аударар тағдыр назарын.
Өз қолың жетсе өзіңе,
Тіліңді қорға, қазағым.
Тіл – Абылай ұраны,
Дербестікке бастаған.
Тіл – Махамбет пырағы,
Сегізі Сері қостаған.
Тіл – «Сарыарқа», «Саржайлау»,
Құрманғазы, Тәттімбет.
Тіл – туған жер, ақ жайлау,
Ақ сүтпен сіңген ақ міндет.
Тіл – Мұхтарды тудырған,
Білсін деп бізді бар ғалам.
Тіл Жамбылды ту қылған,
Жеткенше жүзге сайраған.
Зер салсам Мағжан сөзіне,
Аңқып тұр талай азалы үн.
Өз қолың жетсе өзіңе,
Тіліңді қорға, қазағым.
Тіл – жалықпас мұрагер,
Өлсең де жоқтау арнаған.
Тіл – «шаппай бер» Құлагер,
Алдына өнер салмаған.
Тіл Төлеген ажалы,
Саналы жанды күрсінткен.
Тіл – Қыз Жібек ажары,
Тірі жанды сүйсінткен,
Тіл – үзілмес өз үнім,
Шарықтап құмар қандырған.
Тіл – Ләйлі, біз – Мәжнүн,
Махаббат естен тандырған.
Ұмытып бәрін қалмастай,
Шекпестей қорлық мазағын.
Дәстүрім, ғұрпым қолдаған.
Тіліңді қорға қазағым.
Тіл – тіршілік жалыны,
Қызуы сөнбес от болар.
Ол өшсе өмір сарыны,
Жалынсыз қалған шоқ болар.
Төбеңе қойып төрлетпе,
Өзге тілдің азабын.
Басқа тілде сөйлеспе,
Біріңмен бірің қазағым.
Шәкәрім сөзі қазір де,
Аңдашы, қажет татымын:
«Ұққаның болса, қамың же,
Оңдасын істің ақырын».
Сенейік дана ұстазға,
Көрместей тарих мазағын.
Билік пен қолда күш барда,
Тіліңді қорға, қазағым.
Кәкімбек Салықов
Таң сипатты тіл
Сызылған сұлу таңым елең-алаң,
Қалайша көз жазады сенен адам.
Арайлап қарағанда шың басынан
Тарылған тынысымды терең алам.
Алысқа аттанғанда атам елден,
Алдыңнан таң атсын деп бата берген.
Киелі сол батаның мағынасы –
Қашанда сабақтасып жатады елмен.
Кейде сол сұлу таңды көлегейлеп,
Көңілге үрей салып,
Келер ой көп.
Ана тіл!
Ақ таңымсың арайлаған,
Таңменен мен де бірге келем өрлеп.
Ойларын тілмен толғап ғажап, терең,
Тебірентіп жазылмай ма,
Азапты өлең.
Қасиетті ана тіл, сен жүлдесең,
Елімнің өшпей ме аты қазақ деген.
Біреулер қадіріңді төмендетсе,
Жасырмай қасіретімді төгем көпке.
Аруым, таң сипатты ана тілім,
Жақын тұр өзіңменен төбем көкке!
Марфуға Айтқожа
Тіл туралы толғау
Тілді ажал аузында деп қай кезде
айтуға болады, сол тілде сөйлейтін
жас ұрпақ одан безген кезде.
Дэвид Кристал
Тіл тағдыры – ел тағдыры дегенде,
Жаратқанға жалбарынып сиынад.
Тілі барда одан сірә безіну
Ел ертеңі үшін тұман қиын-ақ.
Мен келемін дүркіретіп өлеңге,
Махамбеттің дуылғасын киіп ап.
Қайда кетті, бөрілі елім, сол заман,
Тарихымыз тектелмесе жұпыны.
Жылдар бойы қанымызбен қорғаған,
Тіліміздің қайда қалды күтімі?
Ордалы ой, ата сөзін қалдырған,
Асылдардың қалды ма аман бүтіні?!
Ұлылығын білмей әдет-ғұрыптың,
Қанша жастар сабылып жүр маңайда.
Біздер үшін шыңға шығу ұлық күн,
Қазақ болып шығу керек қалайда!
Қарау үшін қайрат керек қажымас,
Бейбіт күнмен атқан таңғы арайға.
Кете берер ойға шырақ жағылса,
Болашақтан күн туады, жоқ күдік.
Тілі үшін Тәңіріне табынса,
Жүректерін жалын намыс от тіліп,
Тіл алдында бойымыздан табылса,
Адалдықпен арқа сүйер тектілік.
Осы менің көздегенім, арманым,
Жалын ойым қыз жүректен маздаған,
Ерше айттым дүниенің жалғанын
Ақын деген асаулықпен аздған.
Ұрпағына аманат қып тапсырып,
Тіл туралы тебіренген аз ба адам?!
Асылдардың ұрпағымыз бүтіні,
Шашылғанда бір-бір түйір тарымыз.
Текті елміз қаракөктің тұқымы
Дар алдында әрқашанда арымыз.
Еліміздің түзу ұшсын түтіні,
Қазақ атын шығарайық бәріміз!
Таңбалы тіл тарихымыз тозбасын,
Тіршіліктің қайнап жатқан тезінде,
Басқа түсер бұл өмірде аз ба сын,
Кір түспесін тілге адал сезімге.
Күндес кезбе сыртыңнан көп қазбасын,
Ей, қазағым, тіліңнен еш безінбе!
Мақпал Мыса
@. @assel_assanova