Тест жұмысы не үшін тиімсіз?

Тест жұмысы не үшін тиімсіз?
Фото: НИШ Атырау

Кен Робинсон — оратор, профессор және білім саласы бойынша халықаралық кеңесші. Жақында New York Times басылымына сұхбат берді.

вв

Сұхбат барысында білім беру жүйесіндегі қателіктер және бүгінде үздік білім саласын қалыптастырған елдер туралы айтылды. Ендеше назарларыңызға Робинсонның ең маңызды ойларын ұсынамыз: 

Финляндиядағы білім сапасы: 
Әрбір мемлекет білім саласын дамыту үшін барын салады. Соңғы он жылдықта сапаны жетілдірудің негізгі стратегиясы ретінде стандарттау, бәсекеге қабілеттілік, сауаттылықты сынақтан өткізу, математикалық қабілет пен жараталыстану ғылымы бойынша білім назарға алынды. Дегемен, бұл стратегия белгілі бір деңгейде ғана пайдасын алып келсе, көп жағдайда ұтылуға себепші болды. 

Финляндиядағы білім саласы әлемдік стандарттан ерекшеленеді және бұл әлемнің үздік білім жүйесін қалыптастыруға кедергі болған емес. Неге? Бұл елде міндетті мемлекеттік бағдарлама жоқ. Мектеп ортақ бағдарлама бойынша жұмыс істейді: математика, тіл, өнер, гуманитарлық және жаратылыстану. Тест арқылы білім деңгейін анықтау мүмкін еместігін ескерген мемлекет басшылығы оны жүйеден алып тастаған. 

Баладан бұрын ұстазға қойылатын талап күштірек. Мектепке мұғалім қабылдау жұмысы бірнеше сынақтан тұрады және мамандығына сәйкес деңгейін көтеру үшін де бірнеше жыл тер төгуі шарт. 

Күйзеліс:
Америкадағы 10 жасөспірімнің 8-і бір оқу жылында орташа немесе ауыр деңгейлі күйзелісті басынан өткереді. Күйзелістің белгілері – бас ауруы, ұйқысыздық, ашушаңдық және ызақорлық. Ал, күйзелістің негізгі себептері:
• Оқу үлгерімі;
• Емтихан алдындағы психологиялық қысым;
• Жоғары оқу орнына түсер алдындағы ата-ана талабы.

Көптеген жасөспірім өздерінің күн тәртібінде уақыттың тығыз болуына шағымданады – олардың бала болып қалуына бос уақыт табылмайды. Өйткені, таңертеңнен түске дейін сабақ, түстен кешке дейін емтиханға дайындық немесе мектепішілік шара, кешке үй жұмысын орындаудан тұратын күн тәртібінде бала болып ойын ойнау, таза ауада серуендеу секілді әрекеттерге орын табылмайды. 

Бұл жағдайда ата-ана не істеу керек? 
Біріншіден, ата-ана баланың күйзеліске ұшырағанын аңғарып, оның қаншалықты қауіпті екенін сараптау керек. 
Екіншіден, демалысқа мүмкіндік беріп өз тарапынан түсіретін қысым мөлшерін азайту керек. 
Үшіншіден, мектеппен тығыз қарым-қатынас орнатуы тиіс. 

Тест жұмысы:
Тест жұмысы – білім беру стандартын жетілдіру үшін енгізілген емтихан бөлімі. Дегенмен, стандарттау стартегиясы тек көңілге қонымсыз бәсекеге, шығынға, оқушылар мен ұстаздар арасындағы күйзелістің өрбуіне және нәтижесі нөлге тең даму үрдісіне алып келді. Неге?

Құрылымдық бағалау – білім беру жүйесінің міндетті бөлімі, ал сараптамалық тест жұмыстарының кей формасы бұл бағалау үшін тиімді болуы мүмкін. Дегенмен, мектеп бітуші түлектер үшін қалыптасқан тест жұмысын құрылымдық бағалау ережесіне сай деп айтуға келмейді.

Бағалаудың шынайы мақсаты – оқу үрдісіне қолдау көрсету және оны дамытумен қатар, білім алушылардың деңгейін анықтау. Ол үшін өзге де емтихан тапсырмаларын қолдануға болады. 

Тест жұмысы не үшін тиімсіз?
Біріншіден, білім деңгейін анықтау мүмкін емес. Өйткені, бала білім үшін емес, тек баға үшін оқуды әдетке айналдырады.
Екіншіден, баланың шешімді қалай табатынын аңғара алмайсыз. Өйткені, бала тек дайын жауапты іздейтін болады.
Үшіншіден, тест жұмысында баланың білімінен гөрі, сәйкес келуі мүмкін ықтималдылық мөлшері арқылы бағалау ережесі іске асады. Баланың оқығаны емес, басқа тақырыбы келуі әбден мүмкін. 

Білім не үшін керек?
Балаға мына әлемді және өзін түсініп, толыққанды тұлға болып қалыптасуына көмектесу үшін білім керек. Ал, білім жүйесінің дұрыс болуы белсенді азаматтың өсуіне септігін тигізеді.

Т. Есқали