- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Тіл мерекесіне арналған...
Тіл мерекесіне арналған сценарий
Қазақстан Республикасы халықтарының тілдер мерекесі күніне орай осыған дейін бірнеше сценарий ұсынған болатынбыз. Көптік етпес деген ниетпен тағы бір мерекелік сценарийді назарларыңызға ұсынуды жөн санадық.
1-жүргізуші: Армысыздар, ұлағатты ұстаздар, құрметті оқушылар! Бүгінгі тіл мерекесіне арналған кешімізге қош келдіңіздер!
2-жүргізуші: Туған тілім өзегіммен қуарған,
Биіктесең мен де бірге қуанғам.
Жастығының отын ішіп жанғанда,
Махамбеттер ой семсерін суарған.
1-ж: Сен арқылы келешекке жолданды ой,
Өрбіген көп кең даламда думан той.
Абайдың да ұлы Абай боп кетуі,
Сені ұғынып жүргенінен болған ғой.
2-ж: Махаббатым, өлеңім өзің болып сөйледі,
Бұл екеуі ешқашан да сөнбейді де, өлмейді.
Өзің тілім, ділім де – басқа неге балармын?!
Құт-қасиет дарытқан ақ сүтісің анамның.
Ортада Нұртуғанның «Қанекей тілім сөйлеші» термесімен Қазақбай Данабаев.
Қанекей, тілім, сөйлеші, көрсетіп көпке өнерді,
Қызыл тілім жел сөзге туғаннан-ақ шебер-ді.
Кім тындайды сөзімді болмаса әсем, мәнерлі,
Басы пұлды болады болса жігіт өнерлі.
Дүниедегі жандының бірі – артық, бірі – төмен-ді.
Алма мойын, наз бедеу құмар жігіт мінеді,
Ару ана шал құйрық бірден де-ау бірге келеді.
Балдағы алтын ақ үйрек ерден де-ау ерге көнеді.
Қаражал құлан ақ шұбар су тұнығын біледі,
Алғыр бүркіт мұзбалақ асқар тауда түледі.
Алтайы қызыл ақ тамақ қия шыңда жүреді.
Жігіттің артық абзалы бір Аллаға сенеді.
Қанекей, тілім, сөйлеші, көрсетіп көпке өнерді,
Қызыл тілім жел сөзге туғаннан-ақ шебер-ді.
Кім тындайды сөзімді, болмаса әсем, мәнерлі.
Басы пұлды болады болса жігіт өнерлі
Дүниедегі жандының бірі – артық, бірі – төмен-ді.
Алма мойын наз бедеу құмар жігіт мінеді...
1-ж: Ана тілім – әрекетім азығы,
Бар ғаламды тануымның қазығы.
Ой-санамның өсуінің куәсі,
Ғасырлардың кейінгіге әз үні.
2-ж: Ана тілім бәрін сөйлер шежірем,
Тілсіз нені білдіре алам, не білем?
О, адамдар, қадіріне жетіндер,
Ана тілің – анаң, сыйлап оны өтіңдер.
1-ж: Ана тіліміздің қадіріне қаншалықты жетіп жүр екенбіз, анықтайық. Біз сіздерге қазақ тіліндегі тұрақты сөз тіркестерін айтамыз, сіздер мағынасын табасыздар! Олай болса, бастайық!
2-ж: Аяғын жерге тигізбеді (мақтады, құрметтеді);
Иненің көзінен өткендей (пысық);
1-ж: Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар (әркімнің сүйенері бар);
Бет пердесін ашу (ісін әшкерелеу);
2-ж: Жанын жағасына келтірді (қорқытты);
Көз жазып қалды (жоғалтты);
1-ж: Қаперіне алмады (мән бермеді);
Бит қабығынан биялай тоқыған (шебер);
2-ж: Әп, бәрекелді! Жарайсыздар, балалар! Бәріміз ана тілімізге жетік екенбіз!
1-ж: Айналайын халқымнан,
Айналайын даңқыңнан.
Ана тілдің бағасы,
Қымбат екен алтыннан.
@. @assel_assanova