Қазақстан Республикасы халықтарының тілдер мерекесі күніне орай осыған дейін бірнешесценарий ұсынған болатынбыз. Көптік етпес деген ниетпен тағы бір мерекелік сценарийді назарларыңызға ұсынуды жөн санадық.
БАСЫ
2-ж: Ана тілім – ар тілім,
Жанардағы жарқыным.
Жүрегінде сақталған,
Ән – жыры боп халқымның.
1-ж: Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған «Ана тілі» әнін тыңдап, құлақ құрышымызды қандырайық. Әнін жазған Қадырбай Аманжолов, орындайтын Кемеңгертегі Ақтаңгер.
Бір ауыз сөз үйреніпсің бүгін де,
Менің ана тілімде.
Қазақ болып туғаннан соң, бөбегім,
Қазақ болып өлген жақсы түбінде.
Барлық тілді үйренесің сен әлі,
Жігіт болып саналы.
Қайда жүрсең өз еліңді ұмытпа,
Өз еліңнің туын көтер жоғары.
Мен анамды ұғындым деп мақтанам,
Тілін білдім, жырын білдім сақтаған.
Өз анасын сыйламаған пақырлар
Отанын да сыйлап көрген жоқ, балам.
Ұлым менің, бұл сөзіме бағарсың,
Жанар кезде өзің де от боп жанарсың.
Менің қазақ жүрегімді ал, тілімді ұқ,
Ал басқасын өзің тауып аларсың.
2-ж: Жез таңдай әншіміздің күміс көмейінен төгілген әсем әуенге бой сергітіп алған болсақ, келесі кезекті көрініске берейік. (Қатысушылар: Қожанасыр, Хан, уәзірлер, автор).
Автор: Бірде ерігіп отырған Хан Қожаны сөзге тартады.
Хан: Айтшы, Қожа, басқа пәле неден?
Қожанасыр: Тақсыр, басқа пәле – тілден.
Хан: Жоқ, білмедің.
Автор: Хан Қожамен дауласа кетеді. Екеуі ұзақ керілдеседі. Қожаның дұрыс сөзін хан теріске шығара береді. Қожа ашуға мінеді.
Қожа: Өй, өзің сөз түсінбейтін менің көк есегім сияқты бір су ми екенсің.
Хан (қаһарланып): Мынаны дарға асыңдар! (Уәзірлері тұра ұмтылады).
Қожа: Дат, тақсыр! Мен жаңа ғана сізге «Басқа пәле – тілден» деп айтпадым ба? Көзіңіз енді жеткен болар.
( Сөзден жеңілген хан Қожанасырды қоя береді).
1-ж: Ана тілді білмесем,
Шат – шадыман күлмес ем.
Жер бетінде сайраңдап,
Қазақ болып жүрмес ем!
2-ж: Ана тілім қандай әсем!
Ана тілім – бұлақ маған,
Өз тілімде сөлемесем,
Шөлдеп тұрған сияқтанам! – дей келе сіздерге тіл туралы бірнеше сауалдар қойғымыз келіп тұр.
1-ж: Жауап беруге дайынбыз ба?
2-ж: Тіл туралы заң қашан қабылданды? (1989 жылы 22 қыркүйек)
1-ж: Сөздің тілінен ненің тілі шешенірек? (істің тілі);
2-ж: Қазақстанның мемлекеттік тілі? (қазақ тілі);
1-ж: Мемлекеттік ұйымдарда ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылатын тіл? (орыс тілі);
2-ж: «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген сөздің авторы кім? (Н.Ә.Назарбаев);
1-ж: «Тіл туралы заң» неше тарау, неше баптан тұрады? (6 тарау, 27 бап);
2-ж: Жарайсыздар, жас өрендер! Сіздерге ілім үйреткен ұстаздар еңбегі еш кетпеген екен!
1-ж: Асанқайғы, Жиренше
Сөйлеп өткен қазақ тіл.
Әз Жәнібек, Қойлыбай
Сыйлап өткен ғажап тіл.
2-ж: Қуан халқым! Күшіне енді Тіл Заңы,
«Сүйінші»- деп, ақын ұлың жырлады.
Ел елдігі бағаланар тілімен,
Сол арқылы құлпырады гүл бағы!
1-ж: Қайнар Алагөзовтің сөзіне жазылған «Қазақ жастары» әнімен кешімізді қорытындылаймыз! Мерекеден мерекеге есен жетейік, жеңісті күндерде жолыққанша, жастарым!